Жаңалықтар

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

ERA_7804

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қалалық ардагерлер кеңесінің ұйым­дас­тыруымен Алматы ауданы аумағындағы «Айдар» шағын орталығында соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу өтті.

Аталмыш шараға қалалық мәс­лихаттың депутаты Қаршыға Құл­­мұқанов, қалалық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Аманкелді Сыз­ды­қов, Алматы аудандық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Байболов қатысып, сөз сөйледі.

– Бүгінгі ұрпақтың бақытты болашағы мен бейбіт өмірі жолында қан майданда жаумен бетпе-бет соғысып, кеудесін оққа төсеп, ерлік үлгілерін көрсеткен аталар есімі ешқашан да ұмытылмайды. Ел тәуелсіздігіне де сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ынтымақ, бірліктің арқасында қол жеткіздік. Сол үшін, Сіздерге мың алғыс! – деді А.Сыздықов.

Брусиловский көшесіндегі 2-үйде орналасқан «Айдар» шағын орталығында осында тұратын ардагерлердің бос уақыттарын тиімді өткізуге барлық жағдай қарастырылған. Олар мұнда шахмат,
дойбы ойнап, газет-журналдар оқиды. Сондықтан да қолы бос ардагерлер күн сайын орталыққа асығады.

Кездесуге келген соғыс ардагерлері Әубәкір Уәлиев, Әбдірахман Сапаров қан майдандағы қырғын туралы әңгімелей келе, өздерін осындай қамқорлыққа бөлеп, үнемі көмек қолын созып, құрмет көрсетіп келе жатқан азаматтарға алғыстарын жеткізді.

Аталмыш шараға Алматы ауданында тұратын жиырма бір майдангер, сонымен бірге еңбек ар­дагерлері мен тыл еңбеккерлері – барлығы  жетпіс  адам шақырылыпты. Кеш соңында ұйымдастырушылар ардагер ата-әжелерге сыйлықтар тапсырды.

 Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button