Мәдениет

Ардагерлер үлгісі

Қазақстан ардагерлері волейбол федерациясының кубогы үшін өткен турнир өз мәресіне жетті. Астанада үш күнге ұласқан жарысқа өңірлерден 26 команда келді.

Республикалық волейбол ардагерлері федерациясының президенті Әсет Әділханның сөзінше, турнирдің байрағы бесінші рет көтеріліп, биылғы турнир Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері және Параволейбол федерациясының президенті Дүйсенбай Тұрғановтың мерейтойымен қатар келді.

Салтанатты іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Сенат төрағасының кеңесшісі Ернар Жаркешев, Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті Амандық Баталов, «Буревестник» волейбол клубының президенті Амангелді Шабдарбаев, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының президенті Санжар Жаркешев арнайы қатысты. Турнир қатысушылары мен қонақтары Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке және даңқты волейболшылар Төленді Ахмеджанов пен Бақытжан Байтөреевке ерекше ілтипат білдіріп, құрмет көрсетті.

Ел көлемінде және елордада ардагерлер волейболы қарқынды дамып келеді. Осыдан 25 жыл бұрынғы 40-45 жастағы волейболшылар ардагерлер санатына қосылып, шеберлігін жастарға үлгі етіп келеді. Бүгінде 60-70 жастағы ардагерлер ширақ қозғалып, ойындар тартысты әрі қызықты өтті. Әсіресе 80 жасқа келген Төлеген Байзақовтың ойынына жанкүйерлер риза болды.

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Сарыарқа-Астана клубының президенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button