Руханият

Арманына жеткен азамат

Өмірде көздеген мақсатынан таймай, мықты ерік-жігерінің арқасында таудай талабымен ауылдан шығып, ел құрметтейтін белеске көтерілген азаматтың бірі – Ирак Елекеев.

[smartslider3 slider=3000]

 

Ол 1947 жылы қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келді. Еңбек жолын ауыр жұмыстан бастап, өмір мектебінде шыңдалды. Оқу іздеп Алматыға барады. Ол заманда оқуға түсу оңай емес. Тек ҚазМУ-да ғана жалғыз заң факультеті бар еді. Сол себепті Алматы №3 кірпіш зауытында қарапайым мотористен мастерге дейін көтеріледі. Бірақ осы салада нақты мамандығы болмаса да, зауыт директоры коммунистік партия қатарына өту жөнінде өз ұсынысын айтып, «Партияда болсаң, оқуға да түсесің, қызметте де өсесің» дейді. Ал жас Ирак «үлкен жауапкершілік жүктеледі, партия мүшесі болуға әлі дайын емеспін» деп жауап береді.

Тағы бір дерек. Алматы қаласындағы қазіргі «Хабар» агенттігі орналасқан ғимарат төңірегінде кірпіш зауытының басқармасы және жұмысшылары тұратын бір қабатты барактары болды. Зауыт директоры бір күні жас жігітті шақырып алып: «Ирак, мына жерде екі бөлмелі үй босап жатыр, соны сен ал. Саған беруді лайық деп отырмыз» депті. И.Елекеев аталған зауыттың комсомол ұйымының хатшысы және оның қалай жұмыс істейтінін, белсенді ұқыпты екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ ол: «Алматыға оқуға түсуге келдім, үй алуға келген жоқпын» деп үйді алудан бас тартқан екен. Басты арманым оқуға түсу болды. Сол себепті дайындық курсына түстім. Әрі зауытта жұмыс жасадым. Ол кезде үш ауысымдық болды. Түнгі сағат 12-ден таңғы 8-ге дейін жұмыс жасаймыз. Күндіз оқуыма барамын да, кешке ұйықтап аламын» деп сол бір кезеңді еске алды.

1977 жылы қазіргі әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, заңгер-құқықтанушы мамандығын алды. Білікті заңгер ретінде қызмет жолын киелі Маңғыстау өңірінен бастады. Онда облыстық соттың судьясы, кейін облыстық әділет бөлімі бастығының орынбасары болды. 1988-1995 жылдары Гурьев облыстық әділет басқармасының бастығы лауазымын атқарды. Сол кезеңде халықтың қолдауына ие болып, Мәжіліс депутаты болып сайланды. Одан соң, ҚР Парламенті Мәжiлiсі Аппаратының бастығы, ҚР Әділет министрінің орынбасары, ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімшілігі комитеті төрағасының бірінші орынбасары, кейін төрағасы лауазымдарында болып, абырой биігінен көрінді. 2009-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің IV шақырылымының депутаты болды және қоғамға қажетті заңдардың қабылдануына күш-қайратын жұмсады.

Қоғам қайраткері Зейнолла ­Алшымбаев заң саласының еңбек сіңірген қызметкері дәрежесіне көтерілген біздің кейіпкерімізді 1970 жылдардан бері жақсы біледі. ­И.Елекеев кәсіби мамандығы бойынша қызметтің ең төменгі сатысынан бастап еңбек еткенін, қызметтің барлық деңгейінен өтіп, мол тәжірибе жинағанын, соның арқасында депутат болып сайланған кезде заң шығару ісінде де серпіліп, белсенділігімен жарқырай көрінгенін ерекше айтып өтті. Одан әрі З.Алшымбаев: «Ирак Қасымұлы – қазақ қоғамының көзінде жүрген бірегей азамат. Ол – ешуақытта «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп көрмеген адам. Барлық жетістіктеріне өз күшімен жетті. Осы күнге дейін қоғамдық белсенді қалпынан айныған емес. Қазір де Астана кәсіпкерлер кеңесін басқарады. Басқа да істерге қызу араласып жүр. Қашанда Иракты іздесеңіз, ол бір игілікті шараның басында жүреді» дейді.

Жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанова: «Ирак Қасымұлы текті әулеттен шыққан адам ғой. Қазақ ондай адамды «босағасына бақыт байланған» дейді. Мәжіліс Аппаратының басшысы болған кезде іскерлік қабілетімен танылды. Мемлекеттік қызметкерлердің әдеп пен тәртіпті сақтауын талап етті. Әсіресе, қыздардың жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстау мәдениетіне қатаң қарады. Қызметте жүрген адам қалай-солай киім кимеуі керек. Қысқа етекті көйлек киюге мүлдем тыйым салды. Ұлттық дәстүрдің сақталуына үлкен мән берді. Ер адамның алдынан қыз баланың кесіп өтпеуі қажет екенін ұғындырды. Парламент қабырғасында әр қызметкердің бір-бірімен жақсы сөйлесіп, сыйластықпен қызмет істеу дәстүрін қалыптастыра білді. Ол жүрген жері өнеге, жақсы адам. Ғұмыр жасы ұзақ болсын» деді.

Ол – қазақ спортын дамытуға мүдделі жанның бірі. ҚР кикбоксинг федерациясының президенті қызметін қоса атқарды. Осы жекпе-жек спортының кең қанат жаюына және жарыстардың жоспарлы, жүйелі өтуіне басшылық жасады. Қазақ жастарының жарқырап көрінуіне жол ашты.

Ирак Қасымұлы ширек ғасырдай Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ел астанасының өсіп-өркендегенін өз көзімен көріп, жақсылығына қуанады. Қаладағы саябақтардың саны арта түскеніне көңілі марқаяды. Көбіне таза ауада серуендегенді жаны қалайды. Әлемнің дамыған елдерінің астанасындай көрікті, сәулетті, таза қалаға айналғанын, ал тұрғындарының білімді, зиялы, тәртіпті, мәдениетті болғанын қалайды. И.Елекеев Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде осы іске өзі де атсалысып келеді.

Қажырлы қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген заңгері. «Сот жүйесінің құрметті қызметкері». 2008 жылы Францияда Жеке сот орындаушыларының халық­аралық одағының нұсқасы бойынша Жыл адамы ретінде мойындалған. Атырау облысының құрметті азаматы. 2010 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Ирак Қасымұлы жас кезінде журналист болуды армандағанын айтқан еді. Кейін сәтін салып, бұл арманына да қол жеткізді. 2012 жылдан бастап «Хабар» агенттігінде «Көзқарас» бағдарламасының жүргізушісі болды.

Зайыбы Ғалия Мақажанова екеуі ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ғалия Ақатайқызының да мамандығы – заңгер. Алматыда Ирак Қасымұлымен бірге ҚазМУ-ін бітірген. Маңғыстау, Атырау және Алматы облыстарында сот саласында жауапты қызметтер атқарды. Ал 1997-2013 жылдар аралығында ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болды. Бұл әулеттің екі ұлы мен қызы өмірде өз орындарын тапты, бүгінде бір-бір шаңырақ иесі атанды.

Айбаты САМИҒОЛЛАҰЛЫ,

Журналист

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button