Мәдениет

Арнайы жасаққа арналған

Үстіміздегі жылдың қараша айында елімізде «Burkit» арнайы жасағы туралы фильм көрерменге жол тартты. Мемлекет қауіпсіздігі мен ел тұрғындарының өміріне қауіп төндіретін қылмыстарға қарсы жедел әрекет ететін «Burkit» арнайы жасағы туралы жарыққа шыққан жаңа туынды отандық киноиндустриядағы сирек фильмнің бірі және қалың көпшіліктің, әсіресе, жастардың қызу қолдауына ие болуда.

Көркем фильмнің тү­сіріліміне арнайы жасақ, әскери техника және авиация, сондай-ақ 200-ден астам белсенді әскери қызметші қатысқан. Жедел-­іздестіру шараларына арқау болған картинаның түсірілімі Алматы облысының көрікті жерлерінде, Қонаев қаласында, Есік көлінің тау сілемдерінде және Іле өзенінің бойында өткен. «Burkit» экшн фильмі 2 қарашадан бастап барлық кинотеатрда қазақ және орыс тілінде көрсетіле бастады. Фильм режиссері Данияр Ибрагимовтың бұл картинасы – дебюттік жұмысы. Фильмде сарбаздардың ерлігі, достық, махаббат пен отбасы қиындықтары көрсетіледі. Фильмде «Бүркіт» арнайы жасағының сарбаздары «күрең берет» кию құқығына ие болу үшін сынға түседі.

Сценарий арнайы жасақ құрамындағы Айбын, Қайсар және Руслан есімді үш сарбаздың бастан кешкен оқиғалары арқылы өрбиді.

Фильмге Дәурен Серғазин, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Гүлнәз Жоланова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов және Азамат Сатыбалды сынды еліміздің танымал актерлері түсті.

Ұлттық ұландардың ел қауіпсіздігі, бейбіт өмір үшін күрескен, жанқиярлық еңбегін көрсеткен осындай фильмдер кино қоржынын толтыра берсе игі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button