Ардагерлер ансамблінің концерті көңілден шықты
Өнерлі ата-әжелерден құралған «Арқа әуендері» ардагерлер ансамблі замандастарына арнап есептік концертін қойды. Өнер ұжымы өз көрермендеріне халық әндері мен ретро әндерді орындап, ән мен күйден шашу шашты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Концертте шырқалған «Күн дидарлы Қазақстан», «Арыс жағасында», «Мұңайма», «Туған жер» әндері мен қырғыздың «Жаңбыр төкті» әні көрермен көңілін баурап алды. Сонымен қатар домбырашы әжелер орындауындағы Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі жиналғандарды ерекше әсерде қалдырды.
26 қарашада «Арқа әуендері» халықтық ансамблінің қалыптасқанына 11 жыл толды, бүгінде өнер ұжымына Кенжетай Жанұзақова жетекшілік етеді.
«Астана қаласындағы өнерлі ардагерлерден құралған ансамбльдер мен хорлардың басым көпшілігі апта сайын Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына жиналып, дайындықтарын өткізеді. Орталық ішінде өнер ұжымдарының дамуына барлық жағдай жасалған. «Арқа әуендері» ансамблінің «халықтық ансамбль» атағы бар. Ансамбльдің көркемдік жетілуіне, шығармашылығына Кенжетай Ерғалиқызы жетекшілік етсе, ал музыкалық сүйемелденуі жағынан Темреш Кереев жетекшілік етеді. Концерттің репертуары әр алуан болды, оны 80-ге жуық зейнеткер тамашалады» – деп пікірін білдірді Орталықтың әдістеме және есеп беру бөлімінің басшысы Қымбат Тасымова.