Қоғам

Ардагерлер кеңесіне 20 жыл толды

Астанадағы «Сарыарқа» ауданы Ардагерлер кеңесінің 20 жылдық мерейтойы аталып өтті. Салтанатты шараға қатысқан «Сарыарқа» ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Кулдашов, Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов аудан ардагерлерін құттықтап, лебізін білдірді. Сондай-ақ бір топ ардагерлер мен кеңес жұмысына белсене атсалысқан азаматтарға Алғыс хат табысталып, олардың аудан дамуына қосқан үлесі ерекше аталып өтті.

«Бүгінде «Сарыарқа ауданында 29 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың өмір сапасын жақсарту – біздің басты мақсат. Бұл бағытта 18 мыңнан астам ардагерді біріктіретін 154 ұйым белсенді жұмыс жүргізуде. Зейнеткерлерді қолдауда «Оптимист», «Зодиак» және «Алтын босаға» орталықтарының маңызы зор. Мұнда аға буын мәдени іс-шараларға қатысып, жастармен кездесіп, өз уақыттарын пайдалы өткізеді. Сонымен қатар, біздің ауданда «Белсенді өмір сүру орталығы» жұмыс істеуде, оған күн сайын 100-150 адам келеді. Ал 3 мыңнан астам зейнеткер түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысады» дейді аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Уляш Кусаинова.

Төрағаның сөзінше, Ардагерлер кеңесі қарттарға қамқорлық танытып қана қоймай, жастардың патриоттық және рухани тәрбиесіне де үлкен көңіл бөледі. «Ұрпақтар сабақтастығы» бағдарламасымен Президенттік орталық, ҚР Қарулы күштер музейі, аудан кітапханалары және оқу орындарымен тығыз байланыста.

Айта кетейік, 2004 жылы 16 шілдеде «Сарыарқа» ауданының Ардагерлер кеңесі құрылды. Аталған ұйым 20 жылда ардагерлер мен зейнеткерлерді біріктіріп, олардың белсенді өмір сүруін қолдайтын және ауданның дамуына елеулі үлес қосатын маңызды қоғамдық күшке айналған.

«Бұл мерейтой – өткен жылдарға шолу жасап, жаңа міндеттерді айқындайтын маңызды кезең. «Сарыарқа» ауданы Ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да аға буынға қолдау көрсету, олардың белсенді өмір сүруін дамыту және жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарады» деп сөзін қорытты төраға.

Салтанатты жиын Е.Рахмадиев атындағы филармония әртістерінің концертімен жалғасты.

Ержан ҚОЖАС

фото: Сұлтан Сейітов

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button