Құқық

Арманы орындалған жан

Күн көкжиекке арқан бойы көтерілген мезгілде сәулелене шашылған шапағына ұзақ қарады. Мүмкін қаршадайынан көкейіне ұялаған арманына қанат байлағысы келгені шығар. Ойға беріліп үнсіз отырды. Жаны әділдікті қалайтын, көңілі көпшіл, ойы қиянға самғайтын қиялшыл еді…

Бала күнінен заңгер болғысы келді. Содан да мектепті ойдағыдай бітірісімен құқық қызметкерін даярлайтын академия­ға аттанды. «Қыз балаға қоғамдық тәртіп сақшысы болу оңай емес» деген пікірді де жиі еститін. Рас, алғашында жүрексінгені бар. Бірақ ол өзін-өзі қайрады. «Бәрі жақсы болады. Бұл менің бала күнгі арманым ғой. Мен қандай қиындық болса да тайсалмаймын, бәрін де жеңемін» деп іштей өзін-өзі рухтандырды.

Астана қаласы жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Гүлден Нұрғалиевамен әңгімелесіп отырмыз.

– Қанша қиындық болғанмен, өз жұмысым өзіме ұнайды. Адам жанын түсіне білу де үлкен өнер ғой. Әр тағдыр әр қилы. Әсіресе кәмелетке жасы толмағандармен жұмыс істеу өте күрделі де көп тер төгіп, ойлануды қажет ететін күрмеулі мәселе десем, артық айтпаймын.

Өзім де екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп отырған анамын. Бала десе ет бауырым езіліп, елегізіп тұратын. Баланың тағдыры тәрбиеге байланысты. Кейінгі кезде ювеналды полиция бөлімінде үнемі балалармен жұмыс істеген соң көп нәрсені көресің, біраз жайға қанық боласың, кейде жүрек ауыртатын мәселемен де бетпе-бет кездесіп қалып жатамыз. Расы керек, балаларына мүлде көңіл бөлмейтін, олардың өмірде бар-жоғы еш толғандырмайтын ата-аналар кездеседі. Сонда олар сол бауыр еті балаларын мына жарық дүниеге не үшін, кім үшін әкелді деген ой да келеді. Міне, біздің мақсатымыз – осындай жеткіншектердің құқығын қорғау. Олардың адам болып қалыптасуына, шалыс қадамға бармауына қолдан келгенше көмек көрсету.

Ер адамдар арақ ішеді дейміз. Осы бір әзәзілді әйелдердің ішкенін көргенде қатты күйзелесің. Әрі олар бұл «шайтанның уына» тез беріліп кетеді. Оларды сосын бұл заузаттан қайтару, қайта қатарға қосу өте қиынға соғып жатады. Міне, осындай адамдармен жете жұмыс жүргіземіз. Әрбір отбасына әйел адамның шуағы, соның ішінде бала үшін анасының ыстық ме­йірімі аса қажет екенін түсіндіріп бағамыз. Ішімдікке салынып кеткен әйелдерге барынша құқықтық негізде көмек көрсетеміз. Осы жайларды олардың санасына жеткізуге тырысып бағамыз. Мойындау керек, барлығы бірдей біздің қалауымыздай болмай жатады. Бірақ өзіміздің жүрегіміз қалаған жұмыс болған соң сабырға, төзімге көбірек арқа сүйейміз.

Гүлден әңгіме арасында қазіргі жұмысын бұған дейінгі күзет бастығы сияқты жалақысы жоғары қызметіне ауыстырып келгенін тілге тиек етті.

«Осыдан біраз жыл бұрын Ләйла Сұлтанқызы жүргізген «Қазақстан» телеарнасындағы «Әйел бақыты» бағдарламасына қатыстым. Сонда «негізгі арманым – полиция қызметкері болып, балалардың құқығын қорғау» деп айтқан едім. Сол мақсатым көп кешікпей жүзеге асты. Әрине, бұл жұмыстың қиындығы көп. Күн демей, түн демей, уақытпен санаспай қызмет атқаруға тура келеді. Үйдегі отағасы – өте сабырлы, салмақты, ақылды адам. Осындай кезде сол кісінің түсінушілігінің, қолдауының арқасында барлық қиындықтан шығып жатамын» дейді ол мақтаныш сезіммен.

Ол үнемі жұмыс үстінде. Бізбен де сол жұмыс кезінде қолы қалт еткенде әңгіме-­дүкен құрып үлгерді. «Әйел – өмірдің гүлі. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді» деген сөздің рас екеніне тағы да бір көз жеткізгендей болдық.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button