Ардагерге құрмет көрсетті

Елордада «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы жалғасып жатыр. Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери қызметшілері 101 жастағы соғыс ардагері Рзағұл Байкешевті Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, сый-сияпат табыстады.
Құрмет қарауыл ротасы бастаған ұландық сарбаздар ардагер тұратын үйдің алдынан шеру жасап өтті. Аулада сап түзеген Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетімділік оркестрі мен әскери қызметшілері соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, қарияны өнерімен тамсандырды. 5573 елордалық бригадасының командирі Аян Есжанов Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың атынан ардагерді Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
– Біз ашаршылықты да, жоқшылықты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Фин соғысы жайында естіп өстік. Ал Ұлы Отан соғысы өзіміздің басымыздан өтті. Сондықтан көпті көрдік деп айта аламын. Бірақ біздің көргенімізді бүгінгі ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Елеп-ескеріп келгендеріңізге көп-көп рахмет, – деді ардагер.
Рзағұл Байкешов 1923 жылдың 18 қарашасында Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында өмірге келген. 17 жасында Қарулы Күштер қатарына қосылған ол Ресейдің Калинин облысында, Рыжов және Великий Луг қалалары маңындағы шайқастарға қатысып, Польша, Румыния, Венгрия елдерін азат етуге атсалысты. Ұрыс даласында жүріп ефрейтор шенін иеленді. Ерлігі мен батырлығы үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және «Маршал Г.К.Жуков» атындағы медальмен марапатталды.
Құқықтық тәртіп әскері көрсеткен құрметке ғасыр құрдасы да өз ризашылығын білдірді.