Басты ақпаратМәдениет

«АРМЫСЫҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!»

[wppa type=»slideonly» album=»45″ size=»auto»][/wppa]

Күн мен түннің теңелер уақыты, «Самарқанның көк тасын ерітетін» жаймашуақ көктемнің келгенін білдіретін жыл басы – Наурыз мейрамы есігімізді қағып, ішке енгелі тұр. Оны босағамыздан бар құрметімізбен күтіп алып та жатырмыз. Еліміздің батыс өңірінде Көрісу немесе Амал күні сынды игі дәстүр бастауын алса, елордамыз – Астанадағы шаралар да ұлық мейрамымызға арналуда. Сондай бір шаралардың ішінде ерек атап өтерлігі – «Конгресс-Холл» сарайында өткен «Армысың, әз Наурыз!» концерті.

Астана қаласының Тілдерді дамыту бас­қармасы жыл сайын осындай атаумен қалалық байқау өткізеді. Оған аумақтық, жергілікті және құрылымдық мемлекеттік органдар, денсаулық, мәдениет, спорт мекемелері, сауда орталықтары, қоғамдық, тұрмыстық және қызмет көрсету салаларында еңбектеніп жүрген адамдар, жоғары және арнаулы орта оқу орындары қатысып келеді. Олардың арасында үздік болып танылғандар арнайы құрылған комиссия шешімімен қала әкімдігінің атынан дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал, жоғарыдағы концерт осы байқаудың бастауы іспеттес болды.

Мерекелік думанды «Наз» мемлекеттік би театры «Қыс пен көктем» композициясымен ашып, ежелгі жақсы дәстүріміз – аластау рәсімін өткізді. Тәттілерден шашу шашылып, Қызыр баба бата берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Желдібаева «Наурыз думан» әнімен мереке көркін қыздыра түсті. «Шабыт» фестивалінің лауреаты Данияр Мұқанов «Базарың құтты болсын, ардақты елім!..» деп Біржан салдың «Айтбайын» шырқау көгіне жеткізді. Домбыра үні қобыз сарынымен жалғасты. Белгілі әнші Клара Төленбаева «Аққу арман» әнін сызылтты.

Кешті жарасымды жүргізген Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері Қуандық Қыстықбаев пен Алтынай Нөгербек салт-дәстүрлерімізге негізделген қызықты ойындарды ойнатты. Сахнаға шығуға ниет танытқандар тойбастарды айтып, бесік пен тұсаукесер жырларын қаншалықты білетіндерін көрсетті. Көрермендердер арасында алғашқы болып суырылып шығып, Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңін шығарманың өр рухына сай оқып берген Нұрболат есімді бала жиналғандарды ерекше тәнті қылды. Ойындарға қатысқандардың ішінде әзіл-қалжыңды боратқан сатирик ағамыз да, Наурыз мерекесіне жырын арнаған ақын да табылды. Өнерін танытқандардың барлығы да сый-сыяпатсыз қалған жоқ.

Дәстүрлі жас әншілердің арасында ең танымалы Ерлан Рысқали десек, қателесе қоймаспыз. Қазір Астана мемлекеттік филармониясында қызмет етіп жүрген ол Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» құйқылжытты. Ұлы Абайдың «Сегіз аяғын» шырқады.

«Наз» мемлекеттік би театрының өнер­паздары «Көңілашар» биімен сахнаны дүбір­летті. Жаңабай Өтегенов елге сүйікті «Аяла» әнін салып, көрермендерге ду қол шапалақ соқтырды. «Серпер» домбырашылар тобы қазақ күйлерінен попурри ұсынды.

Осындай ән, би, күйлерден соң сахнаға сөз өнерінің саңлақтары көтерілді. Қыз бен жігіт айтысын жасаған Балғынбек Имашев пен Айсәуле Бейсенхан жан-жақтан қиқу туғызды.

Наурызда екі ақынды тыңдатасың,

Жырынан көздің жасын құрғатасың.

Әз Наурыз – өзімнің төл мерекем

Құшақты айтысқа ашпай, кімге ашасың?!

Алдына қыз-жігіт боп келіп қалдық

Халықтың алайық деп бір батасын – деп бастаған Балғынбек Наурыз мерекесінің айтыссыз өтпейтінін еске салды. Одан кейін жылда «подружкасы» Айнұр Тұрсын­баева­мен айтысатынын айтып, осы жолғы Ай­сәулемен айтысын Жылқы жылының «жаңалығы» ретінде бағалады. Залда отырған кешті ұйымдастырушы, Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешовке ақ тілегін арнады. Айсәулеге бағытталған сөзінде: «Серідей берейін мен селтеткізер, Дәмді қып ұйқыашар дайын­дасаң» деп ұлық мереке кезінде бозбала мен бойжеткендердің бір-біріне сыйлар сыйлықтарын  атап өтті.

Айсәуле болса: «Көктем келді құлпыртып көк пен жерді. Жарқырап Жаңа жылым құшақ жайса, Өткеннен ұмытарсың өкпеңді енді» деп Наурыздың татулық-бірлік мерекесі екенін жыр тілімен кестелеп өтті.

Жақсылыққа көңілді теліген күн

Жамандықтан жер беті жеріген күн.

Ағайын, әз Наурыз құтты болсын! –

Самарқанның көк тасы еріген күн – деп бұл мереке жақсылықтың бастауы екенін де айтты.

Айылын тартып мініп ат көліктің,

Ұлтыма тіл басқарма жақ болыпсың.

Жалауын ана тілдің желбіретіп,

Үкісін үлбіреттің ақ бөріктің – деген ол да әдемі теңеулерімен Тілдерді дамыту басқармасының атқарып келе жатқан еңбегін атап өтті.

Әрі қарай айтыс әзіл-қалжың, бір-бірін сөзбен түйреу формасында өтті. Айсәуле Балғынбекті сақалды дәу аюға теңесе, Балғынбек оны қоянға теңеді. Екі ақын көрермендерді қыран-топан күлкіге батырып, көңіл-күйлерінің одан сайын көтерілуіне себеп болды.

Жан сарайы ашылып отырған халық алдына ең соңында ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова шығып, өзінің «Аманат» әнін орындап берді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button