Қоғам

Ардагерлер алғыс айтады

Есіл ауданында бірнеше жылдар бойы «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» атты жобасы сәтті іске асып келеді. Оның аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, аз қамтылған және жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетілуде.

Осы жобада «Нұр Отан» партия­сының «Бірлік» филиалының төрағасы Абай Бисембаевтың үнемі белсенділік танытып отырғанын ерекше атап өтуге болады. Біздің аудандық кеңес филиал белсенділерімен бірлесіп Жеңіс күніне, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «25 игі іс», қарттар күні мен басқа да айтулы мерекелерге орай бірқатар іс-шара өткізді.
«Бірлік» филиалының бастауыш партиялық ұйымдарына Есіл ауданының 62 зейнеткері бекітілген. Олардың бәріне тұрақты түрде азық-түлік қапшықтары, дәрі-дәрмек, ақшалай көмек және басқа да көмек көрсетіліп келеді.
Ағымдағы жылдың маусым айында Есіл ауданының 15 ардагері Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің іс басқармасына қарасты Медициналық орталығының «Балқаш» ем-сауықтыру кешенінде тегін оңалту емін алып шықты.
«Балқаш» кешенінің басшылары орынға келген уақытта ардагерлердің, «Нұр Отан» партия өкілдерінің және санаторий қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Алғашқы сөз кезегін санаторий директоры М.Т.Шалов, «Медициналық орталық» алғашқы партиялық ұйымы­ның төрайымы А.Қ. Исқақова, «Нұр отан» партиясының Приозерск қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.О. Дюсембаева, «Есіл» ауданының ардагерлер Кеңесінің төрайымы Р.Т. Атығаева, Ұлы Отан соғысының ардагерлері А.М. Ботев, Л.М. Картаузов және тыл ардагерлері К.Т. Омаров, К.А. Таукенов, Т.Б.Құлыяс сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел аяқталған соң, қадір­менді қонақтар концертке шақырылды.
Адамның тірек-қозғалысы жүйе­сін нығайтуға және басқа да аурулардан құтылу үшін санаторийда дене шынықтыру ем залы толық жабдықталған. Емнің сәтті өту үшін әр ем алушыға дәрігер дәрілерді қабылдау процедурасын, тамақтану, ұйқы және демалу бойынша жекелеген тәртібін белгілейді.
Санаторийда ем алған уақыт ішінде медициналық процедуралардан басқа, ардагерлер үшін Балқаш көлінің бойында кешкі уақытта қайықпен серуендеу, Приозерск қаласының «Жауынгер даңқы» музейіне бару, балық аулау, шахмат, бильярд, бассейн, концерттік бағдарламалар және басқа да бос уақытты ұйымдастыру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. Шәмші Қалдаяқовтың сүйікті әндері айтылды, әртістердің өнері мен кинофильмдер көрсетілді.
Әр ардагер туралы деректі фильм түсірілді, үйге оралған соң әрбіріне естелік дисктер таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуы бо­йынша демалыс аталған акция аясында партия мүшелерінің мүшелік жарна есебінен төленген.
Демалыстан оралған ардагерлердің атынан «Бірлік» филиалының атына көрсетілген қамқорлық пен ықылас үшін 83 жастағы ҰОС ардагері, Социалистік Еңбек ері Леонид Картаузов өз алғысын білдірді: «Біздің басымызды қосу – бұл жақсы идея. Осы жерде жиналған қауыммен байланысты жылы естеліктер бар. Үйде отырғанды ұнатпаймын. Мені үнемі мектептерге балалармен кездесуге шақырып отырады. Осындай іс-шараларға үнемі қатысып отырамын. Маған осындай ұсынысты жасағанда, мен қуана келістім. Өйткені бұл жақсы мүмкіндік – ем аласың, дем аласың және жолдастармен кездесесің» деп ағынан жарылды даңқты диқан.
Есіл аудандық Ардагер кеңесінің атынан ғана емес, жалпы зейнеткерлердің атынан «Бірлік» белсенділеріне аға ұрпақ үшін жасаған жақсылығы мен қамқорлығына алғысымызды білдіреміз.
Рысты АТЫҒАЕВА,
Астана қаласы
Есіл ауданының Ардагерлер
кеңесінің төрайымы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button