Елорда тынысы

Арман қалам

Астана – тәуелсіз елдің бас қаласы. Арқаның төрінде сылдырап аққан Есілдің жағалауында орналасқан елорда өзінің әдемілігімен көз тартады.

Бүгінде бүкіл әлем тамсанып, «болашақтың қақпасы» деп көз тігіп отыр. Алыс-жақын шет ел азаматтары да қызыға қарап, елдің беталысын назарда ұстауда.

Шыны керек, бас қалада жастардың дамуына мүмкіндік көп. Соның бірі – мен. Қазір 12 жастамын. Астанада өмірге келіп, осы қасиетті мекенде білім алып, елордамен бірге өсіп-жетіліп келемін.

Балабақшада алған әсерім күшті болды. Онда ұлттық құндылықтарды бойыма сіңіруде ән үйірмесіне барып, көркем сөз оқуды үйрендім. Сол жерде жұлдызым жанып, түрлі іс-шараға белсене қатыса бастадым. Әншілік өнерімнің арқасында көпшіліктің қошеметіне ие болып, талай байқауда өз бағымды сынадым.

Бастауыш сыныпты үздік бітіріп, BINOM мектебіне қабылдандым. Сөйтіп, өзім армандаған мектепке қол жеткіздім. Мұнда өз өнерімді шыңдауға көп мүмкіндік ашылды.

Қазір асқақ арманның алға жетелеуімен қаншама жас елордаға бет бұрып, берілген мүмкіндікті тиімді қолданып, өз бағыты бойынша жан-жақты дамып, тіпті, алған білімін осында жетілдіру мақсатында шетел асып, елдің өркендеп, дамуына үлес қосып жатыр. Болашағын елордамен байланыстырған жастарға екі бірдей есік ашық. Біріншісі – ғылым-білімге деген құштарлық, екіншісі – жаңа орта, жаңа мүмкіндік пен жаңа идеяға толы жарқын болашаққа деген бастау.

Қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналада жанталасып жүрген адамдар, яғни бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде алға жылжу, өсу болады.

Бір сөзбен айтқанда, Астана – ызғары мен жылуы, суығы мен сұлулығы қатар жүретін жұмбақ қала болғанмен, шешуін таба білген жанның басына қонған бақ.

 Кәусар ЖАЗЫБАЙ,

Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің оқушысы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button