Мәдениет

АРДЫҢ АҚИДАСЫ

Оралбай-китапҚандай да бір ақынның дүниетанымдық көзқарасы елдігін, ұлттығын, тілін, дінін, ділін оқушыларына жеткізіп, олардың ой-сезіміне белгілі негізде әсер етеді. Алғыр ойлы ақынның бір шумақ өлең жолдары қара сөзбен жазылатын кітаптың жүгін көтеріп, айтарын айтып, сендіріп тұратыны болады. Әдістік өзгешелік болсын, тақырыпты көрсету шеберлігі болсын, идеялық көзқараспен өмір құбылысын шынайы толғаудың орны бөлек. Өмір кезеңдері, адамзат тарихы дегенде халықтың салт-санасы, ежелден қалыптасқан нанымын жаңаша дамытып, көркем сөздің құдіретті күші арқылы жырлауда ақын Өтеген Оралбайұлы өзінің «Қағбаның қарлығаштары» өлеңдер жинағында Жаратушының ұлылық күшін шебер суреттей білген.

Кітаптың алғы сөзінде Қазақ­станның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбіш Кекілбаев «Дін тақы­рыбына, мұсылманшылық қағи­дат­тарына, қажылық сапар тақы­рыбына қалам тарту – асқан жауап­кершілік пен имани нәзіктікті талап етеді» десе, 777 жылы мұсылман дінін қа­былдаған халқымыз діни сені­міне шаң жұқтырған жоқ. Әлемнің желкеулері Ислам дінін құбыжық етіп, терроршы, лаңкес деп көрсетуі, қай дінде де секта-дінбұзар барлығын еске алмағандық. Ал, мұсылман діні­нің негізі қанішерлікке қарсы, Алла өзі берген жанын өзі алады деуді жер бітіп, су аққалы қанға сіңірді. Өте­геннің топтама жырлары «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып, қалың оқырманның жақсы бағасын алғанын да білеміз. Шығарманың іргетасы дейсің бе, түп қазығы дейсің бе, негізгі тақырыптың берік нысанасы, мөлдір мақсаты, тұнық таза ойы «Аллаға сенгеннің абыройы биік» дегенді ұстануы оқушыға меңзеген бағытты түсініктілікпен жеткізе білген. Шығарма құндылығы да осында. Ақынның өзінің еркін шығар­машылық қимылының сәттілік сапасын аңсау-армандай етуі, өз сөзімен айтқанда, «Қожа Ахмет хазіреттің шығармалары туралы орыс тілінде жазылған төрт жол дұға-рубаятты орыс тілі нұсқасымен қазақша былайша аудардым:

Құдіреттім,
Қара түнді айналдырған сәулеге,
Қара жерді жазираға бекіттірген.
Қиындықты жеңілдеткен дәурене
Қол ұшын бер,
Қиын іске кеттім мен», –
деп өршіл рухани құдіретін ұлтымыз ұстанған ежелгі тәртібіне жаңаша тебіреніс, жаңаша түсінік, жаңаша құлшыныс дарытады.
Өтегеннің топтама жырларының оқушыны қызықтырып, баурап әке­тетін қасиеті көркемдігінің, ұлы­лықты түсіндіру ерекшелігінде, баяндаудың нақтылығында, айқын­дығында, тілдің көркемдігінде.

«Сахабалар жауынгерлер от кілең,
Ұлы майдан алаңында кешті дем.
Мен де тұрдым сарбаз болып қатарға,
Ухуд таңын – ерлік тауы деп білем, – деп ұлылардың бейнесін өрнекті сөзбен түйіндейді, ой-сезімді оқу­шысына көркем түрде жеткізуде сөз сұлулығын таңдап, талдап пайда­ланудың маңызы ерекше. Көркем тіл қандай да шығарманың бағасын көтеріп оқушысын қуантады. Өте­ген өлеңдерінде көркем сөзді тартымды етіп пайдалана білген. Шығармадағы өлең ұйқастарының қай түрі болсын, айтары бар, көркемдігі жағымды, мағынаны дәл білдіріп тұрады. Оқушысын дінді қадірлей білуге, дін ғылымын үйренудің маңыз­дылығына меңзейді. Ақын:

Күлгенім,
Күрсінгенім,
Қуанғаным,
Өкініп жылағаным, жұбанғаным,
Ниетім, өтінішім, сұранғаным,
Барлығы қолында тек бір Алланың, -деп адами өмірдің шындығын оқу­шысына жеткізеді. «Жақсының бір кісіге дегені – мың кісіге» дегендей, Алланың пендеге жақсылығы шек­сіз, мұсылман діні, Құран кітаптың мазмұн-мағынасы ерекше ғылым, пенде өмірінің ғылымы, адалдық, ар-на­­мыстың ғылымы» деген араб тілінен дәріс оқыған ұстазым Мағжанованың сөзін жалғап: «Дін жөнінде, Алланың пендеге жақсылығы шексіз мұсылман діні, Құран кітаптың мағынасы ерекше, бұл жөнінде шығарма жазу үлкен дайындықты, ар тазалығын, жан таза­­лығын қажет етеді» дейтінін Өте­геннің өлеңдер жинағын оқығанда еске түсірдім. Өтегеннің өлеңдерінің ұлылық заңдылығына құрылып көр­кемдік қасиетінің биік болуы ақын­ның арлылық ақидасының жемісі деуге негіз бар, әрбір сөзді оймен топшылап, ақылмен шешудегі Өтегеннің шеберлігі қай шығармасында көрініп тұрады. Ақынның өзі:

Сәулелі сөзге бас ұрдым,
Салқындау сөзден басылдым.
Самалға таңдай ашылдым,
Сірә мен бөлек ғасырмын, –
деп өлеңдеріңнің қай-қайсы да оқу­шысының ойына шабыт қанатын бітіргендей төгіліп тұрады. Ал, келесі бір өлеңіндегі шумақта Өтеген:

Құлағымда – «Құран Шәріп» мақамы,
Азан дауысы аруақты, аталы,
Аруақты мен періште деп түсінем,
Жалғыз Алла бізге берген батаны, –
деп тебірене жырлайды. Осы шу­мақты оқып отырғанда орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой құран ғылымын зерделеп, мұсылман дінінің ерекшелігін бағалауы тегін емес екені ойыңа оралады.

Өтеген Оралбайұлының мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсынған «Қағбаның қарлығаштары» кітабының киелі екенін, әрбір сөзінің, әрбір өлең жолдарының бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы молдығын айта келе Қа­зақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері белгілі ақын Күләш Ахметова:
«Қадірлі Өтеген!

Қасиетті Мекке сапарынан жазған жырларың мені қатты тебірентті. Қазақ поэзиясына жаңа леп әкелген шынайы, сұлу дүние екен. Қызықтым да қуандым. Жан тазалығы – Жарат­қанның ұлы нығыметінің бірі ғой. Әрдайым Жаратушы иеміздің жа­рыл­қауында болайық!» дей келіп, алты шумақ өлең арнап, төмендегіше ті­лекпен түйіндейді:

Қағба сыйы – қазыналы,
Ұсынарсың бұл сыйды елге.
Жыр осылай жазылады,
Бар Алланы шын сүйгенге! –
деуге бізде шығарманың шындығын, мән-мағынасының тереңдігін ерекше бағалау артық емес деп ойладық. Бүгінгі ұлт ұлылығына, мұсылман дінінің тазалығына ден қоя бастаған жас­­тарымыздың, халқымыздың қол­дан қолға түсірмей оқитын кітабы. Өтеген Оралбайұлының өлеңдер жинағы мемлекеттік сыйлыққа ұсы­ныл­ғанын қуана құптадым, таза ардың сөзіне кім тоқталмас дейсің.

Табыл ҚҰЛЫЯС,
жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button