Денсаулық

Әріптестерінің жанкештілігіне риза

Елордада коронавируспен күреске ең алғашқы күннен жұмылдырылған дәрігерлердің бірі – №10 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі Фарид Әбдірапиев. 6 жылдық жұмыс тәжірибесіндегі ең бір ауыр кезең болған биылғы жылдың басынан, нақтырақ айтқанда, ақпан айынан бастап ол көп салалы медициналық орталыққа жаһандық індет жұққан алғашқы науқастарды қабылдап, емдеуге жіберілген болатын. – Мұнда шетелден келген жерлестерімізді тексеріп, вирус жұқтырғанын, жұқтырмағанын анықтай бастадық. Тәулігіне 50-60 пациенттен қабылдадық. Тест нәтижесі оң болса, 14 күн стационарда, теріс болса, үйінде 14 күн карантинде емдеп, қадағаладық. Наурыз айында №3 көпсалалы ауруханаға ауыстым. Мұнда да сондай көлемде пациенттерді қабылдап жүрдік. Ал сәуір айынан бері өз емханама оралдым, – дейді Фарид дәрігер.
Оның айтуынша, пандемияның шарықтау шегі – 15 маусым мен бүгінге дейін болды. Емхананың өзінде дәрігерлер КВИ жұқтыру қаупі бар және жұқтырған тәулігіне 200 пациентке қыз­мет көрсеткен. Жеңіл түріне шалдыққандарға амбулаториялық, ал орта және ауыр жағдайдағыларға стационарлық ем жасалған. Қазір жағдай біршама жақсарып, емханадағы жұмыстар тұрақталды. Тәулігіне олар 40-50 пациенттен қабылдап жатыр.
– Мен өз әріптестерімнің жанкештілігі мен патриоттық сезімдерінің жоғары екенін айта кеткім келеді. Бұл ауыр дертпен күрес ақ халаттылар үшін сынақ болғандай. Осындай ауыр кезеңде де өз қызметтік міндеттеріне адалдығын сақтап қалған медицина мамандарына мың алғыс айтқым келеді. Олар күндіз де, түнде де ауыр науқастардың қасынан табылып, өз бастарына төнген қауіпті ойлаған жоқ, – дейді ол.
Медициналық жоғары білімін Түркістанда оқып тәмамдаған соң Фарид еңбек жолын алғаш елордада 2014 жылы бастаған. Бүгінде екі баланың әкесі атанған маманнан коронавирустың екінші толқыны туралы сұрадық.
– Ең бастысы – профилактикалық шараларды дұрыс орындау. Жеке бас гигиенасын сақтауға кеңес беремін. Пандемияның екінші толқыны балаларға қатысты бола ма деген сұрағыңызға нақты жауап бере алмаймын, бұл тек әзірге болжам ғана, балаларға қатысты болады деген де нақты дерек жоқ. Ол қашан, қалай келсе де, біз үлкен, кіші демей иммунитетімізді көтеріп, дұрыс тамақтануды, таза ауада көп жүріп, спортпен шұғылдануды ойластырғанымыз жөн, – деп кеңес берді дәрігер.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button