МәдениетТаным

ӘРХАМ ЖАЙЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

архам

Абайтануға зор үлес қосқан ұлы ақын ұрпақтарының бірі – Әрхам Ысқақов. Оның әкесі Кәкітай Ысқақұлы – Абайдың тұңғыш жинағын 1909 жылы Петерборда бастырып шығарып, ақын өмірбаянын қағазға түсірген, ширек ғасыр ақын тәрбиесінде болған немере інісі. Әрхам Кәкітайұлы 1885 жылы Шыңғыстауда, үлкен Ақшоқы деген жерде дүниеге келген. Ақшоқы – 1860 жылдан атасы Ысқақтың қонысы. Құнанбай Тәңірберді, Абай, Ысқақтың еншілерін бөлгенде қоңсылас жер берген, бір мезгілде үйлендірген. Сол үш отау Шыңғыстаудың күншығыс даласында жетпіс-сексен шақырым аумақтағы Ақшоқы, Алшын, Тесіпшыққан аталатын мол пішенді қалың қорыққа орын тебеді.

Кәкітайдың бәйбішесі Сәлихадан туған тұңғышы Әрхам қазақ салты бойынша атасы Ысқақтың бауырында тәрбиеленген. Қыстауы мен жайлауы қатар, ауыл арасы жақын болғандықтан, Әрхам Ысқақ пен Абай үйіндегі алғашқы немере болды. Абайтану мектебінің ірі өкілі Қайым Мұхамедханов Әрхам жөнінде: «Әрхам тоғыз жасында ескіше оқуға түсіп, төрт жыл ауыл молдасынан сабақ алып, сауатын ашқан. Бірақ, Абайдың өзі оған үлкен мектеп болған» деп жазады. Әрхам қызы Мінәшқа жазған хатында: «Жасымда мұсылманша оқып хат таныдым. Орысша оқуға денсаулығым жарамады» деген.
Кәкітай ержеткен баласының орысша білім алуын жөн көргенімен, атасы Әрхамның денсаулығының нашарлығын сылтау қылып, Семейде оқуына қарсылық білдірген. Әрхамның орнына Кәкітай кіші ұлдары Біләл мен Даниялды алып, Семейге аттанған. Содан кейін атасы Әрхамды егін егіп, шөп шауып, мал байлауға баулыпты. Біләл мен Даниял қалада жүргенде, екі ауылдың шаруашылығы Әрхамның мойнында болды. Өзі айтқандай, «үзіп-жұлып жүріп Абай ағасынан орысша оқып, нан сұрап жерлік» сауатын ашады. Төрт жасынан Абайдың маңында болып, жүйрік шешен, дүлдүл әнші-күйшілерді тыңдап өседі. Абай дүниеден өткенде Әрхам он тоғыз жаста еді. Абай жетік білген батыс және шығыс классиктерінің шығармаларын көкірегіне тоқып, жаттап өсумен бірге әдебиетпен де етене таныс болды.
Абай дүниеден өткеннен кейін Әрхам әкесі Кәкітайға серік болады. Абайдың өлең-сөздерін әкесімен бірге жинасып, 1907 жылы Абай шығармаларын бастыру үшін Семейге бірге барады. Семейден баспахана табылмай, әкесін Омбыға шығарып салып, еліне қайтады. Кәкітай дүниеден өткеннен соң Әрхам атасы Абайдың өнеге сөздерін, бастан кешкен уақиғаларын, баспа көрмеген кейбір өлеңдерін, жеке бұйымдарын жинауға кіріседі.
1924 жылы М.Әуезов пен інісі Даниялдың көмегімен Шыңғыстаудың күнбатыс жағындағы құйқалы қоныс – Бақанас, Байқошқар, Қазбала, Жаныбек өзендерінің түйіскен жері – Аралтоғайдан алпыс үйлі кедейдің басын қосып, артель құрған. Бақанас басынан қала үлгісімен үй, аурухана, монша, су диірмені, май зауытын салдырады. Алпыс үйдің балалары үшін мектеп салдырып, қаладан оқытушы-мұғалімдер алғызып, Абай елінде тұңғыш мектеп ашқан. Өзі де бала оқытқан.
Әрхамның ісі алға басып, еңбегі жанып келе жатқанда, бір «қолы жүйрік» белсенді «Құнанбай ұрпағы, ел билеп, байып отыр» деп жоғары жаққа арызданады. Бір түнде Әрхам ата Семей абақтысына қамалады. Жазықсыз жан жаланың құрбаны болғанына алпыс үйлі кедей дүр көтеріліп, абақты алдында жатып алған көрінеді. Халық талабы зая кеткен жоқ. Бірақ, түрмеден босаған Әрхамды Бақанасқа жібермей, 1927 жылы Көкпекті ауданына қарасты Үшкөмей деген жерде мал бақтырады. 1929-30 жылдары Әрхам жағдайына қанық болған Мұхтар Әуезов оның Ташкентке жетуіне ықпал етіп, қамқорлық көрсеткен.
1939-1940 жылдан бастап Әрхамды Қазақстандағы ғылыми-зерттеу қоғамы мен орталық музей Абай мұрасын жинақтау, Семейдегі Абайдың мемориалдық музейін ұйымдастыру ісіне атсалысуға шақырады. Абай музейінің іргетасын қаласып, шаңырағын көтеру ісінде Әрхам Ысқақов зор еңбек етті. 1940 жылы Абай музейі ашылған күннен бастап қызметке орналасады. Абай музейінің директоры Жәрдем Тілековтің 1941 жылғы 4 маусымдағы №30 бұйрығының 2-бабында: «С 5/06. с.г. научного работника музея Исхакова Архама командировать в Чубартауский, Абаевский районы по сбору экспонатов, касающихся к жизни и творческой деятельности поэта Абая Кунанбаева» деп жазылған.
Әрхам Ысқақов Семей облысына қарасты барлық аудандарды аралап, Абай замандастарының ақын туралы жетпістен астам естелік-әңгімелерін жинақтап, музейдің қолжазба қорын байытты. Абайдың ақын балалары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Әубәкір шығарған ұсақ өлеңдерді жинап, Шыңғыстау елі жөнінде құнды деректерді, өз әкесі Кәкітай туралы, Ақылбай, Әубәкір жөнінде естеліктер жазды. «Абайдың інісі Әрхам – ақынжанды, нелер құнды тарихи әңгімелер айтады. Ол әңгімеші ғана емес, өзі де білікті зерттеуші» дейді Мұхтар Әуезов. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов: «Әрхам Кәкітайұлының Абай туралы жинаған бай материалы зерттелген емес. Бұл абайтану ғылымы үшін бай қазына…» дейді.
Әрхам Абайдың жүз жылдығына орай Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл-әдебиет институты шығарған академиялық толық жинағын баспаға дайындауға қатысты. Абай сөздері мен кісі аттарына түсінік беруге жәрдемдескен. Мереке қарсаңында М.Әуезовтің кеңесі бойынша Әрхам Ысқақовтың түсіндіруімен музейде қыстаудың макеті жасалады. Онда ішкі бөлмелердегі жасау-жиһаздар мен үй мүліктерінің орналасуы ақынның көзі тірісіндегі қалпында бейнеленген. 1948 жылы Алматы, Жамбыл, Шымкент, Ташкент қалаларын аралап, Абай ұрпақтарының 125 фотосуретін тапты. Олардың ақынға жақындығын, жасын, мекен-жайларын жазып, музейге тапсырды.
Әрхам өткен өмір сырына жетік, ескі дүниеге куә, жаңа заманға айғақ болған. Ұлы ақын мұрасын жинауда игілікті жұмыстар атқарумен қатар, «Абайдың өмір жолы» деген 200 беттік кітап (1958 жылы), «Абай өмірінің соңғы жылдары» естелігін (1962 жылы) жазған. Бұларда М.Әуезовтің роман-эпопеясына кірмей қалған көптеген уақиғалар, рулар арасындағы айтыс-тартыстар, жер-су аттары, ақынның туыстық, құда-жекжаттық, нағашы-жиендік, тағы басқа да байланыстары баяндалады. Абайдың жақын адамы есебінде ақынның балалық, жастық шағына, шыққан ортасына, мінез-құлқына, жазу дағдысына, ағартушылық көзқарасы мен халықпен қарым-қатынасына көбірек көңіл бөледі. Өскенбайдың, Құнанбай мен Абайдың шеше тегінен бастап, шежіресін таратады. Әрхам Ысқақовтың қолжазба еңбегі жайында белгілі ғалым Е.Ысмайылов «Әрхамның бұл еңбегі – ғылыми жүйеге түскен өмірбаян емес, Абайдың өмірін жан-жақты түсінуге қажетті, аса құнды қосымша материалдар. Бұл, әсіресе, Абайды зерттеушілерге, Абайдың жеке өлең сөздерін тексерушілерге, жалпы әдебиетші, оқырман жұртшылығына қызықты да бағалы еңбек» деп баға береді.
М.Әуезовтің «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1945 жылы туған» дегенін Әрхам былай толықтырады: «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді». Ә.Ысқақовтың осы құнды дерегі Абайдың туған күнін 10 тамыз емес, жаңа жыл қайырумен 23 тамызда тойлануының бірден-бір негізі болып табылады.
Көптеген деректерде Абай алпыс жасында дүниеден қайтты делінсе, Әрхам Кәкітайұлы елу тоғыз жасында дейді. Өз көзімен көріп, қолымен жөнелткен Абайдың бауыр-баласы Әрхам оның қазасы жөнінде былай деген: «Сол жылы жонға-жайлауға Абайға, Ысқаққа қараған жиырма шақты ауыл түгел көшіп шықты. Жаздай батаоқыр болып, Абай ауылы жиыннан босамады. Балашақпақ өзеніне барып қонып, Мағауияның қырқын өткізуге дайындық жасады…Мағауияның жабдығын Кәкітай мен Тұрағұл басқарады. Абай кіріспеді. Көп адам жиналып Мағауияның қырқын, қатымын беріп тарқаған күні кешке Абай ауырып шықты. Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді, жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, біреу жағдайын сұраса, басын шайқады… Абайдың осындай ауруға ұшырағанын естіп, өзінің туған ағасы Тәңірберді келді. Ол есіктен кіре жылап: «Бір анадан төртеу туып едік, екі ініден айырылып едім, енді мен сенің де артыңда қалатын болдым ба?» деп еңіреді. Абай ағасының бетіне қарап отырып: «Ез күнде өледі, ер бір-ақ өледі» деді. Басқа сөз айтқан жоқ. «Тілі сөйлеуге келмейді» деген ел Абайдың әдейі сөйлемейтінін сонда ғана білді. Үш күн сол қалыппен басын көтеріп жатпай отырып, ескіше 23 июнь күні Абай 59 жасында дүниеден қайтты…»
1935 жылы М.Әуезовтің белсенді қызметінің нәтижесінде Семейде Абай әндерін алғаш рет толық жинап, нотаға түсіру қолға алынды. Композитор Латиф Хамиди Әрхамнан Абайдың «Біреуден біреу артылса», «Желсіз түнде жарық ай», «Ішім – өлген, сыртым – сау», «Сегіз аяқ», «Татьянаның Онегинге жазған хаты» сынды жиырмаға жуық әнін жазып алған. Әнші К.Өлмесековтың айтуынша, Абай әндерінің ең дұрыс нұсқаларын жеткізген – Әрхам Ысқақов.
Әрхам өлең де жазған, бірнеше рет ақындар айтысына қатысқан. Әрхам өлеңдерінде табиғатты, өнер-білімді, оқу-ғылымды жырлап, ескі дүниенің жарамсыз қылықтарын сынап, жаңа заман сәулетті өмірін суреттейді. 1930 жылы Ташкентте айдауда жүргенде, еліне, жеріне деген сағынышын өлеңмен жекізеді:
Бақанас сағынамын өзеніңді,
Тік жартас, биік асу кезеңіңді.
Тал, қайың, мойыл, терек араласқан
Көк жасыл, ұзын аққан өзегіңді.
Әрхамның поэзиядағы елеулі еңбегі – 1961 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Зағипа» атты тарихи поэмасы. Поэма Абайдың жарқын бейнесін, Абай заманын, бай-болыстарды, солардан жапа тартқан Әбдіқызы Зағипаның тағдырын жырлайды. Бұл еңбек 1961 жылы жеке кітап болып жарық көрді.
Әрхам Ысқақов – сонымен бірге асқан дойбышы, Орта Азия бойынша чемпион атанған. 1950-60 жылдары облыстық, республикалық жарыстарда топ жарған. Дипломдары мұражай қорында сақтаулы.
Бүкіл саналы ғұмырын ұлы атасының еңбегін зерттеуге арнаған Әрхам Ысқақов 1963 жылы 31 қаңтарда Абай ауданында, жетпіс жеті жасында дүниеден қайтты. Сүйегі Қарауылда жерленді.

Шынар МҰРАТҚЫЗЫ,
Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button