Руханият

Архивте құнды мұра бар

Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінде жеке тектік құжаттарды толықтыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Архивті толықтыру көздері болып табылатын азаматтар тізіміне барлығы 96 қор құрушы енгізілді. Бұл – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мәдениет және өнер қызметкерлері, журналистер, жазушылар, ғылым қайраткерлері және елорданың дамуына елеулі үлес қосқан өзге де танымал тұлғалар.

[smartslider3 slider=568]

Архивте жазушы, өлкетанушы Андрей Дубицкий, Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Смағұл Сәдуақасов пен Жұмабек Тәшенев, жазушы, сатирик, тарих зерттеуші Табыл Құлыяс, тарихшы-ғалым Зиябек Қабылдинов, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Акмолинская правда» газетінің фототілшісі Нұрмұхамед Имамов, ақын, жазушы Нұрғожа Ораз, «Мемориалдық аймақ» іздестіру жасағының командирі Майдан Құсайынов сынды елге белгілі азаматтардың жеке тектік қорлары сақтаулы.
Кейінгі жылдары қалалық архив жеке тектік қорларын құруға елорда мен елдің дамуына үлес қосқан көрнекті спортшыларды, музыканттарды, суретшілерді тарта бастады. Осылайша «Қазақстан чем­пиондары» архивтік топтамасы құрылды. Оған Олимпиада және екі дүркін әлем чем­пионы Серік Сәпиевтің, «Барыс» хоккей клубының құжаттары енгізілді.
«Мәдени мұра» архивтік топтамасын ақын, жыршы Баянғали Әлімжанов толық­тырды. 2020 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы, генерал-майор Айдын Айымбетовтің жеке текті қоры ашылды.
Тұңғыш Президент – ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында архивтерді дамыту қажеттігіне жеке тоқталып, «Архив-2025» бағдарламасын әзірлеуге тап­сырма бергені белгілі.
Осы бағдарламаларды іске асыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві 2019-2021 жылдарға арналған архивті дамыту стратегиясын әзірледі. Екі жыл ішінде негізгі міндеттерді шешуде айтарлықтай табыстарға жетті.
Архив қоймасын дәстүрлі ақпарат тасығыштарды (қағаз құжаттар, фотосуреттер және т. б.) сақтауға арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етті. Архивтік сөрелердің жалпы ұзындығы 7584 шаршы метрді құрайды.
Құжаттардың жоғалуын және оларды рұқсатсыз пайдалануды болдырмау үшін биыл архив қоймалары ішінде радиожиілік таңбаларының көмегімен құжаттарды қауіпсіз сақтау және құжаттардың қозғалысын бақылау жүйесі (RFID-жүйе) енгізілді. Аса құнды құжаттардың сақтандыру қорын құру бойынша жұмыс басталды. Сақтандыру қоры – 9006 сақтау бірлігі, 1232017 бет микрофотопленка.
Архив базасында тозған аса құнды құжаттарды қалпына келтіру бойынша толыққанды зертхана жұмыс істейді. Қазіргі уақытта архивтің балансында 5 жылжымайтын мүлік нысаны бар. Соның ішінде 4 ғимарат – архив қоймалары. Қоймалардың жалпы ауданы – 1236,9 ш. м.
Архив ғимараттары бірінің базасында (көпес В.Кубриннің үйі) тұрақты тарихи-өлкетану экспозициясын құру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта архивтің балансына әртүрлі кезеңдерде қала өмірін көрсететін 16747 экспонат пен артефакт берілді. Бұл коллекцияларды осы экспозицияны құруға үлес қосқысы келетін елорданың белсенді тұрғындары толықтыруда.
Архив заманауи 3D сканердің көмегімен барлық экспонаттардың толық 3D көшірмелері орналастырылатын виртуалды экспозиция­ны құру бойынша жұмысты бастады. 2018-2021 жылдар аралығында 500-ден астам көрме, экскурсия, дәріс, конференция, семинар және т. б. өткізілді және жүзеге асырылды. Архив генеологиялық іздеу жобасын сәтті жүзеге асыруда. 2019-2021 жылдары архивке генеологиялық сипаттағы 66 сұраным келіп түсті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button