Елорда күні

Арманыма жол ашқан

 Астаналық атанғаныма бес жыл өтті. Негізі, бала күнімнен елордада тұруды армандаған едім. Ермек Серкебаев, Азамат Жылтыркөзовтің орындауындағы ария, романстарды тыңдадым. Әр конкурстан алған жүлделерін көріп, операға қызыға бастадым.

[smartslider3 slider=3423]

Сөйтіп, бұл мамандыққа ­махаббатым артты. Әкем – өнер адамы, қазір мен білім алған Қорқыт ата музыкалық мектебінің басшысы. Отбасымызбен өнерге жақынбыз. Бала арманыма әкем мен атамның орны ерекше әсер етті. Қазір академиялық ән айту бөлімінде оқимын. Болашақта қаламызда бірнеше опера және балет театры салынады деп ойлаймын. Бүгінде «Астана Опера» опера және балет, «Астана балет», Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік филармония, т. б. мәдени ошақтарына жиі баруға тырысамын. Себебі әлем әртістері келіп, өз өнерін көрсетеді. Соны көріп, өзім де болашағымды елестетемін.

Елорда – менің құрдасым. Жас қаланың ауа райын да өзіме ұқсатамын. Астанада өмір сүру үшін нағыз жігітке тән қайсарлық керек. Себебі мұндағы Арқаның үскірік аязына төтеп беруге кез келген адам шыдай бермейді. Елорда екеуміздің алдымызда зор асу, мол мүмкіндік тұр. Арманымызға қарай қарыштап дамып келеміз. Астана маған өз арманымды орындайтын мүмкіндік сыйласа, мен оның атын әлемге паш ететін тұлғаға айналамын.

Бейбарыс Әбіш, 

Қазақ ұлттық өнер

университетінің 3-курс студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button