Мәдениет

АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ

Белгілі виолончельші Эльдар Сапараев Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде оқыған сыныптас достарымен бірлесіп, елордалықтар мен қала қонақтары үшін 19 тамызда «Астана Опера» театрының Камералық залында концерт ұсынады.  

_DSC7665-—-копия

Сахнада өнер көрсететін музыканттардың құрамында скрипкашы Қаламқас Жұмабаева, Эльвира Мұхамбетова, Баян Рахимова, флейташы Александр Тараскин, валторнашы Марат Қонысбаев, Виталий Сиротин, пианиношы Гаухар Тасбергенова, Әлібек Әлпиев бар. Сондай-ақ скрипкашы Бахыт Бижанов, Ержан Ахметжанов және виолончельші Ермек Құрманаев осы кештің арнаулы қонақтары ретінде шақырылып отыр.
– Бұл басқосуды бес жылдан бері күттік. Бәріміз тізе қосып өнер көрсетуді көп армандаған едік. Енді таяуда соның сәті түспек. Концертке келген жұртшылықтың әдемі әсер алып қайтуы үшін барынша тырысатын боламыз, – дейді виолончельші Эльдар Сапараев. Өнерпаздың өзі бүгінде Швейцарияда тұрады.
Бағдарламаға музыканттар ең үздік камералық-аспаптық музыкаларды енгіз­ген. Отандық композитор Ақмарал Қажы­ғалиеваның аталмыш кешке арнап жазған жаңа туындысы көрерменге шат-шадыман көңіл-күй сыйлары анық.
– Концерттің ерекшелігі сонда, әрқайсымыз кәсіби тұрғыдан қандай дәрежеге жеткенімізді көрсеткіміз келеді. Арамыздың алшақтығына қарамастан, бір-бірімізге деген достық жылы байланысымызды сақтап қала білдік. Бірге оқыған сыныптастарымыздың біразы Италияда, Швейцарияда, Австрияда, АҚШ-та тұрады және жұмыс істейді. Сондай меңгерген тәжірибемізді паш ететін уақыт жеткен сияқты, – дейді «Астана Опера» театрындағы симфониялық оркестрдің бірінші скрипкашысы Қаламқас Жұмабекова.
Кешті танымал музыкатанушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова жүргізеді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button