Мәдениет

«ART TUMAR» – КӨРКЕМ ТУЫНДЫЛАРДЫҢ ЖАҢА ТӨРІ

ERA_4387

Бейнелеу өнерінің биік мұратын суретшісіз елес­тету мүмкін емес. Алайда, қазіргі заманда галереялар аrt-әлемнің бойына қан жүгіртер жүрек-қолқасы екенінде дау жоқ.

Галереялар – суретші, жидашы (коллекционер) мен көрермен деген үш тараптың арасын елдестірген елші, көпшіліктің өнерге деген талғамын тамтыратпай ұстап тұратын бір қасиетті мүйіске айналды десек, қателеспейтін шығармыз. Астанадағы саны бір қолдың саласынан аспайтын Қазіргі заманғы өнер мұражайы, «Құланшы», «Хас санат», «Шежіре», Тәуелсіздік сарайы, Назарбаев орталығындағы көрме залдары елорданың мәдени өмірін шама-шарқынша түрлі шарамен байытып жатқанының өзін олжа санайтынымыз жасырын емес. Көш жүре түзеледі. Көп ұзамай Астана жұртшылығы мен қонақтарына тағы бір art-галерея есігін айқара ашпақшы. «Бейжің сарай» бес жұлдызды қонақ – үйінде орналасқан «ARTTUMAR» галереясының иесі – белгілі өнер жанашыры Гүлфайруз Нүрскенова.

– Мен бұл салаға Алматыда, өнердің өгейсімеген ортасына тап болғанда қызыға ден қойғам. Кәсіби өнертанушы болмасам да, сол жерде «ArtNomad» галереясын ашып, туындыларын көпшілікке біз арқылы ұсынатын қылқалам шеберлерінің үлкен шоғырын өз төңірегімде топтастырдым. Олар – экспрессивті мәнерде жазатын Рашид Құлбатыров, академиялық живописьтің аясынан шығып кетіп, ұлттық қанық бояуларымен сезімге қозғау салатын, қазақтың жанына жақын, этнографиялық, тарихи тақырыптағы кең полотноларға көбірек баратын суретші Сәрсен Омышев, Нұрбазар Қожин, Құрманғазы Ақашев, Есенғали Садырбаевтар, иппикалық жанрға (грекшеден «hippos» – жылқы) жақын, яғни, интерьерінде жылқы жиі көрініс табатын Жеңісбек Әбдіраман, қазақы қоңыр түстерден шабыттанатын Ғани Баян, «соntemporary-art» бағытында ізденетін Рашид Нұрекеев сияқты суретшілермен жан-жақты шығармашылық байланыс үстіндеміз. «Ендеше неге осындай талантты суретшілерді Астананың мәдени ортасына таныстырмасқа?» деген ой «ARTTUMAR» галереясын ашуыма түрткі болды, – дейді Гүлфайруз Нүрскенова.

Өнер менеджерінің айтуынша, галерея концепциялық тұрғыдан отандық бейнелеу өнерінің белгілі-белгісіз «брендтерін» танытуға, яғни, тұрақты экспозициялар жасап, каталог-альбом шығаруға жұмыстанатын болады. Алайда, заманауи өнермен шектеліп қалмай, туындының уақыт өтіп, тарихтың терең қойнауына сүңгіген сайын бағасы арта түсетін жазылмаған заңдылығына бағынатын кез келген галарея сияқты, «ARTTUMAR» да соцреализм, алпысыншы-сексенінші жылдардағы қазақ бейнелеу өнері өкілдерінің жұмыстарынан қор жинақтайды. Салондағы Салахитдин Айтбаев, Бахтияр Табиев, Нина Гинзбург, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Тоқболат Тоғысбаев, Сабыр Мамбеев, Велинина Кузнецова, Николай Наседкин, т.б көптеген авторлардың суреттерінен өткен дәуірдің көріністеріне көз қанығады. «ARTTUMAR» өмірден өткен суретшілердің де картиналарын тақырып аясында топтастырып, көрме ашуды жоспарлап отыр.

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button