Жаңалықтар

АРДАГЕРДІ АСҚАҚТАТҚАН АКЦИЯ

ERA_6744

Жасыратыны жоқ, кейде осындай мәдени бағдарламалар мен байқауларды «саны көп, сапасы жоқ» науқандық іс-шаралардың бірі ғой деп жақтыра қоймайсың… Бірақ бастығың айтқан соң, амал жоқ баруға тура келеді. Оның үстіне, бұл – тікелей өзімізге қатысты қалалық акция!..

Бұл жолы да үйден «Не болса да бара көрерміз» деген оймен көңілсіздеу шықтым…

Есіктен кірер-кірместен көктем күніндей жадырап қарсы алған мектеп оқушыларының жарқын жүзі, акция ашылымына қатысып, концерт көруге келген ардагерлер мен ата-аналардың қуанышты үні ойымды өзгертті.

Қазақ «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Сондықтан екі ай бойы жалғасатын патриоттық бағдарламаның атақ-абыройы ғана емес, барлық жауапкершілігі де мойнына жүктелген Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының директоры Құралай Балғабайқызын әңгімеге тарттық:

«Қалалық Білім басқармасының ұйымдастыруымен өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған дәстүрлі патриоттық акция «Көктемнің шуақты күндері» деп аталады. Бүгін бағдарламаның салтанатты ашылымы. Акция екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – іріктеу кезеңі. Оған мектеп, лицей, гимназия және қала колледждерінің шығармашылық ұжымдары қатысады. Іріктеу жарысының нәтижесі бойынша, екінші, басты кезеңге 7 қойылым жолдама алады. Ең үздік нөмірлер 2015 жылдың 6 мамырында осы арада өтетін мерекелік гала-концертке қатысады.

Сондай-ақ, сарай фойесінде үйірме тәрбиеленушілері мен қонақтардың соғыс ардагерлеріне деген ыстық тілектері жазылатын «Майдан поштасы» жұмыс істейді. Акция барысында «майдан бригадалары» арнайы безендірілген шағын автобуспен соғыс және еңбек ардагерлері тұратын мекен-жайларға барып, оларға «Майдан поштасына» түскен жылы лебіздер жазылған хаттар мен сыйлықтарды табыс етеді…»

Игілікті іске сәттілік тілеп, салтанатты мереке беташарына арнайы шақырылған құрметті қонақтардың бірі, соғыс ардагері Қадан Бекенов ақсақалмен тілдестік. Қадірлі қария: «Балам-ау, несін сұрайсың? Көптен көрмеген құрдастарымызбен кездесіп, аман-саулық біліскеніміздің өзі біз үшін мереке емес пе!»  деді ағынан жарыла.

Иә, қуаныштың үлкен-кішісі болмайды… Бір адамға шаттық сыйлаудың өзі – қандай бақыт!..

Ардагер әңгімесінен кейін «Атына заты сай» дәстүрлі байқаудың бұл жолы да табысты өтетініне біз де шүбәсіз сендік!..

 Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button