Басты ақпарат

Ардагерлер неге алаңдайды?

2014 жылдың қаңтар айында Қазақстан бойынша барлық емханалар жаңа жүйеге ауысады дегенде біз, зейнеткерлер, қатты қуанған едік. Дәрігерлердің «енді кезек күту деген болмайды, қабылдауға алдын ала жазыласыздар. Әркім белгіленген уақытта қабылданады» деп түсіндірген болатын. Міне, сол жылдан бері зейнеткерлердің де, қарапайым емделушілердің де жолы болмады. Терапевтке қаралу үшін 7-8 күн кетсе, басқа дәрігерге қаралу үшін бір-бір жарым ай уақыт кетеді екен.

[smartslider3 slider=2777]

Науқастар осы күнге дейін не істерін білмей сандалып жүр. Ал ақшаң болса қалтаңда, сол күні, сол уақытта дәрігерге қаралып шығасың. Дәрігердің әрқайсысына 5 мыңнан төлесең, бір күнде екі-үш дәрігерге кіріп шығуыңа болады. Тек қалтаңда 15 мың теңгең мен дәріге ақша тапсаң болды…

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесінде елорданың әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау департаменті мен қала әкімдігінің сала қызметкерлері қатысқан кеңейтілген кездесу болып өтті. Оны Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов жүргізді.

Алғашқы болып Сарыарқа ауданының әкімі Ж.Жұмағұлов сөз алды. «Ардагерлердің өткен өмір жолы мен жасаған еңбегі қашан да бізге үлгі-өнеге, сіздерге әкімшіліктің есігі қашан да ашық, ал шешімін таппай жатқан мәселелер болса шешуге тырысамыз» дей келе, зейнеткерлердің сұрақтарына жауап берді.

Зейнеткерлер тарапынан алғашқы болып сөз алған Р.Шарапи көктемгі қар еру кезінде үйін су басып қалғанда, Сарыарқа ауданы әкімдігінің адамдары жарты сағат ішінде келіп, көмек көрсеткеніне алғысын білдіре келе, екі айдан бері көз дәрігеріне жазыла алмай жүргенін айтты.

– Көз дәрігеріне көріну үшін алдымен терапевтке жазылу керек. Содан терапевтке кіру үшін 10 күндей уақытым кетсе, көз дәрігеріне қаралу үшін бір жарым ай кезек күтуім қажет. Міне, екі айдан асты, осы уақытқа дейін көз дәрігеріне көріне алмай жүрмін, – деп ренішін білдірді.

– Жалпы дәрігерлердің қабылдауына көңілім толмайды. Бізде жүйе дұрыс емес. Жоғары жақтан бір жоба келеді, соны жүзеге асырамыз деп емханадағы дәрігерлердің басы қатады. Бұлардың дұрыс жұмыс істемеуіне департамент пен министрлік жақтан мүмкіншілік жасалмай отыр. Әдейі кезек күттіріп қойған, ақылы емделсін деп. Ал біз, зейнеткерлер, бір айда екі-үш дәрігерге көрінеміз, дәрі-дәрмек аламыз, ол да ақша, сонда кішкентай пенсиямызды дәрігер мен дәріге төлесек, күнімізді қалай көреміз, айтыңыздаршы? – деп жыларман болды.

Осы жерде әңгімеге зейнеткер М.Қазжанова мен Л.Красноштанова араласты. «Былтыр тісімізді тегін жөндетіп, аяқтай алмай қалғанбыз. Ал биыл тісімізді жөндетейік десек, тегін қабылдамай отыр. Бастаған жұмыстарын сонда кім аяқтайды?» дейді.

Мемлекеттік емханалардың бәрінде дәрігер жетіспейді. Бір таныс дәрігер өзі хирург, екі ауруханада жұмыс істейді, күндіз бір ауруханада болса, кешке басқа ауруханаға барып кезекшілік етеді. Үнемі шаршап жүреді. Дәрігерге алдын ала жазылсаң да кезек күтесің, ең аз дегенде бір жұма, оның арасында сенбі-жексенбісі бар. Осынша уақыт өткенде ауруың асқынады немесе созылмалы ауруға тап боласың, әйтеуір, дертің жаныңа батса да, дәрігерге қарала алмайсың.

Алдын ала кезек дегенді де сол ауырған адам ақылы медицинаға апару үшін жасап қойған қиындық деп айтар едім. Бұл жоғарыдағы шенеуніктердің ойлап тапқан айла-әдісі болар…

З.Низамутдинова: – Иә, қазір жеке клиникаларда емделетін заман болды. Ол жақтағы дәрігерлер – емханалардағы дәрігерлерден гөрі білімді, өз ісінің маманы. Қазір бәрін ақша шешетін заман емес пе?! Олар қосымша ақша алғаннан болар науқастарға жақсы қарайды.

Л.Назаренко: – Менің де сұрағым бар. «Көкталдағы» біз тіркелген амбулатория өте тар. Осындай заманда алпысыншы жылдардағы күнімізді елестетуге болады. Жақсы жабдықталған үлкен емханада емделуге біздің құқымыз жоқ па, біз кімнен кембіз?

– Қазір кей дәрігерлерге қаралып, анализ тапсырып, томография, рентгенге түсу үшін бізді қаланың басқа емханаларына жібереді. Қажетті анализ алу, КТ-ға түсу үшін қала кезіп кетеміз. Басқа емханаларда барлық диагностикалық кабинеттер бар әрі заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған. Емханаларында науқастарды әртүрлі маман дәрігерлер қабылдайды, лабораториялық, рентгендік және басқа да тексерулер жүргізеді. Әрбір емханада процедуралық кабинет, ал кейбір емханаларда тәулік бойы жұмыс істейтін шұғыл жәрдем пункттері бар, соларды көріп біз оларға қызығамыз. Біз, зейнеткерлер, бұрын қаладағы №2 емханада емделетін едік, енді бізді ешқандай жағдай жасалмаған №14 емханаға ауыстырып тастады. Меніңше, жасы келген зейнеткерлер енді кімге керек деп ойлаған болар, бұларға осы да жетер деп ысырып тастады емес пе?! Шенеуніктер мен дәрігерлерге тиімдісі де осы сияқты, – дейді Күмісай Мұқанова.

Сөз алған О.Бензель ­Сарыарқа ауданындағы барлық емханалар мен арнайы орындарда бұрын істеп тұрған тұзды шахта жұмыс істемейтінін айтты.

«Көкталда» жөні дұрыс емхана қашан салынады деген сұраққа құзырлы мекемеден келгендер жауап бере алмады. Жалпы бірде-бір адамның сұрағын қанағаттандыра алмады. Осы жайды сырттан бақылап отырған біз осындай басшыларға сенім артып, оларды осы қызметке кім тағайындады екен деген ойға келдік. Сол күні түсінгеніміз, кез келген басшы өз жұмысын жақсы білсе, ардагерлер қойған сұраққа дұрыс жауап берер еді ғой.

Кездесуге келген Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова емханалардағы болып жатқан жайттардан беймәлім күй кешіп, алдында отырғандарға жауап бере алмай, жалтақтаумен болды. Ал олармен бірге еріп келген Сарыарқа аудандық емханалардың бірінші басшылары – бас дәрігерлер зейнеткерлер алдында сөйлеуге қауқары болмай, үндемей құтылды.

Қорыта келгенде айтарымыз, сөз сөйлеген зейнеткерлерден түйгеніміз – қазіргі уақытта көптеген дәрігерлер «Гиппократ антын» ұмытып, адам денсаулығын қорғаудың орнына ақша қуып, кәсіп (бизнес) жасап кеткен сыңайлы. Ол – шындық.

Иә, адам денсаулығы – қоғам байлығы. Әрбір медицина мекемесі осыны ескеріп, адам денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Бұл – олардың парызы да қарызы. Зейнеткерлердің көңіл күйі көтеріңкі болса, дәрігерлердің жұмысы оңынан болмай ма! Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі, еліміздің көркеюі зейнеткерлердің өздерінен кейінгілерге берген ақжарма батасында дер едік.

Бүкіл өмірі мен еңбегін қазақ елінің дамуы мен қоғамның қалыптасуына, жастарды тәрбиелеуге арнаған ардагерлер мен зейнеткерлердің қалған ғұмырын алаңсыз өткізуге, олардың денсаулығын жақсартуға қалалық денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту басқармасы жауапкершілікпен қарап, осы кемшіліктер мен олқылықтарды болдырмауға күші жетпей ме деген ой туындайды.

Елордада тұратын 108856 зейнеткерге арнап бір емхана салып берсе де артық болмас еді. Былай қарап отырсаң, шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер, атақты адамдар Президент Әкімшілігіне арналған емхана мен ауруханаға қаралып, емделіп жүр. Сонда бүкіл өмірін сарп етіп, елге қызмет көрсеткен зейнеткерлер кімнен кем? Олардың да жағдайын ойлайтын кез келді емес пе?! Құзырлы мекемелер осы сын-ескертпелерден қорытынды шығарады деп ойлаймыз. Ендеше қазыналы қарттарымыздың саулығын ойлап, оларды құрметтеуді ұмытпайық!

 Ғалия ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесі медиа тобының мүшесі,

Журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button