Басты ақпаратРуханият

– Армысыз?! – Бармысың, бауырым?!

немесе қазақ қалай амандасып жүр?

Ұлттық этномәдениетіміз жайында пікір көтерсем ата-бабамыздан қалған «салт-сана» деген тіркес есіл-дертімді ерекше аударды. Себебі тіркесте салтымыз – санамыз, қазақтың салт-санасы, ата-дәстүрі – қазақтың ұлттық санасы деген ұғымды ұлағаттайды. Бұл түйін туралы ғалым А.Сейдімбек «Қазақ халқының ұлттық төл тумалығына бодандық кезінде толассыз репрессия жасалумен болды. Сөз жоқ, қазақ ұлтын мұндай зұлматтан аман алып шыққан ең басты құдірет те сол әдет-ғұрыптары, сол салт-дәстүрлері, сол жол-жоралғылары, сол жөн-жоралғылары, сол жөн-жобалары еді. Демек, қазақ ұлтының жаны да осы қасиеттерге ұялаған» дейді.

Атамыз қазақ әлем халықтарына ел үшін, жер үшін елі мен ері ештеңеден тайынбайтын ерлігі, отаншылдық рухымен бірге қарайған қазақтың ұлттық бітісіндегі бір-біріне деген ізет құрметі, сүйіспеншілігі, береке-бірлігі, иманжүзді кісілігі, қылышжүзді сертке селкеусіз сенетін опадарлыққа еншілес ерлікке телі естілігіндей са­лауатты да сауатты өмір салты кеше де, бүгін де елді емірентеді. Осындағы салиқалы салттың бірі – сәнімен берілер сәлем, өзара есен-саулық сұрасу.

«Сәлем – сөздің анасы» деп түйген ата-бабамыздан қалған бүгінгі сәлемдесу жолы кеше біз көргенде кішісі үлкенге сәлем береді.

Ұлтымызды құраған ежелгі ру-ұлыстардан Орхон-Енисей даласында қалған құлпытасына, қытай тарихына таңбаланған осы өңірде жасаған этностардан алынған тарихи естеліктерге, ата-бабаларымыздан қалған тарихи мұраларды зерделесек, ұлтымыздың аман-сәлемдей дәстүрлі мәдениетінің анау әлімсақтан жалғасын тапқанын аңғарамыз. Қытайдың «Тарихи жазбалар» 110-бума ғұн баянында: «Ғұнның заңында (тұрмыстық әдет заңы, салт-дәстүрі айтылып отыр) хан (Қытай) елшісі (Ғұн Тәңірқұт ордасына) елшілік таяғын қолынан тастап «қара бет» (бетін күйелеп) болып келмейінше, Тәңірқұт ордасына кіргізілмейтін. Уаң у Ғұнның ғұрып-әдетін жақсы білетін ­Бейдилік кісі болатын. Ол елшілік таяғын тастап, бетін қарамен бояғандықтан ордаға кіргізілді». Бұдан Ғұн империясы дәуірінің өзінде біздің ата-бабаларымыздың аман-сәлем, сый-құрметті санатты деңгейде апарғанын аңғарамыз.

Тарихи деректер, археологиялық айғақтар сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, түріктердің тәңірқұттарға, күнбилерге, қағандарға, хандарға, төрелерге қоластындағылардың құлдық ұрып, тағзым етіп, аяғын құшып, бас ұрып, мүрит болып аман-сәлем, құрмет-сый көрсетпегенін, адамдық, азаматтық салауатпен басын иіп, кеудесін қолмен басып, тізесін бүгіп, сәлем бергенін айқын көреміз. Мұның бүгінге жалғасқан көрінісі қазақ келіндері ата-енесіне, қара шаңыраққа оң тізесін бүгіп сәлем береді. 1982 жылы Қытайдың Көнес ауданынан табылған Қытай археологтары белдескен бектіктер дәуіріне тән (б.з.д. 221-403 жылдар) сақ жауынгерінің оң тізесін бүгіп, сол тізесін иіп отырған тұлғасы біздің көз алдымызға сақ сарбазының тәңірқұтқа ізетпен сәлем беріп, жеңістің үкілі хабарынан діттеме беріп тұрғандай.

«Орхон ескерткіштері» – біздің ата-бабамыздың тарихи көшірмелерін, елі үшін еңіреп туған ерлердің тағдырын, олардың кім болғанын, салт-санамызды қалпын құртпастан сары майдай сақтап, бүгінге жеткізген әлем халықтарында сирек кездесетін тарихи құндылық. Елтеріс Құтылық қаған кешенінің 9-мүсінтасы. Ашына Чжунь ескерткіш кешеніндегі қыш мүсіндерде тізесін бүккен, оң қолымен кеудесін басқан мүсіндердің барлығын түркологтар түркілердің аман-сәлем, ізет-құрметінің археологиялық дәлелі деп қарайды. Тэс(I) жазуындағы «ӓ š ӓ n» иероглифін түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы бұрын ағат аударылуын дұрыстай келіп: ­«ӓ š ӓ n – есен – есендесу, аман-есендігін білу – байырғы және бүгінгі түркі халықтары дәстүрінде әбден қалыптасқан салт. Бұл екінші бір адамды құрмет тұту, алқау, ұлықтауды да білдіреді» деп келісті келісім жасайды.

Біз осы тарихи материалдарға, тарихи шығармаларға, оқымыстылардан алған тұшымды жауаптарымызға сүйене отырып, қазақтың сақ-түркіден жалғасқан араб, орыс, қытай импе­риалистерінің идеологиялық қыл тұзағына қылғынбаған аман-сәлемнің кәдуілгі тұлғасын түгендеген едік. Көп жылдық ізденіс барысында ат байлаған алтын қазығымыз – біздің ата-бабаларымыз кіші үлкенге: – Армысыз, ата (апа, аға, жамағат)! – деп сәлем берген. Қарсы жақ: – Бармысың, бауырым! – деп сәлем алған. Құрметтеп сәлем бергені үшін, аман-сәлемнен соң: – Бар бол, балам! – деп атасы бата берген

X ғасырда қағаз бетіне түскен әйгілі филолог Махмұт Қашқаридың осыдан бері дегенде XV ғасыр бұрынғы ата-бабамыздың тілінен, тарихынан, салт-дәстүрінен, медицина, астрономия, геосаяси болмысынан, т. б. жақтардағы өмір тіршілігінен мол мәлімет беретін кесек энциклопедиялық еңбек «Түрік сөздігінде»: «бой: қауым; заузат, тұқым-жұрағат: ру (оғызша). Бірін-бірі танымайтын екі адам көріскеннен кейін алдымен сәлемдеседі, содан кейін «қайсы рудансың?» деп сұрайды. Жауап беруші «салғұр» (руынан) дейді. Яғни кітаптың басында айтылған рулардың біреуінің атын айтады. Олар – қауым, заузаттарының аттары. Содан кейін барып сөйлесе бастайды, олар бір-бірінің елін, жөнін біліседі» дейді. Міне, бұл – біз кешегі көшпелі қазақ өмірінен көрген, көкейге түйген әрі басы бүтін қолданып келе жатқан қазақы аман-сәлем жасаудың қазірге дейін қалпы бұзылмаған дәстүрлі жолы.

Біз осы тарихи материалдарға, тарихи шығармаларға, оқымыстылардан алған тұшымды жауаптарымызға сүйене отырып, қазақтың сақ-түркіден жалғасқан араб, орыс, қытай империалистерінің идеология­лық қыл тұзағына қылғынбаған аман-сәлемнің кәдуілгі тұлғасын түгендеген едік. Көп жылдық ізденіс барысында ат байлаған алтын қазығымыз – біздің ата-бабаларымыз кіші үлкенге: – Армысыз, ата (апа, аға, жамағат)! – деп сәлем берген. Қарсы жақ: – Бармысың, бауырым! – деп сәлем алған. Құрметтеп сәлем бергені үшін, аман-сәлемнен соң: – Бар бол, балам! – деп атасы бата берген. Бұл турасында көп дәлелді көлденең тартпай-ақ этнограф, ғалым Ақселеу Сейдімбектен бір ыспат көрейік: «Құмалақшы» деген Қыдыр ата жайындағы аңызда құмалақшының әйелі «Елді жарылқап болдың. Енді Қыдыр атаға құмалақ сал, бізге де бақ қонып, Қыдыр дарысын» дейді.

Сонымен құмалақшының құмалағы тіл берген елдің төрт көзбен Қыдырды күзететін Ұлыс­тың ұлы күні Қыдыр түні де келіп жетеді. Құмалақшы әйелмен Қыдырды күзетіп отырғанда құланиектеніп таң атады. Бұлар қараңдап көрінген екі қартты көреді. Бірінің қасы көзін жапқан, желмаяның үстінде мүлгіп келеді. Енді бірі одан жастау, желмаяны жетектеп келеді екен. Құмалақшы қарттарға жақындап келіп:

– Армысыз, Қыдыр ата! – деп сәлем береді. Қыдыр ата:

– Бар бол, балам! – деп сәлемін алады (дерек беруші Башар Әрінұлы (1899-1972) даңғайыр шежіреші, Қарағанды облысы Жаңарқа ауданы). Аңыз мазмұны, ондағы тарихи болмыстың тым әріде жатқаны кім-кімге де түсінікті. Сол себептен де филолог-ғалым әдейі мысалға алып отыр деп қараймыз. Біз үшін бұдан да маңыздысы – ата-бабамыздың ежелгі аман-сәлем жосығын бізге алып келгені. Мақаланың ендігі кезегінде осы аман-сәлемнің мазмұнына тоқталайық.

– Армысыз, ата (апа, аға)!

– Армысыздар, жамағат ­(ағайын, көпшілік)!

Бұл – үлкендерге, ел-жұртқа құрметтеп берілетін сәлем. Сәлем осы лебізбен оң қолмен кеудені басып, басты сәл еңкейтіп иіп беріледі. «Армысыздың» мән-мағынасы қадірменді абыз ақсақалдарға, ел ағалары, ел арқасүйерлері, ел иелері таза, ақ, пәк, имани пиғылдасыздар ма, арларыңыз таза ма деген мәнде. Түрік-қазақ ар тазалығын, діл тазалығын, жүрек тазалығын адамдық ардақты аттың алтын қазығы санаған. Қазақтың «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтіні – осы. Қазақ қызын ең ардақты, ең қымбатты санап, елдің сетері есептейтіндіктен ару деп атайды. Ол таза, кіршіксіз деген сөз ғой. Бақилық болып арамыздан таза жуылып аттанған, жалған дүниенің кір-қожалағынан, лас әлемнен құтылған пенделерді енді аруақ деп атайды. Бұл тап-таза, өте таза деген мағына береді де.

Ал қарсы жақ сәлем алғанда:

– Бармысың, бауырым (азамат, інішек, досым, қызым)! – деп сәлем алады. Бұл аман-есен жүрмісің, өзіңді дүниеқоңыз тірлікте жоғалтып алған жоқпысың, таза, адамдық-азаматтық тұнық тұлғаңда жүрсің бе, ділің берік пе, діңің мықты ма дегенді білдіреді. Осыдан кейін өте таныс­тар, туыс-туғандар, ауылдастар ұзақ уақыт көріспесе, үлкендер кішілердің басынан иіскеп, маңдайынан сүйіп, бауырына қысып амандасады. Кішілер құшақтайды. Жүз таныс адамдар жай бас изейді.

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен.

Қарттар бата беріскен,

Сақтай көр деп терістен, – деу осыдан.

Біз сөз етіп отырған түрік қазақтың исламнан бұрынғы аман-сәлем жасаудың бұл жоралғысын тарихи шежірелік деректерден, тарихи кітаптардан, романдардан, ұлы кәрілерден, этнографтардан материал жинау, бұдан да маңыздысы, ұлы кәрілердің туыстарын 20 жыл көрмей жылап көріскен, жылап сәлемдескен болмысынан деректеп отырмыз.

Ал «сәлем – сөздің анасы» деп атам қазақ айтқандай, «армысың» мен «бармысыңның» әдіп-астарын әдемілеп аршуға тура келеді. Себебі әр халықтың аман-сәлемінде айтылатын ана – сөз, апарылатын әуенді әрекеттің арғы жағында сол ұлттың бір-біріне ұлттық сый-құрметі, сүйіспеншілік дәрежесі, дүние­ге қарасы, өмірден түйгені. Елдік арман-мұратын тұрғы еткен мән-мағынасы болады. Арабтардың ассалаумағалейкүм – Алланың рахымы тисін, уағалайкүмассалам – сізге де Алланың рахымы болсын деген аман-сәлемінде бүкілдей сыйласымдық дүниетанымы жатыр. Бәлкім, арабтардың дүниетанымында Алланың рахымына бөлену ең үлкен есендік болар. Ең үлкен құндылық араб идеологиясының үстемдігі шығар.

Енді кәдімгі қазақи аман-­сәлемдегі «армысың?» деп сәлем беру, «бармысың!» деп сәлем алу «бар бол!» деп ықылас білдірудің мән-мағынасына келсек, ана сақ, ғұн, үйсін, түрік, қазақтың түбіне жеткен, басына нәубет әкелген, ұлын үрімге, қызын қырымға тоздырған бар пәленің басы – ел ағаларының ашкөз­дігі, құлқын құмарлығы, дүние­қоңыздығы, тоймас аранына ел мүддесіне жауапкершілікпен қарамауы, қара басының қамын халық мүдде­сінен жоғары қоюы. Дүние-­мүлік жолында адамгершілігін, азаматтығын жоғалтуы. Енді бұл ойымызды дәлелсіз дәттей бермей, тарихи шығармалардан дәлел келтірейік.

Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті,

Сонша шексіз беріп жатқан Табығаштың

Сөзі тәтті, бұйымы асыл еді.

(Олар) тәтті сөз, асыл ­қазынасын беріп,

Жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатар еді.

Ақылды кісілерді, батыл кісілерді

Табығаштар қозғай алған жоқ.

(Егер) бір кісі алданса (онда)

Руы, халқы, тұқымына дейін қалмас еді.

Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып,

Түркі халқы қырылдың,

Түрік халқы жойылдың, – деп «Орхон-Енисей жырында» түрік ел ағаларының Табығаштың алтын-күміс, жібегіне алданып, империяның күлкүміретін шығарған шындығы шырқырап отырып тасқа қашалған.

Сөзім бар да, көзім жоқ,

Көзім жоқ деп жатпадым.

Би мен бекті жақтадым,

Бай, мырзаны мақтадым.

Бәйбішенің мойнына,

Жырдан алқа таққаным,

Өсек болды баққаным,

Момынға құрған қақпаным.

Аз нәрсеге ант ішіп,

Аруақты аттадым.

Қылмыстыны қызықтап,

Маңдайынан сипадым.

Қабағынан қақпадым.

Бәріне мен кіріптар,

Қайсысы менің тапқаным?

Біреудің отын үрледім.

Өз отымды жақпадым.

Адал сопы мен емес,

Пірдің сөзін тұтынған

Саудагер сарттай қайтты өмір,

Құмар ойнап ұтылған.

Ләпсі – төбет қабаған,

Жемтік көрсе тұра ма,

Ырылдап танау жиырмай?!

Жырау Дулат Бабатайдың бұл жырынан да құр ләпсінің, ашкөз аранның, қуаяқ құлқынның, боқшылық дүниенің соңында жүріп, «мен»-нің өзін жоғалтып алған болмысы бүкпесіз көрсетілген.

Атаны бала аңдиды, ағаны іні,

Итқорлық немене екен ­сүйткен күні.

Арын сатқан мал үшін ант ұрғанның.

Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні, – деп ақын Абай да арын мал үшін сатқан сатымсақты түйреген.

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсын ары таза, күйкі дүниеге өзін жұттырмаған ардагер Алаш азаматының арманын былай сомдайды:

Тән көмілер, көмілмес еткен еңбек,

Мен емеспін ойлайтын бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса ұқпасын, бас тартпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін.

Қазақ жөні түзу аман-сәлем жасауды кісіліктің, адамгершіліктің белгісі санайды. Қазақтың «қалай сәлем берсең, солай сәлем аласың», «сәлеміңді алмайды», «сәлем беруге жарамады», «алыстан алты жасар бала келсе, ауылдағы алпыс жастағы ата барып сәлем береді», «сәлемді келін сәнімен» деген мақал-мәтелінен біз ауызын ашса жүрегі, көзінен көкірегі көрінетін қазекемнің ағайын мен Алашты көргендегі аткөпір аман-сәлемінің астарында бізге таныс та бейтаныс ұлттық дүниетаным, өмір жөнінде сұлу да сұңғыла эстетикалық талғам, телегей ойын аңғару, аршу, тұрманын түгендеп тұлғалау – біздегі ұлт мұраты алдындағы өтер борыш. Ел ертеңінің иесі – маңдайы кереқарыс ұлдар мен кермиық қыздар алдындағы ада етер міндетіміз.

Әбділ ТӘУЕКЕЛҰЛЫ,

этнограф, мәдениеттанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button