Оқырманнан он сұрақ

Әрқашан дәстүрлі әндерді дәріптеймін

Жанар АЙЖАНОВА, әнші:  

– Кейінгі кезде сахнадан ән айтқа­ныңызды көрмей жүрміз. Жеке шығар­машылығыңызда қандай жаңа­лықтар болып жатыр?
Айжан, студент
– Соңғы уақытта шығар­машы­лығымда жаңалықтар жетерлік. Өздеріңіз куә бол­ғандай, «Фобия» бағдарламасына қатыстым. Түрлі концерттерге қатысып, арнайы теле­бағдарлама жүргізіп жүрген жайым бар.

– Өзім Астана қаласында тұра­мын. Сіз­дің әндеріңізді сүйіп тыңдаймын. Бізге келіп, жеке шығармашылық кешіңізді қашан өткізесіз?
Данияр, қала тұрғыны
– Өткен жылы ғана Конгресс-Холда Астана филармониясы және «Сарыарқа» ан­самблімен бірлесе отырып эстрада, оркестр және домбыра жанрларын қамтыған керемет концерт өтті. Жыл сайын концерт беріп қадірімді кетіргім келмейді.

– Болашақта әнші болғым келе­ді. Сіздің шәкірттеріңіз бар ма?
Гүлсім
– Шәкірт тәрбиелеу өте ғиб­ратты іс деп білемін. Алайда қазіргі таңда шәкірт тәр­биелеп жүргенім жоқ.

– Қазір екінің бірі – әлеу­меттік желі­лердің қолда­ну­шысы. Сіздің жеке парақ­ша­ңыз бар ма?
Самал, студент
– Бос уақыттың болмауы се­бебінен әлеу­меттік желілерді қолданбаймын. Ондай ша­руа­ларды менің атымнан қызым атқарады.

– Қазақ сахнасындағы даусы ерекше ән­ші­сіз. Даусыңызға қалай күтім жасайсыз?
Торғын, ҚазҰӨУ студенті
– Дауыс әншінің байлығы ғой. Сондықтан әрқашан зиянды әдеттерден бойымды алшақ ұстаймын. Уақытылы тамақтану және демалу – менің басты қа­ғидам. Дауыс арқылы адамның тынысы кеңи түседі. Аптасына екі рет ән салып тұру арқылы даусымды тұрақ­тандырамын және мұның ән сөздерін ұмытып қалмауға деген пайдасы орасан.

– Өмірдегі ең үлкен жетіс­тігім деп нені айтар едіңіз?
Майра
– Әйел ретінде дер кезінде тұрмыс құрып, аяулы ана атан­ғаным – менің ең үлкен жетіс­тігім. Ал өнер жолындағы бар жетіс­тіктерім атқарған еңбегімнің же­­місі деп білемін. Астанамыз Алматы қаласы болып тұрған кезінде жай ғана жаяу келіп, асықпай осы жолдағы асулардың бәрінен өтіп, де­геніме жеттім. Ешқашан «Көке, Жәке» іздеген жан емеспін. Бар­лығы таза тыным таппай жа­саған еңбектің арқасы деп айтар
едім. Қарапайым халқымды әнімнің шуағына бөлегенімнің өзі – жетістік. Осыдан артық же­тіс­тіктің қажеті қанша?!

– «Фобия» бағдарламасына қатыс­ты­ңыз? Бұл бағдарлама сізге не берді?
Жазира, оқытушы
– Мен бұл бағдарламада өзімді екінші қырымнан көрсеттім. Ел арасындағы дәс­түрлі әншілерге деген жаңсақ пікір мен көзқарасты өзгертуге үлес қостым. Дәстүрлі әншілерге артықша қимыл жа­сауға, ондай бағдарламаларға қатысуға болмайды деп са­най­тындардың көзқарасын өзгерттім. Халық ара­сында «дәстүрлі ән­шілердің қолынан түк келмейді, үкілі бөрігін киіп жүреді де қояды» деген жаңсақ пікірлерге балта шаптым. Осыдан кейін ха­лық көзқарасының өзгергенін бай­қадым. Өмірдегі шынайы болмысымды, әзілге жақындығымды, қазіргі заман ағымына ілескен жан екенімді көрсеттім.

– Қазақ эстрадасында кім­дерді тың­дайсыз?
Рая, мұғалім
– Уақыт болып жатса, барлығын тыңдауға тырысамын. «Дос Мұ­қасаннан» бастап барлығын тың­даймын. Ғарифолла Құр­ман­ғалиевтың әндерін сүйіп тың­даймын. Батыстық сарындағы әндерді тыңдаймын деп айта ал­май­мын. Дәстүрлі бағытта ән сал­ған соң әрқашан дәстүрлі әнді дәріптеймін. Қазіргі таңдағы ба­тыстық сарын қазақ әнінің түп тамырын өзгертіп жатыр. Әнді өзгертсек, тілді өзгертсек, онда қазақтың байлығынан не қалады? Өзіміздің жалпыға ортақ дәстүрлі және халық әндері айтылуы қажет. Тек айтып қана қоймай, ол әннің түп тамырын, алғашқы орындаушысын жете тануымыз тиіс. Әр халық өз дәстүрлі әнін, мәдениетін сақтауы қажет.

– Халық арасында өнер адамы үйде отырмайды деген пікір бар. Гастрольдік сапарларға қаншалықты жиі шығасыз?
Риза
– Соңғы уақытта гастрольдік сапарларға шығып жүргенім жоқ. Көбінесе аралас кон­­церт­терге қатысып жүрмін. Бұрын гас­трольдік сапарларды өзім ұйымдастырып, об­­лыстарды түгел аралап, 6-7 ай жүретінмін. Қазіргі таңда біраз атқарылмаған шаруаларым бар. Соларға кірісіп жатырмын. Алайда шақырған жерден қалмаймын.

– Репертуарыңыздағы қай әнді өмір­баяндық деп айта аласыз?
Динара
– Өмірімдегі жығылып барып сүрініп тұрған жағдайдан соң сахнаға екі-үш жыл шықпай, 1999 жылы эстрада бағытында ал­ғаш рет «Достарым» атты әнмен шықтым. Бұл – негізінде Оралхан Көшеровтің әні. Ол кісі ауруханада жатқанында достары іздеп барғанда туған ән екен. Мен осы әнді орындап шыққанда, халық арасында осы ән жайлы «өз тағдырымен байланысты ән екен, өзінің әні екен» деген сөздер тараған-ды. Тағдырыммен жай сәйкес болған ән еді.

Жанар САЛЫБАЙ,
ЕҰУ студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button