СаясатЭкономика

Арғы атам – ер түрік…

MAS_XU4597962@Turkey_s-Prime-Mi_20140715114635

Еліміздің тәуелсіздігін алғашқы болып мойындап, бұғаудан босап, еркіндікке ұмтылған халқымызға бірінші көмек қолын созған да түрік бауырлар еді. Сондықтан, біздің де дүниенің екі бөлігінде орналасқан мемлекетке құшағымыз ашық. Өйткені, мына мың құбылған әлемде қазақ пен түріктің түсіністігіне, екі туысқан мемлекеттің арасындағы өзара қарым-қатынасқа, экономикалық байланыстарға жететін не бар?!

Міне, биыл тамыз айында сол Түркия халқы өздерінің он екінші басшысын сайлады. Саяси додаға түскен үш адамның ішінде елдің премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған жеңіске жетті. Бұл – заңдылық еді. Өйткені, тек өз мемлекетінде ғана емес, Ердоғанның мұсылман һәм түркі әлемінде беделі зор болатын. Саяси сарапшылар премьер-министр лауазымында жүріп, оның елді он бір жыл тапжылмай басқарған тұсында экономика қарқынды дамығанын, қарулы күштерді саясатқа араластырмағанын, ең бастысы, ты­йым салынған Күрд жұмысшы партиясымен татуласуға тырысқанын алға тартады.

Соның нәтижесінде, Түркия бүгінде әлемдегі экономикасы дамыған он алты елдің қатарында болса, Еуропада алғашқы ондыққа енген асқақ та мақсатты ел саналады.

Дегенмен, осындай халқына беделді, әлем таныған адам мемлекет басына келгелі сыртқы саясатта күрт өзгерістер пайда бола бастады. Мұны кейінгі кездегі Еуропа басылымдарының беттерінен айқын аңғаруға болады. Әсіресе, мұнда елде жергілікті радикалды күштердің басымдық алып, шекара аймақтарында қоқан-лоқы көбейіп кеткендігі жиі жазылады.

Бұл, негізінен, Израильмен арадағы қырғиқабақтыққа байланысты болуда. Палестина мәселесіне қатысты Ердоған бұған дейін де батыл пікірлер айтып келді. Оның бейбітшілік сүйгіш әлем жұртшылығын бір сүйсінткені Давоста өткен дүниежүзілік экономикалық форумда Израиль президенті Шимон Переске жұрттың көзінше: «Сендер адам өлтіруді жақсы білесіздер, мен мұндай қанішерлермен қатар отырмаймын!» деп, жиыннан шығып кеткені еді.

Кейін ол бұл туралы шетелдік журналистке берген жауабында былай деді: «Лаңкестерден тұратын Израиль мемлекеті он бес күн бойы Газа секторын бомбылады. Қаншама адам қаза тапты, қаншама адам жараланды. Ал, әлем осы көріністерді үн-түнсіз бақылап отыр. Бұған кеудесінде жүрегі бар адамның қалай дәті шыдайды? БҰҰ-ның осының барлығына көз жұма қарап отырғанына таңым бар. Бұл – Израильдің жауыздығын көпе-көрнеу қолдау емес пе?!  Бірақ, біз бауырластарымызбен біргеміз! Мейлі, бүкіл әлем үнін шығармай-ақ қойсын, біз олай істей алмаймыз. Біз әр уақытта өзімшіл тирандардың естеріне адами құндылықтар мен ар-ұятты  салып отыратын боламыз. Олар Түркияның да осы қан төгіске көз жұма қарағанын қалайды.  Жоқ, олай болмайды! Түркия – кешірім сұрайтын емес, кешірім сұрататын мемлекет» деп айырықша батылдық танытты.

Тек Түркия ғана танып отырған Солтүстік Кипрдегі газ кен орнын игеру мәселесі шиленісті ушықтыра түсті. Осы бағыттағы кез келген дипломатиялық қадамдар нәтиже беріп отырған жоқ. Бұған әлемдік қауымдастық, соның ішінде  Израиль мен Греция айырықша наразылық білдіріп отыр. Кипр аспанына екі елдің зымырандары да ауық-ауық  көтеріліп қояды. Абырой болғанда, әзірге ашық басқыншылық әрекеттер байқала қойған жоқ. Дегенмен, кейінгі кезде Израиль бейбіт қадамдарға ұмтылыс жасағысы келетін сыңай байқатып еді, алайда,  ресми Анкара оны елей қоймады.

Түркияның күрдтерге қарсы әскери операциясы да әлем назарынан тыс қалмауда.  Күрд жұмысшы партиясының әскер базасына түрік әскерінің соққы беруі өзі қиюы қашып тұрған мәселені одан сайын күрделендіре түсті. Кеуделерін ашу буған елдегі күрдтер жаппай ереуіл ұйымдастырды. Оған қарсы үкімет те қарап қалмады. Көтерілісшілерді бірінен соң бірін түрмеге тоғытты.

Түркияның Иракпен де, Сириямен де арақатынастары жақсарып кететін түрі жоқ. Әсіресе, түрік-сирия шекарасындағы жанжал көпшілікті қатты алаңдатады. Түркияға ағылған босқындар санында есеп жоқ. Кейбір сарапшылар, Сириядан Түркияға аз уақытта 1,7 миллион адамның өтіп кеткенін айтады. Олардың  350 мыңы мектеп жасындағы балалар болып отыр. Осы қиындыққа байланысты елдің білім министрі сол босқын балалардың тек мектеп есігін биыл  жүз қырық мыңы ғана ашты деп мәлімдеді. Қалған екі жүз мың бүлдіршіннің білім алу мүмкіндігі болмай отырғаны қынжылтады.

Сарапшылардың пікірінше, Түркия қазір Таяу Шығыста өз үстемдігін жүргізуге ұмтылуда көрінеді.  Шыны керек, оған елдегі экономикалық өрлеудің де буы әсер етпей қоймайтын тәрізді.

Айта кетейік, Түркия: «Қырымның заңсыз аннексиялануын мойындамаймыз. Керісінше, біз Украинаның аумақтық және шекаралық бір тұтастығын қолдаймыз»  деп  әлемге жар салған болатын.  Осыған қарағанда, түрік ағайындар айналасындағы  шекаралас  елдердің ғана тағдырына алаңдап қана қоймайды,  дүбірлі дүниедегі барлық мәселелерге бей-жай қарай алмайтын сияқты.

Бірақ, мемлекет басына келе салысымен, Ердоған елде татуласудың жаңа кезеңі басталғанын айтқан болатын. «Бүгін біз бір кезеңді аяқтап, екінші кезеңге аяқ басып отырмыз. Ескі дауларды доғарып, жаңа әлеуметтік татуласу кезеңіне көшейік» деді ол.

Түркия бізбен етене бауыр екенін жоғарыда айттық. «Арғы атам – ер түрік, біз – қазақ еліміз» деген қанатты сөз де бар.  Екі елдің айырықша экономикалық, рухани, дипломатиялық байланыстарының нығаюына Нұрсұлтан Назарбаев пен Режеп Ердоғанның сіңірген еңбектері орасан зор. 2009 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылды. Содан бері сауда айналымы жыл сайын ұлғайып келеді.  Инвесторлар да ел экономикасын қолдап, қол ұштарын созуда. Тағы бір атап айтарлығы, 2009 жылы Әзербайжанның Нах­чиван қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының тоғызыншы саммитінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылған болатын. Содан бері Түркі кеңесінің саммиттері мен мәжілістері Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия қалаларында жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Елбасының бастамасымен құрылған Астанадағы Түркі академиясы, Анкарадағы ТҮРКСОЙ,  Стамбулдағы Түркі дүниесінің тұрақты хатшылығы – көшін болашаққа түзеген үлкен керуен. Ұлы далада мәдениет пен білімнің ошағына айналған, адамзат тарихында іргелі бетбұрыстар жасаған түркі әлемінің көкбайрағы Стамбулда Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан көкке көтерілді. Ол – түркі әлемінің тегеурінді басшысы атанды.

Ендігі жерде бауыр елдің жаңа президенті Ердоған  Түркі бірлігін күшейтуге, түркішілдіктің терең тамыр жаюына барынша ат салысады, Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшыларымен әрдайым бір төбеден табылып, Сүлеймен Демирел, Тұрғыт Өзәл,  Абдолла Гүлденнен  жалғасқан  ынтымақтастықтың туын желбірете береді деген сенім мол.

 

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button