Қала мен Сала

АРДАГЕРЛЕР – АҚЫЛШЫ ИГІ ІСТЕРГЕ

ERA_1226

Бұрнағы күні Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті. Тәуелсіздік сарайында өткен басқосуда алдымен кеңес төрағасы Амангелді Сыздықов сөз сөйлеп, елордалық қариялардың хал-ахуалын әңгімеледі.

«Ардагерлердің қандай сауалы, проблемасы болса да, басшылық тарапынан ескеріліп, жауапсыз қалмайтыны бізді қатты қуантады. Астана әкімдігі мен мәслихаты егде буынның әр сөзіне мән беріп, тұрғын жайларына, тұрмыс-тіршілігіне үнемі қолғабыс етеді. Жақында ғана ескі пәтерлерде тұратын қарттардың баспаналары тегін жөндеуден өтті. Соңғы екі жылдан бері ардагерлердің дәрігерлік қамқорлыққа алынып, сауықтыру орындарына жіберіліп тұруы да көңіл-күйімізді көтерді. Осы сияқты қандай мәселеміздің де оң шешімін тауып, назардан тыс қалмайтынына кеңес мүшелері әркез алғыс айтады» деді Амангелді Сыздықов.

Жиында сөз алған Аида Ғалымқызы мұндай келелі отырыстардың дәс­түрге айналуы игі бастамаларға себеп болатынын, көптеген түйінді мәселелердің шешілуіне жол ашатынын әңгімеледі. «Келесі жылы Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығын, Кон­ституцияның жиырма жылдығын тойлаймыз. Жоғары деңгейде атап өту үшін бәріміз күш біріктіріп, жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясының жиырма жылдық мерейтойын
«Астана – бейбітшілік пен келісім қаласы» ұранымен өткіземіз. Бұл ауқымды шараларды жоспарлауды қазірдің өзінде бастап кеттік. Сіз­дердің қосар тілек, ұсыныстарыңыз болса, ортаға салыңыздар.

Ұлы жеңістің жетпіс жылдығын той­лауға дайындықты 1 қаңтардан бас­таймыз. Жоспар, негізінен, дайын. Біз осы шараның өтуіне белсенді атса­лыссақ дейміз. Арда­герлеріміз мем­ле­кеттің қамқор­лығын сезінгені дұ­рыс» деді қала әкімінің орынбасары.

Аида Балаева сөзінің барысында елордамыздың қарқынды дамып келе жатқанын да айтып, ағымдағы жылы атқарылған шаруалардың легін де санамалай кетті. «Биыл жартыжылдықта 700 000 шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Алда әлі игерілмеген ауқымды жерлер бар. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай көптеген жобалар өз жұмысын бастады. Екі-үш жылдан соң біз бұдан да гөрі дамыған жаңа қалаға куә боламыз. Бұл, әрине, біздің елдің әлемдегі көкжиегін кеңейтеді.

Астанада халықтың саны көбейіп жатыр. Жылына 20 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Бұл – қуанарлық жайт. Жас отбасылар көп балалы болып жатыр. Бұл жастар арасында мақтанышқа, үрдіске айналды десек те болады» деген А.Ғалымқызы өзге де жетістіктерді саралады.

Отырыс соңында ақсақалдар ұсыныс-тілектерін білдіріп, қала әкімінің орынбасарына көкей­ле­ріндегі сауалдарын қойды. Аида Балаева барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Асхат Райқұл

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button