Спорт

Аргентина аң-таң, Месси мең-зең…

Төртжылдықтың басты додасы – мундиаль-2022 басталды. Қазір миллиондаған жанкүйер өз командасының ойын өрнегін бақылап, назары футбол қойылымына ауды. Алдымен Қатардағы чем­пионаттың негізгі ерекшелігі, фаворит командалар мен алғашқы ойындарды талдасақ.

Бес ерекшелігі неде?

Біріншісі – әлем чемпионаты қыста өтуде. Яғни турнир алғаш рет күзде және қыста өткізілді. Мұның бәрі Қатардың климаттық ерекшелігіне байланысты екені анық.

Екіншісі – бұл әлем чем­пионатында заманауи технология қолданылады. Жаңа технологияға стадион төбесінде орнатылған 12 арнайы қауіпсіздік камерасы мен шарлардағы сенсорлар кіреді. Бұл құрылғы ойыншылардың алаңдағы орнын дәл анықтау үшін офсайдты анықтау кезінде камералар секундына 50 кадр жылдамдығымен әрбір жеке ойыншының 29 нүктесіне дейін түсіре алады.

Үшіншісі – әлем чемпионатында алғаш рет нәзік жандылар бас төреші ретінде қызмет атқарады. Олар: Стефани Фраппар (Франция), Салима Мукансанга (Руанда) және Йошими Ямашита (Жапония).

Төртіншісі – әлем чемпионатына Қатар 8 стадион салды. Бұл стадиондардың ерекшелігі – жартысы бөлшектеліп, басқа елдерге тасымалданады не спорттық емес нысандарға айналады.

Бесіншісі – жаттықтырушылар әр матчта 5 ауыстыру жасай алады және жанкүйерлердің стадионда сыра ішуіне рұқсат етілмейді.

Негізгі фаворит кім?

Спорт сарапшылары Бразилия құрамасына 5,50 коэффициент беріп, басты фаворитке жатқызады. Оңтүстік Американың іріктеу аймағын оңай жеңіп, 17 кездесуде 40:5 гол тіркелді. Бұл голдардың үштен бірінен астамын Неймар мен Ришарлисон соқты.

Аргентина құрамасына 7.00 деген баға беріліп отыр. Америка кубогының жеңімпазы мықты шабуылдаушы команда ретінде ерекшеленеді.

Экс-чемпион – Франция құрамасының жеңісі 7,50 коэффициент­пен бағаланады. Бұл құрама өз тарихында екі рет чемпион атанған-ды. Енді Италия мен Бразилияның ерлігін қайталап, өзінің чемпион атағын қорғай ала ма?

Бұл қатарға Англия мен Испанияны да қосу керек. Екі команда да өз тарихында екінші рет кубокқа ие болуды мұрат етеді. Әрі мундиальға сол үшін келді.

Алғашқы топтық ойындар

Бірінші сенсациялық ойынға тоқталайық. Бұл – Аргентина мен Сауд Арабия арасында өткен матч. Шыны керек, Лионель Мессидің қалың жанкүйері бұл ойынды асыға күткені анық. Әрі букмекерлік кеңселерге қомақты қаржы тігіп, сүйікті командасы ұтатынына сенді. Алайда жеңіс арабтардың уысында кетті.

Жалпы Аргентина мен Сауд Арабиясы арасындағы кездесудің тарихына тоқталатын болсақ, алғашқы кездесу 1988 жылы 6 шілдеде өтіп, 1:1 есебі тіркелген-ді. Арада 10 күн өткенде екі команда қайта кездесіп, Лионель Скалони баптайтын аргентиналықтар 2:0 есебімен басым түсті.

1992 жылы 20 қазанда конфедерация кубогының финалында Аргентина құрамасы 3:1 есебімен ұтады. Арада 10 жыл өткенде – 2012 жылы 14 қарашада достық кездесуде екі команданың футболшылары қақпадан саңылау таппайды.

Арада тағы 10 жыл өткенде – әлем чемпионатының топтық кезеңінде «сары құрлықтың» 3 дүркін чемпионы Сауд Арабия құрамасы Латын Американың 16 дүркін чемпионы Аргентинаны 1:2 есебімен ұтты. Сөйтіп, өз тарихында тұңғыш рет азия­лық команда латынамерикалық ұжымнан басым түсті. Осылайша Аргентинаны аң-таң, Мессиді мең-зең еткен ойын болды.

Иранды айқын басымдықпен ұтқан Англия (6:2) мен Аустралияны тізе бүктірген Франция (4:1) турнирді сенімді бастады. Бұл командалар мундиальға бабында келіпті. Енді Хорватия, Германия, Бразилияның ойынын бақылап, чемпиондыққа лайықты команданың ойынын талдайтын боламыз.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button