ЖаңалықтарҚала тіршілігі

АРҚАН ҮСТІНДЕГІ АЮЛАР

DSCF3368

Елорда сахнасында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Александр Ивановтың жетекшілігімен «Арқан үстіндегі аюлар» цирктік қойылымы өтіп жатыр.

Астана циркінде алыс-жақын елдерден көптеген өнерпаздар келіп, елордалықтарға қойылымын ұсынуда. Бірақ, Ресейдің осы циркінің өнері өзгелерден ерек болып шықты. Себебі, әлем бойынша арқан үстінде алуан түрлі акробаттық ойын көрсететін өнерлі аюлар тек осы ресейлік топта ғана бар. Астаналықтардың бұл қойылымға бұрын-соңды болмаған қызығушылықпен баруы сондықтан.

29 қазан күні біз де аталған Ресей мемлекеттік циркі­нің қойылымын тамашаладық. Әртістер бояуы қанық, әбден кемеліне жеткен цирк өнерінің жарқын бағдарламасын жұртшылыққа ұсынды.

Әсіресе, «Теңіздегі ойын» күрделі трюктерге толы болды. Асқан ептілік пен күштілікке негізделген шабан­доздық және жонглерлік өнер кім-кімді де бей-жай қал­дырған жоқ. Бірінің үстіне бірі мініп, акро­бат­тық гимнастикалар жасаған әртістерге кіш­кентай көрермендер ерекше қошемет көрсетті. Жалпы, бұл қойылым жоғары деңгейдегі халықаралық фес­тивальдерде бірнеше рет жүлдегер атаныпты. Демек, «Теңіздегі ойынға» әлемдік көрермендер баяғыда-ақ лайықты бағасын беріп қойған.

Қойылым арқылы астаналық көрермен Юрий Сосин мен Ирина Сосина сынды Ресейдің еңбек сіңірген әртістерін, халықаралық конкурстардың лауреаты, белгілі жонглер-эквилибристер Алёна Сосина, Михаил Иванов, гимнастшылар Евгения Нуянзина, Михаил Елагин, аңдарға тіл үйретудің шеберлері Ольга, Михаил Воложаниндерді, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Арсен Батиев жетекшілік ететін «Алания» ат ансамблін, жонглер-акробаттар Ирина, Георгий және Юрий Прилеполарды, танымал шабандоз Вера Мещанованы танып білді. Сайқымазақ-әртістер Анжелика мен
Сергей Клюевтердің де әдемі әзілдері көрерменге кө­теріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бәрінен бұрын цирктік қойылымның түп қазығы – арқан үстімен еркін жүріп, небір шалт қимыл жасап, елді күлдірткен сүйкімді аюлардың қылығы кішкентай астаналықтардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз. «Бізге Астанада өнер көрсету ұнады. «Арқан үстіндегі аюлар» бағдарламасы «Ресеймемциркі» жетекшілігіндегі жаңа тұжырымдамамен өтіп жатыр» дейді Александр Иванов.

Айтпақшы, қойылым 9 қарашаға дейін жалғасады екен.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button