ӘлеуметДенсаулық

АРДАГЕРЛЕР АЛҒЫСЫН АРҚАЛАЙДЫ

888

Елордамыздағы №4 қалалық емхана көп функционалды мекемелердің бірі болып саналады. Ең бастысы, бұл емхана лабораториялық қызмет көрсететін жаңа заманғы технологиямен қамтамасыз етілген. ІSO 90001-2008 халықаралық сапа сертификатын иеленген мекеменің базасында биылғы наурыз айынан бастап Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оларға теңестірілгендерге медициналық қызмет көрсету бөлімшесі жұмыс істей бастады.

Бүгінгі таңда айтулы бөлімшеде 2830 адам тіркелген. Олардың жартысынан астамы 60 жастан асқандар болса, осында қаралатын 780 адамның жасы 80-нен асып отыр. Біле білсек, арнайы санаттағы азаматтарға қызмет көрсетудің өзіндік ерекшелігі болатыны заңдылық. Өйткені, осы бөлімге келушілердің бірі қиян-кескі соғысты бастан кешкендер болса, енді бірі – Чернобыль апаты мен Семей полигоны радиациясы зардабын тартқандар, әскери қызмет барысында мүгедектер болып қалғандар, дербес зейнеткерлер. Ал осындай өмірдің бейнетін көрген адамдардың денсаулығын қадағалау, дер кезінде көмек көрсету үлкен біліктілік пен мейірімділікті талап ететіні сөзсіз. Осы орайда бөлімде қызмет ететін дәрігерлер мен медбикелердің жұмысына көпшіліктің көңілі толатыны аңғарылады.

– Мен Ауғанстанда болдым. Сон­дағы бір соғыс операциясында жарақаттанған едім. Қазір екін­ші топтың мүгедегімін. Осы емханадағы арнайы бөлімге келіп қаралып тұрамын. Күндізгі стационарда ем алдым. Қызмет көрсетуші персоналға дән ризамын. Қашан келсең де қамқорлықпен жылы қарсы алады, – дейді «Қызыл Жұлдыз» ордені және «За отвагу» медалінің иегері Жасұлан Садықов ризашылық көңілімен.

Жалпы айтып өтсек, айтулы бөлім­шеде терапевт, невропатолог, кардиолог, эндокринолог, хирург, сурдолог, пульмонолог, ревматолог, УЗИ мамандары жан-жақты қызмет көрсетеді. Емделушілер алдымен өте кең бөлмеде жайлы орындықтармен, теледидармен жабдықталған тіркеу кабинетіне келеді, одан әрі медбикелердің жете­леуімен тиісті дәрігердің қарауына жеткізіледі. Қажет жағдайда психолог пен әлеуметтік қызметкерге де жіберіледі. Әрі қарай келушінің ауруханаға жатқызылатыны немесе осы емханадағы күндізгі стационарда ем алатыны анықталады. Ал үйінде жатып емделушілерге тиісті дәрі-дәрмектер қажетінше беріледі.

– Ардагерлер санатындағы адам­дарға қызмет көрсету – біз үшін үлкен жауапкершілік. Шындығын айтқанда, соғыс пен басқа да қиындықтарды бастан кешкен отандастарымызды емдеуді бір жағынан мәртебе санаймыз. Бөлімше ашылғаннан бері мыңдаған адамның денсаулығын, сонымен қатар, әлеуметтік жағдайын да біліп қалдық. 259 адамды жан-жақты тексерулерден өткізіп, емдеу мекемелеріне жолдадық. Биыл күндізгі стационарда 53 адам ем алды. Олардың қатарында 12 Ұлы Отан соғысы ардагері болды. Бөлім дәрігерлері жыл басынан бері 2598 адамның үйіне барып санитарлық медициналық көмек көрсеттік, – дейді бізбен әңгімесінде бөлімше меңгерушісі Нұргүл Қасенбаева.

   Ардагер қауымның денсаулығын қадағалайтын бөлімшенің ертемен басталып кешке дейін бір толастамайтын жұмысын үздіксіз атқарып жүрген тәжірибелі дәрігерлер Нұргүл Қасенбаева, Кәмшат Батырбек, Шолпан Дүйсекеева, мейірімді медбикелер Әйгерім Орманова, Ажар Батманова және Оксана Назарова көпшіліктің алғысын арқалап жүрген ақ халатты абзал жандар десе болады. Тағы бір қосарымыз, білікті дәрігер Серік Шаймерденов басқаратын №4 қалалық емханада ардагер-зейнеткер емделушілерге құрмет көрсетудің жақсы дәстүрі қалыптасқанын айт­қымыз келеді. Атап айтқанда, Жеңіс күні, Қарттар күні, Мүгедектер күні, сонымен қатар мемлекеттік мереке­лер мен ұлттық мейрамдарда өз пациент­теріне арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда емхана ұжымы алдағы жылы аталып өтілетін Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына орай әзірлік жасауда. Осындай ізгілік шуағын төгетін шаралар науқастың тәніне де,  жанына да бірдей шипа беретін жақсылықтың көрсеткіші деп білеміз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button