Басты ақпаратСұхбат

Архив – ел тарихының қазынасы

Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві – республикалық мемлекеттік мекемесі елорда төріндегі маңызды нысандардың бірі. Мұнда елдігімізге қатысты құнды құжаттар қоры сақталады. Бүгін біз осы мекеменің тыныс-тіршілігі туралы әңгіме өрбітеміз. Газет тілшісі сауалдарына мекеме басшысы Жангелді МАХАШОВ жауап берді.

– Жангелді Меңлібайұлы, сұхбатымызды «Біздерді де ойлайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табыламыз» деп Мұқағали ақын жыр­лағандай, Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің мақсат-мүддесінен бастасақ.
– Өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы мен ерекшеліктері, айқындалатын айтулы оқиғалары, жылнамалары бар. Осы ретте архив ісіне жүктелетін жауапкершілік орасан деп ойлаймын. Біле білсек, архив – тарихи шежіре қоймасы ғана емес, әрбір ұлт тарихының қазынасы. Ата-бабаларымыздың тарихын ғана емес, олардың арман-тілегін, ақыл-ойын, даналығы мен даралығын, парасаты мен үлгі-өнеге өсиеттерін сақтап отыратын киелі орын. Қазақстан архивтерінің мемлекет тарихының қалыптасудағы рөлі өте зор. Олар халықтың құжаттық жадын бір талдап жинап, өскелең ұрпақ үшін сақтайды.

Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық архиві 2006 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №692 қаулысы негізінде құрылды. Тәуелсіздіктің 15 жылдығы қарсаңында, яғни 2006 жылғы 14 желтоқсанда салтанатты ашылуы болды. Ұлттық архивтің жалпы аумағы 12725,8 шаршы метрді алып жатыр, оның ішінде 3260.06 шаршы метрін мұрағат қоймалары алып тұр.

Мекеме қызметіндегі ең бірінші және басты бағдары әртүрлі жеткізгіштерде бастапқы капиталында мемлекеттік меншік үлесі бар орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардан құжаттарды іріктеу және сақтау­ға қабылдау болып табылады.
Қорларда Ұлттық архив қорының және жеке құрам бойынша құжаттардың 2007 жылдан бүгінгі күнге дейін 352 мыңнан астам сақтау бірлігі сақталуда.Ұлттық архивте мемлекеттік сақтауда Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, атап айтқанда, Жоғарғы кеңес, Парламент, Орталық сайлау комиссиясы, Үкімет Аппараты, Конституциялық, Жоғарғы, Жоғарғы арбитражды сот, Бас прокуратура, әділет; транспорттық құрылыс; байланыс; экономика; сауда; ауылшаруашылық; тұрғын үй мен территориялардың құрылысы; экология мен табиғи ресурстар; білім; мәдениет; денсаулық сақтау; геология; еңбек және халықты әлеуметтік қорғау; өнеркәсіп министрліктері және оларға бағынысты ұйымдардың мұрағат қорлары сақталуда.


– Өзіңіз атап өткендей, Ұлттық архивтің қоры бай екені көрініп тұр. Сіздер сонда тек мемлекеттік органдардың құжаттарын тұрақты сақтауға қабылдайсыздар ма?
– Бүгінгі таңда Ұлттық архив қоғамның материалдық және рухани өмірін бейнелейтін Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени маңызы бар тарихи жинақталған және үнемі толықтырылып отыратын архивтік құжаттар қорына айналып отыр.

Мәселен, Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ХII шақырылымының IХ сессиясында қабылданған Конституцияның мәтіні, араб ғалымы аль-Идрисидің (ХII ғ.) «Сурат аль-Ард» географиялық картасы, Астана қаласы құрылысының Бас жоспары және басқа бірегей құжаттар жинақталып сақталады.

Қазақстан Республикасының көрнекті қоғам, саясат және мемлекет қайраткерлері Әлкей Марғұлан, Ақселеу Сейдімбек, Мақсұт Нәрікбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Бақытжан Ертаев және басқа да белгілі тұлғалардың жеке қорлары ашылып, ерекше құнды құжаттары тұрақты сақтауға қабылданған.
– Сіздерде еліміздің тарихына қатысты шет мемлекеттердің архивтерінен әкелінген құнды құжаттар бар ма?
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыру бүгін басталмағанын және тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқарылғанын атап өткені белгілі. Бұған дәлел – өзінің бастамасымен іске асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Ол халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін; ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау; мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады. Бұл бағдарламаны стратегиялық ұлттық жоба деуге болады. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы еліміздің тарихына қатысты маңызды құжаттар анықтауда үлкен рөл атқарды.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында мемлекеттік сақтауға жақын және алыс шетел мемлекеттерінен: Ресей, Армения, Өзбекстан, Польша, Мысыр, Америка, Түркия, Қытай, Венгрия, Франция, Испаниядан Қазақстан тарихына қатысты түпнұсқа ретінде саналатын құжаттардың көшірмелері алынды. Бұл мұрағат қоймаларында тәуелсіз мемлекет қалыптасуының тарихи оқиғаларын, экономиканы қайта құру, еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуы үрдістерін айқындайтын бірегей ақпарат жинақтауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, 2018 жылдың 14 мамырында Түркия Республикасының Осман архиві Осман империясы және Орталық Азия хандықтары арасындағы байланыстар туралы құжат көшірмелері электрондық тасығыш түрінде біздің Ұлттық архивке сыйға тартылды. Сыйға тартылған құжаттардың ішінде 1714 жылғы 16 қаңтарда Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің қалмақтардың жеңіліске ұшырағанын хабарлау үшін жазып, елшісі Сейіт Мұхамедқұл арқылы Сұлтан III-ші Ахметке жолдаған хатының аудармасы басылған картина, араб тіліндегі хат көшірмесі бар.
– Ұлттық архив тағы қандай бағытта қызмет атқарады?


– Ұлттық архивтің негізгі бағыттардың бірі құжаттарды пайдалану болып келеді. Архивтік құжаттарды пайдалану – ол құжаттарды көрмелер арқылы халыққа таныстыру, баспаға шығару, сұраныстарды орындау болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің архивтік құжаттары, кинофонобейне және фотоқұжаттары мемлекеттіліктің қалыптасуындағы, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын табысты жүргізудегі тарихи оқиғаларға көпшілік қауымның қызығушылығын тудыратын тақырыптық стационарлық және жылжымалы көрмелерде қойылады.
Ұлттық архив еліміздің ең маңызды күндеріне арналған, яғни Тәуелсіздік күніне, Қазақстан Рсепубликасының Тұңғыш Президенті күніне, Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне, Астана қаласының мерейтойларына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске және көрнекті қайраткерлердің мерейтойларына арналған құжаттық көрмелер өткізді.
2018 жылдың 13 сәуірінде «Ерліктің дастаны-генерал Ертаев» атты Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың жеке қорының салтанатты ашылуы өтті. Биыл мамыр айында 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» құжаттық көрме ұйымдастырдық.
Сонымен қатар, 15 маусымда Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында «Елдің төрі – елорда» атты құжаттық көрмесі ашылып, қазір де халыққа таныстырылып жатыр.
Жоғарыда айтып өткендей, құжаттарды пайдаланудың тағы бір түрі – баспаға қолдану.
Халықтың тарихи-мәдени мұрасын арттыру және сақтап қалу архив саласы мен қызметіндегі өзекті мәселелерді түсіндіру мақсатында жылына 4 рет шығатын ақпараттық және ғылыми-практикалық журнал «Қазақстан архивтері» Қазақстан Республикасындағы жалғыз ғылыми басылым болып отыр. Ұлттық архив «Қазақстан архивтері» ғылыми-практикалық журналын өз күшімен шығарып, архивтік құжаттардың негізінде танымал тарихшылар мен архив қызметкерлерінің мақалаларын жариялайды.
Ұлттық архив архив ісін насихаттау, тарихқа, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында архивтік құжаттар жинақтарын басып шығарды: «Қазақстан астаналары», «Нұр Отан» ХДП: 10 жыл табыстар мен жетістіктер», «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» Мемлекеттік бағдарламасы құжаттарда (1997-2004 жылдар)», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздік хроникасы: оқиғалар мен фактілер (1991-2011 жылдар)» және т.б.
Биылғы жылы Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық архиві туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген мақалалар мен құжаттар топтамалары, телерадиохабарлар дайындалды.
– Өзіңіз атап өткендей, құжаттарды пайдалану сұраныс арқылы жүзеге асырылады екен. Осы жайында айтып өтсеңіз.
– Азаматтардың заңды құқығын қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары республиканың азаматтарына, соның ішінде шетел азаматтарына архивтік құжаттар негізінде әлеуметтік-құқықтық сипатта архивтік анықтамалар беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілуде және Қазақстан Республикасы және шетел мемлекеттері азаматтарынан, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін сұраныстарды орындау бойынша жұмыс жүргізеді.
Сұраныстар Ресей, Украина, Қырғызстан, Башқұртстан, Германия, Малайзия мемлекеттерінен де келіп түсуде.
Ұйымдар үшін республиканың және аймақтардың саяси, экономикалық, мәдени даму мәселелері бойынша сұраныстар орындалды.
Ұлттық архивтің оқу залдары архивтің маңызды қызметтерінің бірі – зерттеу мақсатында пайдалану үшін құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету қызметін шешуді қамтамасыз етеді. Оқу залдарында қазақстандық зерттеушілер санының көбеюімен қатар жақын және алыс шетелдердің ғылыми мекемелерінің өкілдері де жұмыс жасайды.
Құжаттардың мәңгі сақталуы мен пайдалануын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві азаматтық қоғамның нығаюына, құқықтық мемлекеттің құрылуына, демократиялық көзқарастардың қалыптасуына, қазақстандықтарды азаматтық, отаншылдық, толеранттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді және де тарихи-мәдени, ғылыми-оқу мекемесі ретінде барлық ұйымдар және мекемелермен қызметтестік үшін ашық.
Ұлттық архивтің www.ulttykmyragat.kz сайты бар. Веб-сайт беттерінде Ұлттық архивтің барлық қызметтік жүйесі көрсетілген.
Сондай-ақ, заңды және жеке тұлғалардың сауалдарына жедел жауап беру мақсатында «Сұрақ-жауап» бөлімі жұмыс атқарады.
– Қазіргі таңда бүкіл қоғам цифрландырудың әлеміне еніп барады, сол цифрландыру технологиялары архив саласына не береді?
– Иә, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Осы бағытта Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен мемлекеттік органдарда электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі және мемлекеттік органдардағы электронды құжат айналым жүйесінде қалыптасқан электронды құжаттарды электронды құжаттар қоймасына көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Түптеп айтқанда, қабылданған өзгерістер мен толықтырулар электрондық жүйе құжаттарды электрондық түрге айналдыруға, оған қолжетімділікті қамтамасыз етуге және электрондық архивті басқаруға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде құнды құжаттарды цифрлық нысанға көшіру жұмыс­тары жүйелі негізде атқарылып келеді.
– Архив саласындағы халық­аралық ынтымақтастық туралы айтып өтсеңіз.
– Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві Халықаралық архивтер кеңесінің Еуразиялық аймақтық бөлімшесінің (ЕВРАЗИКА МСА) мүшесі болып табылады. Соңғы жылдары Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Арменияда болып өткен «Евразиканың» барлық шараларында Қазақстан делегациясы құрамында Ұлттық архивтің қызметкерлері белсене араласады. Тек республикалық деңгейдегі емес, халықаралық ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялардың жұмысына да қатысамыз.
Сұхбатты түйіндейтін болсам, «Өткен күн – кешегі тарих, келер күн – ертеңгі сыр, Бүгінгі күн – үлкен сый» деп Қорқыт атамыз айтқандай, болашақ ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолында еңбектене бермекпіз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button