Елорда тынысы

Ардагерлерді не толғандырады?

Кеше Астана қаласы Нұра аудандық Ардагерлер кеңесінің екінші пленумы өтті. Жиында өткен жылғы жұмыстар қорытындыланып, 2024 жылдың жоспары айқындалды.

Пленумға аталған аудан бойынша Ардагерлер кеңесі мүшелерімен қатар, Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова қатысты. Былтырғы жұмыс қорытындысы туралы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтмағамбет Аипов баяндады. Күн тәртібінде өткен жылдың қорытындысымен қатар, қарттардың денсаулығын сақтау мәселелері және кеңестің «Үркер» тұрғын алабындағы бастапқы ұйымының есебі де тыңдалды.

– Құрылғанымызға 6 ай ғана уақыт өтсе де, қаланың қоғамдық өміріндегі жұмыстарға белсене кірісіп кеттік. Бүгінде кеңестің 3 бастауыш ардагерлер ұйымы болса, соған 1558 адам тіркелген. Тағы 1016 ардагердің басын қосып, бастауыш ұйым құру керек. Жалпы ауданда барлығы 3116 зейнет­кер бар. Соның ішінде тылда жұмыс істегендер саны – 54. Қазіргі таңда аудан зейнеткерлерінің 30 пайызы әзірге Достық көшесі, 13 мекенжайында орналасқан «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына барады. Осы көктемде Нұра ауданының өзінде осындай орталық ашылады деп отырмыз, – дей келе, А.Аипов әзірге аудандық Ардагерлер кеңесінің жұмысын дұрыс жүргізуге жағдай жасала қоймағанын жеткізді. Сонымен қатар ауданға қарасты 4 емханада да қарттар денсаулығы үшін маңызды геронтология қызметінің жоғын айтты.

Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловтің айтуынша, бүгінде Астанада 123 мың зейнеткер болса, солардың тек 60 мыңы ғана Ардагерлер кеңесіне тіркелген.

– Басты мақсатымыз – қаладағы зейнеткерлердің құқығын қорғау, алайда олар да бізге келіп тіркеліп, қолдау білдіруімізге мүмкіндік тудыруы керек. Сондықтан жаңа ауданның Ардагерлер кеңесінің алдындағы басты міндет – барлық зейнеткерді өз қатарына тарту, оларды есепке алу.

Пленумда басқа да ардагерлер сөз алып, аудан көлемінде өздері көріп жүрген өзекті мәселелер жөнінде ой бөлісті. Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова ауданның болашағы зор екенін айтып, пленумда көтерілген мәселелер бойынша алда атқарылатын жұмыс жоспары бар екенін жеткізді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button