Басты ақпаратШартарап

Аргентинаның арманы орындалды

Қатардағы футбол дүбірі аяқталып, араға 36 жыл салып Аргентина мундиаль кубогына ие болды. Шыны керек, Мессидің миллиондаған жанкүйері тілеуін тілеп, чемпион атанғанын қалады. Көптің қалауы орындалып, Аргентина өз тарихында үшінші рет чемпион атанды. Осылайша Месси аңыз ойыншылар – Пеле мен Марадонаның қатарына қосылды (чемпионатты ұтқан ойыншы ретінде).

Финалда Мбаппе талайлардың жүйкесін жұқартып, демін ауырлатқаны сөзсіз. Матчтың басты қаһарманы – Мбаппе ұрымтал сәтте ұтымды қозғалып, кез келген пасты голға айналдыратын қабілетімен тағы көрінді. Ол 80-минуттан бастап алаңға жан кіргізіп, ойынның тепе-теңдігін қалпына келтірді. Сөйтіп, 81-минутта және 118-минутта Аргентина қақпасынан саңылау тауып, әлем футбол тарихында финалда үш гол салған екінші адам атанды. Бұған дейін 1966 жылы финалда Англия мен Германия кездесіп, Джефф Херст хет-трик авторы атанған-ды. Есесіне Мбаппе әлем чемпионатында 4 гол салған жалғыз ойыншы атанды. Естеріңізде болса, 2018 жылы өткен мундиальдың ақтық бәсекесінде Хорватияның қақпасына бір гол салған еді.

Аргентина Қатарға құр келмепті. Кубоктан бөлек, жекелей жүлделерді де қанжығасына байлап кетті. Мәселен, Энцо Мартинес «Ең үздік жас ойыншы» атанды. Ал пенальти сериясында Команның добын қағып жіберген Эмелиано Мартинес «Ең үздік қақпашы» болды. Лионель Мессиге «Ең үздік ойыншы» бұйырды. Қарсыласының қақпасына 8 гол салған Килиан Мбаппе «Ең үздік сұрмерген» атанды.

Месси клубтық деңгейде ұтқан чемпиондар лигасы, Испания және Франция кубогы, командалық деңгейде алған Латын Америка кубогының қатарына әлем чемпионатының кубогы қосылды. Оған тағы 7 алтын допты қосыңыз. Мессиден бақытты футболшы жоқ шығар. Енді аңыз ойыншының рекордын жаңарту – қиынның қиыны…

ЧЕМПИОНАТТЫҢ ҚҰБЫЛЫСЫ

2002 жылы өткен әлем чемпионатында ақтық бәсекеге берілетін жолдаманы Корея Германиямен сарапқа салып, ұтылған еді. Азияның алғашқы командасы 1/4 финалға шығып, айды аспаннан бір шығарды. Бұл жолы Марокконың адымын ерлікке балауға әбден болады. Жарыс жолында Бельгия, Испания, Португалия сынды азулы қарсыластарынан басым түсіп, жартылай финалда Францияға есе жіберді. Алайда миллиондаған жанкүйер Мароккоға чемпион командадай құрмет көрсетті. Өйткені олар соған лайықты еді.

Кіші финал – үшінші орын үшін болған кездесуде Хорватия мықты болып шықты. Сөйтіп, Корея сынды Марокко да төртжылдықтың басты бәсекесінде төртінші орыннан көрініп, Африка құрлығының рекордын жаңартты.

Хорватияның да ерік-жігері мен қайсар рухын жоғары бағалау өте орынды. 1998 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, қола медаль алғаны әлі есімізде. Хорватия осы жетістігін қайта қайталады. Олар Қатардағы футбол аламанында «F» тобында Марокко, Бельгия және Канадамен шеберлігін байқап, топта екінші орынмен шықты. 1/8 финалда Жапониядан, ширек финалда Бразилия­дан пенальти сериясымен басым түсті. Жанкештілік танытып, Азия мен Латын Американың мықтысын тоқтатты. Негізі, Бразилияның ойыншылары кемеліне келген, шеберлігі шыңдалған, «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар еді.

Не болса да, талайлардың түнгі ұйқысын ұрлаған футбол тойы аяқталып, Мессидің арманы орындалды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button