Басты ақпарат

Арманына жеткен актриса

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының актрисасы Дана Верещак ұжым өнерпаздары арасындағы арпа ішінде бір бидай іспеттес. Дананың әкесі – украин, анасы – қазақ. Екеуі де мәде­ниет қызметкерлері. Ата-ананың бойындағы өнер баланы да жібермеді. Дана кішкентайынан актриса болуды армандады. Бой жеткенде сол арманына қол жеткізді.

[smartslider3 slider=2838]

Дананың ата-әжесі өткен ғасырдың елуінші жылдары Ертіс-Баян өңіріне тың игеруге келіп, қазақ жеріне кіндігімен байланды. Ұлдары Александр Баянауыл ауданының Қойтас ауылында қазақ мектебіне барды. Жастайынан өнерге құштар болып, баян, гитара секілді бірнеше аспаппен қатар домбыраны да меңгерді. ­Айсұлу Солтанқызы деген қазақ қызымен шаңырақ құрды. Бұл одақтан төрт перзент дүниеге келді. Олардың бәріне қазақ есімдері берілді. Ұлдары ­Жанболат, Ерболат, ал қыздары Жанна мен Дана атанды.

Александр Верещактың өзі Екібастұз қаласындағы қазақ мәдениеті орталығына, Павлодардағы «Достық үйіне» басшылық жасады. Қазір де мәдениет үйі­нің қызметкері. Өзге ұлт балаларына қазақ тілін оқытуға атсалысты. Өз перзенттеріне де ана тілімізді үйретуден, оларды өнерге баулудан жалықпады. Мамандығы кітапханашы жары Айсұлу Рүстембекова да балаларының бойында кітап оқуға махаббатты оятты.

Дана сомдаған кейіпкерлер гале­реясында, Керімбаладан бөлек, «Шәмші» спектакліндегі Изольда, «Күлше қыз» ертегісіндегі өгей шеше, «Ұлдар» драмасында Илюша­ның анасы және бала күтуші Агафья, «Шанель №5» қойылымында ­Александра есімді көтерілісші кейіпкерлер бар

Дана – осы отбасының сүт кенжесі. «Кішкентай кезімнен пародия жасайтынмын. Отбасымыз дастарқан басына отырған кезде ата-анама, бауырларыма өнерімді көрсететінмін. Сол кезден-ақ актриса болғым келді» дейді Дана. Бір күні оның оқыған мектебіне Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдері келіп, талантты балаларды іздеді. Сол кезде Дана да бар өнерін көрсетіп, емтихандарға шақырту алды. Мектеп бітіріп, елордаға келгенінде, белгілі театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков болашағына сеніп, өз шеберханасына қабылдады. Қаршадай қыз осылайша бала кезгі арманына бір табан жақындады. Университетте өміріне ғана емес, өнеріне де серік болатын жанды жолықтырды.

Дана орыс мектебінде оқыған еді. Үйде ғана ата-анасымен, бауырларымен қазақша сөйлесті. Ал Қазақ ұлттық өнер университетінде қазақ тілінде оқыды. Қазақ тілін ұстарту үшін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқитын. «Осы шығарма қазақ тілін шыңдауыма ерекше септігін тигізді» дейді қазір.

Музыкалық жас көрермен театрына қабылданғаннан кейін де осы театрдың тұсаукесер қойылымы, заңғар жазушының шығармасы желісімен сахналанған «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасында Керімбала бейнесін сомдады. Жұбайы Азамат Болатов та осы театрға қабылданды. Дана Азаматқа қазақ салтымен ұзатылған еді. Жарты айдай бұрын осы шаңырақ шексіз қуанышқа кенелді. Дүниеге Сафия есімді қыздары келді.

Дана сомдаған кейіпкерлер галереясында, Керімбаладан бөлек, «Шәмші» спектакліндегі Изольда, «Күлше қыз» ертегісіндегі өгей шеше, «Ұлдар» драмасында Илюшаның анасы және бала күтуші Агафья, «Шанель №5» қойылымында Александра есімді көтерілісші кейіпкерлер бар. Актриса Шекспир шығармаларын оқығанды ерекше жақсы көреді. Болашақта оның әлемдік классикаға айналған өлмес туындыларында ойнауды армандайды. Бала кезінде нағашыларының шаруа қожалығына барып атқа мінетін. Осы жайт та оны ұлтымызға жақындатады.

«Менің ұғымымда жаман ұлт болмайды, нашар адамдар болады. Қазақстан көптеген ұлттардың басын біріктірді. Соның жарқын мысалы – өзім. Бәрі де тату-тәтті өмір сүріп жатыр. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді. Баршаны Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаймын! Ел аман, жұрт тыныш болсын! Ел игілігіне қызмет етіп, алдымызға қойған мақсат-мұраттарға жете берейік» дейді актриса Дана Верещак.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button