БілімСұхбат

АРҚА ӨҢІРІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ОҚУ ОРНЫ

казирги гимарат

1944 жылы іргесі қаланып, бүгінге дейін 22 мыңнан астам маман даярлап шығарған Астананың Гуманитарлық колледжіне биыл 70 жыл толып отыр. Мерейтойын 16-17 қазан күндері халықаралық деңгейде атап өткелі отырған білім ошағының тыныс-тіршілігі жөнінде колледж директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Әділхан Жүсіповпен әңгімелескен едік.

колледж директоры Жүсіпов Әділхан Шаймағамбетұлы (2)

Тарихы – тағылым

Әділхан Шаймағамбетұлы, Астана қаласының Гума­ни­тарлық колледжі оқыту үрдісі, оқытушылар құрамы мен материалдық техникалық базасы әбден қалыптасып, кемеліне жеткен оқу орны екенін ел жақсы біледі. «Үздік колледж» атанып, Астана қаласы әкімінің грантын ұтып алудың өзі оқу орнындағы білім сапасы жақсы деңгейде екендігін көрсетеді. Енді сонау 1944 жылдан бері мұғалімдер даярлап келе жатқан байырғы оқу орнының тарихы жөнінде айтып берсеңіз?

– Астана қаласының Гума­ни­тарлық колледжі – Арқа өңірін­дегі алғашқы оқу орны. Қолы­мыздағы құжат бойынша колледжіміздің  іргетасы 1944 жылы қаланды деп жүрміз. Бірақ, оның тарихи тамыры тереңде жатыр. Бұған дәлел болатын көне фотосуреттер бар. Алайда, нақты үкіметтік құжат қолымызда жоқ. Сондықтан Целиноград облыстық атқару ко­ми­тетінің 1944 жылы шығарған Ақмолада педучилище құру туралы шешіміне сүйенуге мәжбүрміз.

– Сонда жаңағы өзіңіз айтқан фотосуреттер дерегі колледж­дің қашан құрылғанын меңзеп тұр?

– Біздің шамалауымызша, колледжіміздің іргетасы 1928 жылы қаланған. Оған тек фотосуреттер ғана емес, 1928-1944 жыл­дар аралығындағы тарихи деректер де айғақ. Осы уақыт ара­лы­ғында оқу орындары көшпелі болғаны белгілі. Тарихты ақтарсақ, 1928 жылы халықтың саяси сана­сын оятып, сауаттылығын ашу мақ­са­тында Көкшетау қаласындағы педагогикалық техникум Ақмолаға көшірілген екен. Техникумның алғашқы директоры болып,  С.Добромыслов тағайындалады. Ал, келесі жылы жергілікті ұлттан мамандар даярлау үшін қазақ бөлімі ашылады. 1930 жылы алғашқы 16 түлегін қанаттандырып, 1931 жылы Көкшетауға қайта көшірілді. Көп ұзамай Қарағандыда ашылған ірі өнеркәсіп қарқынды дамып, халық саны көбеюіне байланысты осында қоныс аударады. Жеті жыл­дан кейін қайтадан Ақмолаға кө­шірілген мұғалімдер техникумы ғимарат жоқтығына байланысты 1941 жылы Щучинск қаласына ауысып, осында педагогикалық училище болып қайта құрылады. Ал 1944 жылы Ақмола қаласына қайтадан көшірілген оқу орны осында біржола тұрақтайды. 1961 жылы Ақмола атауы өзгерген кезде білім ошағы Целиноград педагогикалық училищесі болып аталды. Алғашында «Бас­тауыш сыныптарға білім беру» мамандығы бойынша талап­керлерді қабылдаған учили­щеде қосымша «Мектепке дейінгі тәрбие» мен «Ән-күй» маман­дығы ашылады. Кейін «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» маман­дықтары қосылды. Қазіргі ғи­мараты колледжге 1980 жылы берілген.

Әр кезеңнің әдістемелік тақырыбын таңдадық

Өзіңіз Гуманитарлық кол­леджді 2001 жылдан бері бас­қарып келеді екенсіз. Сіз басшы болғалы колледж қабырғасында қандай өзгерістер болды, қандай жетістіктерге жеттіңіздер?

– Менің азды-көпті тәжірибемде түйгенім, кез келген жұмысың алға басып, ойлаған мақсат орындалу үшін белгілі бір жоспар болу қажет.  Бұл жоспар жай ғана жасала салмай, нақты орындалуы керек. Сонда ғана жұмыстың нәтижесі болады. Мен осында басшы болып келгелі колледждің даму бағдарын айқындайтын бағдарлама жасауды қолға алдық. Онда алдағы үш жылда атқарылар жұмыстардың тізбесі түгенделіп, білім сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға қажетті жоспарлар құрылды. Бұған қоса,  педагогтардың біліктілігін арттыру, шығармашылық ізденісін дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту, оқу-әдістемелік жұмыстарды жетілдіру,  ғылыми-зерттеу еңбектерді жүйелеу, ақпараттық инфрақұрылымды кеңейту мәселелерін де қамтыдық. Әр кезеңнің өз әдістемелік тақы­рыбы таңдалып, мақсаты мен міндеттері, бағдарламаны жүзеге асыру жағдайлары, мазмұны нақ­тыланды. Бағдарламаны нор­мативтік ақпарат көздері, кол­ледж­дің әкімшілік қызметі мен құрылымдық бөлімшелерінің есеп­­тері мен ұсыныстарын ескере отырып жасадық. Еңбегіміз зая кеткен жоқ. 2002-2004 жыл­дарға арналған колледждің алғаш­қы даму бағдарламасынан-ақ жұ­мыстың оң нәтижесі көріне бас­тады. Колледжде білім беру үр­дісін ақпараттандырудың қанат­қақты қадамдары жасалды: 25 компьютерлік 2 сынып ашылды, ағылшын тілі кабинеті компьютермен жабдықталды, интернет желісі қосылды. Сондай-ақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Еуразия гуманитарлық институты, 12 жылдық білім беру ғылыми-республикалық орталығы мен «Дарын» орталығы, «Тұран» университетімен ғылыми байла­ныстар орнатылды. Колледж ішінде әдістемелік саладағы үлкен жетістік болып табылатын, әлі күнге дейін жүйелі жалғасып келе жат­қан «Педагогикалық жаршы» журналы тұңғыш рет сол кезде шыға бастаған болатын. Колледжге осы жылдары 55 компьютер алынды, 5 информатика кабинеті жабдықталды. Бағдарламада айтыл­ған іс-шаралар негізінде 2005 жыл­дың қыркүйек айынан бері педагогтарды еңбегіне қарай ынталандыру үшін марапаттау мен сыйақы тағайындалды. Екі жыл ішінде 95 оқытушы 41 номинация бойынша марапатталды. Оқу орнындағы мамандықтар мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сұранысы жоғары мамандықтарға мән берілді. Бізде бұрын «Қазақ тілі мен әдебиеті» деген екі мамандық болған. Олардың біреуін қысқарттық. Есесіне, уақыт талабына сай «Шетел тілі», «Информатика», «Дене тәрбиесі» мамандықтарын аштық.

Қазір бесінші бағдарламаға қадам басқан жайымыз бар. Әр бағдарлама аяқталар тұста қандай жұмыстар атқарғанымыз туралы есеп жасап, алдағы күндердің жоспарын белгілейміз. Кем-кетікті түзетіп, жетістіктерді еселей түсуге күш саламыз.

– Бүгінге дейін Гуманитарлық колледжді 22 мыңнан астам түлек бітірген екен. Қазір қанша студент оқиды? Оқытушылар құрамы мен мамандықтар саны қанша?

– Колледжде білім беретін 141 оқытушының 75 пайызы – жоғары және бірінші санатты мамандар. Олардың ішінде ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаздарымыз да жетерлік. Атап айтқанда, Қапия Бүргеғұлова, Шолпан Жиенбаева, Светлана Дядич, Нұргүл Қалабаева, Нұргүл Махметова, Жеңісгүл Жантөреева, Айсұлтан Алпысбаев сынды тәжі­рибелі оқытушыларымыз өзге ізбасарларына үлгі. Олар шеберлік сабақтарын өткізіп, оқулықтарға автор ретінде де қатысып жүр. Ал оқитын жастарға келсек, олардың 98 пайызы – өзіміздің қаракөздер. Барлығы 2200-ден астам студент 9 мамандық бойынша білім алуда. Жалпы, еліміздің барлық өңірінде мұғалімдер даярлайтын колледж бар екені белгілі. Соған қарамастан жастар біздің колледжде білім алғанды тәуір көреді. Оның басты себебі, көпшілік жастар болашағын Астанамен байланыстырғысы ке­леді. Колледжіміздің басқалардан ерекшелігі де осы астаналық болуын­да. Соңғы жылдары колледжімізге берілетін мемлекеттік тапсырыс саны ұлғайғанын да атап өту қажет. Биыл оның саны 405-ке жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 355 болған еді. Мұның өзі колледжіміздің имиджін көрсетсе керек.

Инновациялық технологияны меңгеру – уақыт талабы

– Білім қызметкерлерінің биылғы тамыз кеңесінде Астана қаласының әкімі: «Өзін-өзі жетілдіріп отыру, оқу барысында инновациялық технологияларды пайдалану, кәсіби шеберлік шегін кеңейту – мұғалімнің заманауи стандарттарға сай болуына мүмкіндік беретін жалғыз жол. Мұғалім баланы білім әлеміне жетелеу үшін заманауи технологиялар тілін түсініп қана қоймай, жетік меңгере білуі қажет» деп атап өтті. Осы жаңашыл міндет-талапқа Гуманитарлық колледж ұстаздары қаншалықты лайық?

– Иә, қазір ақпараттық техно­логияның күн сайын қарыштап дамыған заманы. Уақыт талабына ілесе алмау – ұстаз атына сын. Осы тұрғыда, әсіресе, аста­на­лық оқытушыларға жүктелер жауап­кершілік үлкен. Мен осында директор болып келгенде аты дардай ұстаздардың сабағына қаты­сып жүрдім. Қазір де қаты­самын. Бірақ сол кезде көптеген тәжі­ри­белі ұстаздар оқыту үрді­сінде баяғы қатып қалған қағиданы ұстанатынын байқадым. Әрине, кезінде олардың оқыту әдіс-тәсіл­дері өз заманындағы үздігі бол­ған. Ал жаңа дәуірде жаңа талап керектігін білеміз. Ұстаз дер кезінде сезініп, заманға бейімделе білуі керек. Олар­ды қолымыздан келгенше жа­ңа­шылдыққа бейімдедік. Ал қазір біздің оқытушылар құрамын жұмыс істеуге қабілеті мол, жаңашылдыққа бейім орта жастағылар құрайды. Ал колледжімізде жұмыс істегісі келетіндерге қойылатын талап жоғары. Олармен бір жылға келісім-шартқа отырамыз. Осы мерзім аяқталғаннан кейін әлгі маманның бір жылдың ішінде қандай жұмыстар атқарғаны, оқу үдерісінде қандай әдістер қол­данғаны талқыға салынады. Егер ол колледж қойып отырған талап үдесінен шықпаса, келісім-шартты әрі қарай ұзартпаймыз. Өзіндік пікірі бар, мақсатын алдын ала жос­парлай білетін жаңашыл ұстаз ғана жұмысын әрі қарай жалғастырады. Себебі, қазіргі заманғы баланы оқыту оңай емес. Әсіресе, оқуға талпынып тұрған оқушыны оқыту тіптен күрделі. Ол үшін оқытушы білім деңгейі жағынан ғана емес, инновациялық технологияларды меңгеру тұрғысынан да оқушының алдында болуы керек. Сонда ғана ол нағыз ұстаз болмақ.

– Еліміздің болашағын тәр­биелейтін мұғалімдер заманауи талаптарға сай болу үшін оған қажетті мүмкіндіктер де болуы керек. Осы тұрғыдан колледжде қандай жағдайлар жасалған?

– Гуманитарлық колледжде білім беру үрдісіне қажетті ақпараттық-техникалық құралдардың барлығы дерлік бар: 328 бірлік компьютерлік техника, 22 интерактивтік тақта. Интерактивтік жабдықтар 8 кабинетте орнатылған, 54 проек­тор бар. 9 компьютерлік сыныбы, 7 муль­тимедиалық кабинеті, 2 мо­бильдік сыныбы жабдықталған. Барлық құрылымдық бөлімшелер жеткілікті дәрежеде компьютер, оргтехникалармен қамтамасыз етілген, интернет желісіне қосылған. 2011 жылдан бастап колледж  пилоттық жүйе бойынша «E-learning» элек­трондық оқытуға» көшті. Осы орайда, Ас­тананың Гуманитарлық колледжі екі жылдан бері республика көлемінде онлайн режимінде отыз бес сабақ өткізгенін де атап өткім келеді. Оны тыңдаушылардың саны да көбейе түскен. Келешекте жоғары деңгейлі онлайн сабақ­тар­дың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.

«Түлектерімізге сұраныс жоғары»

– Гуманитарлық колледжді бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі қаншалықты шешілген?

– Колледж түлектерін жұмыспен қамту мақсатында біз көптеген шараларды қолға алып отырмыз. Біздегі оқудың 40 пайызы практикаға арналған. Студенттер алғашқы курстың екінші семестрінде-ақ мектептерге, балабақшаларға барып, практикадан өтеді. Оның ал­ғашқы сатысы танысудан, қажетті құжаттарды игеруден басталады. Жастар үшін практикадан өту – өте маңызды. Себебі, ол оқып үлгермей жатып, мұғалімдік мамандықтың қыр-сырына қаныға бастайды. Бұл оқушы жастардың санасында маман болудың алғы шарттарын қалыптастырады, психологиясын бейімдейді. Әрі біз бір студентті үш-төрт жыл қатарынан тек бір мекемеден практикадан өтуіне мән беріп отырмыз. Себебі, осы уақыт ішінде болашақ маман сол ұйымның ішкі-сыртқы жағдайына бейімделіп, сол ортаға сіңісе түседі. Сол ұжым да қайта-қайта практи­ка­дан өткен маманға бауыр басып,
ертең жұмысқа алуға ықылас та­ны­тады. Жастарды жұмысқа орна­лас­тырудың бір жолы – осы. Екін­ші, колледжіміздің қабыр­ға­­сында жыл сайын наурыз­дың аяғы мен сәуір­дің басында бос орын­дар жәр­меңкесі өтеді. Онда сту­дент­тер өзі қалаған мекемедегі жұ­­мыс­­­тарды таңдауға құқығы бар. Жалпы, біз­дің түлектерге сұраныс жоғары. Әсіресе, балабақша тәр­бие­­ші­ле­рі­нің аяғы жерге тимей тұр. Осы мамандыққа мемлекеттік тап­сы­рыстың көбеюі де соның дәлелі.

 колледж оркестри

Мерекеге дайындық «Ниет отынан» басталды

– Бүгін-ертең Гуманитарлық колледж 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Өз­деріңізге үлкен жауапкершілік жүктейтін маңызды шараға дайындықтарыңыз қалай?

– Биылғы мерейтойға дайын­дықты біз «Ниет оты» ұранымен былтыр қазан айында бастап кеттік. Мерейтойға байланысты өтетін шаралардың салтанатты ашылуына республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар шақырылды. Шара барысында бізге келген меймандар, ата-аналар, ардагерлер, оқытушылар, әлеуметтік серіктестер 70 жыл­дық­тың сим­волы – 7 шырақты кезекпен жақты. Мереке қарсаңында бүгінге дейін «Қалдырған ізің мәң­гілік…» тақырыбындағы дөңгелек үстел, «Жетістікке жетер жол» та­қырыбында әр жылғы бітіруші түлектермен кездесу, «Шебердің қолы ортақ» тақырыбымен студенттердің шебер қолдарынан шыққан өнер туындыларының көрмесі, «Ағарту кубогы» атты дебаттан халық­ара­лық турнир, «Мектепке дейінгі меке­мелердің инновациялық ке­ңіс­тігіндегі болашақ маманның кәсіби құзыреттілігі: тәжірибе, ізденістер» тақырыбындағы жиын, студенттердің жобалары конкурсы, әртүрлі спорт­тық шаралар өткізілді.

 Енді тура мерейтой күні – 16 қазанда, яғни, бүгін М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтетін болады. Ал
17 қазан күні Жастар сарайында салтанатты жиын ұйымдастыр­мақ­­шымыз. Мерейтойымызға арнайы шақырылғандардың ішінде колледжімізді 1944-1959 жылы басқарған Хамидулла Нұртаев пен маған дейін 29 жыл бойы директор болған Отызбай Сүйіндіков ағамыз да бар. Екеуі де қазір Астанада тұрады. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш.

Әңгімеңізге рахмет. Гу­ма­нитарлық колледж ұжымын 70 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button