Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

«АРМАН» ЕСІК АШТЫ

Алақай, жаз!!! Иә, дема­лыс бастала салысымен балалар өздерін тоғыз айлық тұсаудан босап, еркіндікке шыққандай сезінетіні рас. Алай­да, әр ата-ана баласын саф ауамен тыныстар табиғаты тамаша дема­лыспен қамтамасыз ете бермейтіні белгілі. Көбі жұмыста. Жасыратыны жоқ, кейбір шамасы кел­меген отбасының баласы үш ай бойы қапас үйде қамалып, екі әткеншек әрең сиятын аядай аула­дан ұзап кете алмайды.

Осындайда, баланы тынықтырып, шынықтырып, жан-жақты дамытатын лагерьге жіберу аса өзекті мәселеге айналады. Елор­да маңайында Астана қаласы Білім басқармасына қарасты үш лагерь бар. Олар – «Батыр», «Боровичок» және «Арман» атты лагерьлер. «Боровичок» тек жетім балаларға арналған. «Батыр» шатырлы лагері де ара­сында көпбалалы және отбасы жағдайы нашар жанұялардың ба­лаларын қамтуға бағытталған. Ал, күні кеше салтанатты ашылуына қатысудың сәті түскен «Арман» лагері бір жазда бес ауысыммен үздіксіз жұмыс істейді екен. Мұнда шамамен бір жазда 1800-2000 бала демалысын өткізе алады. Бір маусымда 5 ауысым, оның 1,4,5 ауысымы тегін. Тек 2-3 ауысым ақылы. Қалалық басқарманың көмегімен 900-ге жуық бала бюджеттен қаржыландырылады. Бұл да жергілікті басқарманың көпбалалы және жағдайы нашар отбасылар үшін жасап отырған қамқорлығы. Қолжетімді ла­герьге басқа оқушылар 22 мың теңге төлеп, өз мектептерінен жазылып келуіне жол ашық. Лагерьдің ашылу салтанатына Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина бастаған барлық мектеп директорлары жиналды. Маусым айы балалар мерекесімен басталатынын барлықтарыңыз да білесіздер. Сол мерекеден бастау алған жақсы көңіл-күй, мінекей, балалардың жайлы, әсерлі дема­лысына жалғасуда. Жақсылап тынығып, жазғы демалыстарыңды көңілді өткізулеріңе тілектеспіз! Ол үшін лагерь басшылығы мұнда барлық жағдайды жасап, балаларға құшағын кең жайып отыр»,– деді басқарма бастығы сөз кезегінде.

Осыншама қонақтардың ал­дында 8 топқа екшелген алғашқы ауысымдағы 2-10-сыныптар аралығындағы оқушылар ән са­лып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Аға тәлімгер алдында топ басшылары рапорт тапсырып, өздерінің ұраны мен ұстанымын қадап айтты. Әсіресе, ең кішкентай топтың басшысы 4-сыныпқа өткен Нұрсұлтан Молдабаевтың басқаруымен айтылған ұран ұтымды шықты.

Бір қызығы, лагерьдің тәрбиелеу, қадағалау жұмыстары әр ауысым кезінде әр мектепке жүктеледі екен. Алғашқы ауысымды елорданың мақтаулы білім ұяларының бірі №64 мектеп ұжымы қабылдап алыпты. Бірінші ауысымдағы 320 оқушының демалысы қызықты әрі мағыналы өтуіне осы мектептің педагогикалық құрамы жауап­ты. Күнге күйіп, даланың хош иісімен кеудесін кере дем алған бала біткен лагерьге келгеніне аса қуанышты. Лагерь басшысы Бейсенбай Катиевтің айтуынша, бұл мекеме тек жазда емес, тіпті қыста да оқушылардың демалысын қамтамасыз етуге де бағытталған. Қыста мұнда табиғаттың қаһарлы қас-қабағына қарамастан, шаңғы теуіп, атқа мініп, лайықты демалуға әбден болады екен. «Кеңес өкіметінен кейін қараусыз қалған жер еді. Қала басшыларының құнттауымен осы араны 2003 жылдан бері өз күшімізбен жөндеп, қалыпқа келтіріп, неше жылдан бері шама­мыз жеткенше балалардың демалу­ына мүмкіндігінше дұрыс жағдай жасауға тырысып келеміз»,– деп ағынан жарылды лагерь басшысы.

Бес уақыт тойымды тамақ беріп, жайлы төсекте жатқызып қана қоймай, баланың рухани, әрі физиологиялық демалуын қатты қадағалайтын лагерьдің ішкі тәртібі көңіл көншітерлік. Мұнда жас ерекшелігіне қарай сан алуан ойындар үйретіп, хормен айтатын патриоттық әндер жатта­тып, икемділерін биге де үйретеді екен. Мұның барлығына салтанат­ты жиын кезінде сап түзеген ла­герь табалдырығын екі күн бұрын ғана аттаған демалушылардың қимыл-әрекетінен байқадық. №64 мектептің ұстазы Айнұр Доскел­дина алғашқы маусымда осы ла­герьге тәрбиеші болып келіпті. «Мұнда келгеніме қуаныштымын. Өте көңілді. Балалар әр мектеп­тен жиналған соң оларға да бәрі қызық. Бала болған соң оларға танысу, достасу сондай жеңіл. Мен балақайлардың уақтылы жатып, мерзімінде тамақтанып, таза жүріп-тұруына жауаптымын», – дейді бізбен әңгімесінде ең кішкентай топтың тәрбиешісі.

«Лагерь – бұл тек күн мен таза ауа ғана емес, ол өзінің ерекше қызығымен де тартымды болуы керек. Ол қызық, әрине, топтағы көңіл-күй», -деді қоштасарында Әсима Темкеқызы. Иә, балалықтың балдәурені осындай табиғаты көк шалғын, оң жағы орман, сол жағы тұнық көл болса, қалай жақсы болмасқа! Басқарма бастығы айтқан бір жетіспеушілік, ол бас­сейн екен. Жуырда оны да қолға алып, демалуға келген оқушыларға суға түсуді жолға қою қажеттілігіне баса назар аударды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button