Руханият

Артына жарық із қалдырып аққан жұлдыз

Шоқан Уәлиханов және орыстың зиялы қауымы

Қазақстан Республикасы­ тәуелсіздік алысымен ең алғаш ежелден көрші болып­ келе жатқан Ресей­ Федерациясымен достық ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт жасасқаны белгілі. Мұның тарихи терең тамыры­ бар еді. Рас, екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастардың кейде қайшылықты болғанына дау жоқ. Діні бөлек, тегі басқа, тұрмыс дәстүрі әртүрлі елдердің өз мүддесі, өз ұстанымы болатыны белгілі. Дегенмен, ХIХ ғасырдың екінші жартысынан арысы Батыстың, берісі Ресейдің демократия­шыл және ағартушылық бағытының қазақ қоғамына игі ықпал еткеніне көз жұмуға болмайды.­ Бұл қазақ тарихына­ аттары алтын әріппен жазылған бір топ ойшылдар әкелді. Олардың қызметі негізінен ағартушылық сипаттағы халықшыл озық идеяларға, бұқараны білімге, мәдениетке шақыру болды. Бұлардың ішінде азиялық және еуропалық қасиеттердің тамаша қосындысындай болған ұлы ғалым, терең ойшыл Шоқан Уәлихановтың орны бөлек.

Қазақ хандарының ұрпағы, ұлттық отбасылық тәрбиенің салт-дәстүрі әдемі қалыптасқан әлеуметтік ортада өскен, ауыл мектебінде оқып, қосымша қыпшақ-шағатай, араб-парсы тілдерінде бастауыш білім алған Шоқан Уәлихановтың болашағына ең алғаш Омбыдағы кадет корпусы айқын жол ашты. Жаратылысынан аса қабілетті, өте зерек Шоқан он екі жасында өзінің табиғи мүмкіндіктерін жетілдіруге ықпал еткен зиялы орыстардың ортасына түсті. Алдымен ұстаздарымен арада етене түсіністікке жетті. Солардың ықпалымен орыс және дүние жүзі әдебиеті классиктерінің шығар­маларын зор ықыласпен оқыды.

Шоқан Уәлихановқа игі әсер еткен ұстаздардың бірі – Қазан университеті шығыстану факультетінің түлегі, орыс әдебиетінің оқытушысы және шығыстанушы, әдебиетте В.Г.Белинский бағытын ұстанушы Н.Ф.Костылецкий еді. Сондай-ақ, Н.Г. Чернышевскийдің досы әрі онымен идеялас, әдебиет пәнінің оқытушысы П.В.Лободовскийдің де әсері мол болады. Оқытушы Ждан Пушкин өз тәрбиеленушілерінен патшаға тайсалмай қарсы келетін нағыз ер мінезді адам шығару мақсатымен діни тәрбие беріп, жалпы тарихты оқытуды дұрыс жолға қоюды ойластырады. Кадет шәкірттерінің жазғанындай, олар өз оқытушылары Сулоцкийді ұлан ғайыр білімі үшін мойындап, одан байыпты ойлауды үйренген, ал Костылецкийді ақыл-ойының алғырлығы үшін ардақтап, өмір жолын өнеге тұтқан.

Кадет корпусында пайда болған дарынды балаға қаланың басқа зиялы жұртшылығы да қызығушылық танытады. Әсіресе, ерекше сөз өнері, ұтымды да бейнелі сөйлеу қабілеті, адами қасиеттері оны керемет тартымды етіп көрсеткен. Осындай ерекше жанға қамқорлық жасауды өз борышы санап, жексенбі күндері оны үйіне алып кетуші ұстаздар да, басқалар да аз болмаған. Оқудың алғашқы жылдарында ол мереке күндерін Қазан университетінің шығыс факультетін бітірген шенеунік Сотниковтың үйінде өткізсе, кейіннен жалпы тарих пәнінен сабақ беретін, жер аударылған ғалым поляк Гонсевскийдің отбасында, қаладағы ең білімді адамдар жиналатын Омбының әдеби клубы іспеттес Капустиннің үйінде өз адамындай, жақын туысындай араласып жүреді. Мұнда Уәлиханов петрашевшіл ақын Дуровпен, кейіннен шаруалардың мұң-мұқтажын жырлаушы ретінде әдеби ортаға танылған С.Я. Капустинмен танысады. Осы соңғы кісінің айтуынша, Шоқанның өңіндегі барлық белгілер өзіне жарасып, оның мейірімділігін, жұмсақтығын көрсетіп, бүкіл бет-пішінін асқан бір сүйкімділікпен өзіне тартып тұратын көрінеді. Бұлардың бәрі қаладағы ең көзі ашық, ойлы, оқымысты жандар болатын.

Осындай әлеуметтік ортаға түскен, өзінің ақылымен, ширақтығымен, білімге деген құштарлығымен және өзгеше бір ашық та еркін батылдығымен ерекшеленген Шоқан Уәлихановтың корпустың өз заманының білімпаз оқытушыларымен, сол кездегі Омбы зиялыларының кейбір көрнекті өкілдерімен, қаладағы ең алдыңғы қатарлы, адамгершілікті, көзі ашық отбасылармен таныстығы оны білім мен ғылымға баулыды, оның ойлау қабілетінің дамуына, саяси көзқарастарының қалыптасуына едәуір әсер етеді. Ол кадеттіктер арасында тез есейіп, тез жетіледі, өзінің саяси көзқарасының қалыптасуы мен әдебиет саласындағы ерекше білімділігімен достарынан, қатар-құрбыларынан озық шығып, өз кезінің саналы, ойлы жастарының біріне айналады. Мектеп басшылығы өте дарынды балаға 14-15 жасында-ақ Орта Азия жөніндегі білгір саясатшы, зерттеуші, тіпті, ғалым ретінде қарай бастаған. Сондай ақ, оның кадет корпусында жай казактардан шыққан офицерлердің балаларының ортасында болуы оның демократиялық ой-пі­кі-­рі­нің қалыптасуына игі ықпал еткен. Осылай Шоқан өз болмысымен өз кезіндегі батыс сібір қоғамының жоғары сапындағыларға тән үздік сипаттардың бәрін бойына дарытады. Сондықтан, жолдастары үшін оның «Еуропаға ашылған терезе» болғанын түсіну қиын емес.

Шоқанның өмірінде өзіне қамқоршы ретінде ерекше орын алған, оған өзінің туған баласындай қараған, корпустан офицер болып шыққаннан кейін де өте жақын болған оқытушысы, жергілікті штабта қызмет атқарған, білімдар–энциклопедист, полковник К.К. Гутковский еді. Шоқан да оны адамгершілігі жоғары, мейірманды жан есебінде cанаған. 1860-жылдары Шоқан Уәлиханов сайлауға түскенде ол хат жазып, онда «Бағаналылардың қуып ізденуі аяқсыз қалмай, іске асатын болды, губернатор енді сені сұлтандыққа ешбір бекіткісі келмейді» деп жазуы белгілі жағдайда жақындықты, тілеулестікті білдіргені еді. Ұлы ғалымның бірсыпыра қолжазбаларының К.К.Гутковскийдің отбасында сақталуы, 1920 жылы оның қызы КСРО Ғылым академиясына тапсыруы да көп нәрсені аңғартса керек.

Шоқан Уәлихановтың толық жинағының 5-томында К.К. Гутковскийдің тоғыз хаты сақталған. Олардың мазмұнынан екеуінің ерекше сыйластықта, өзара сенімділікте болғаны байқалады. 1862 жылы Шоқанның Ф.М.Достоевскийге жазған хатында “барлық орыс ұлықтарының ішінен мені жақтаған Гутковский мырза ғана» деп жазған болатын. 1864 жылғы 4 наурызда К.К. Гутковскийге жазған хатында Шоқанның: «Мен билер сотын еш өзгерісіз қалдыру керектігі туралы жазба жібердім. Менің жобам қабылданып, билер соты бұрынғыша қалатын болды» деп жазуы да олардың арасындағы қарым-қатынастың жақсы болғанын аңғартады.

Шоқан Уәлиханов жазбаларының барлығын Географиялық қоғамның «Записки» журналында басып шығару туралы К.К. Гутковскийдің қайтыс болар алдындағы тілегін өз мойнына алғанын физикалық география бөлімінде төрағалық етуші П.П. Семенов­ мәлім еткен еді. Кеңес бұл ұсынысты шын ризашылықпен қабылдайды.

Шоқан Уәлихановтың кейінірек бірсыпыра хат жазысып, жақсы түсінісіп, қарым-қатынаста болған адамдарының бірі – генерал–майор Герасим Алексеевич Колпаковский. Ол өмірінің көп бөлігін Батыс Сібір мен Орта Азияда қызметте өткізген. Алатау округі мен Үлкен Орда қазақтарының бастығы, Семей және Жетісу облыстарының әскери губернаторы болған. Сондықтан, Шоқан Уәлиханов М.Г.Черняевтың әскери экспедициясын тастап, бір топ офицерлермен Верныйға оралып, сонан соң өмірінің соңғы жылдарын –1864 жылдың 20 қарашасынан 1865 жылдың 19 ақпанына дейін Тезек төре ауылында өткізген кезде онымен хат жазысып тұрған. Ол Шоқанды мәңгі есте қалдыруға үлкен үлес қосқан. 1887 жылғы Г.Н.Потанинге жазған хатында (ол кезде Дала генерал-губернаторы болған) Г.А.Колпаковский: «Егер Шоқанның өмірбаяны мен шығармаларын шығаруға қаржы керек болып жатса, мен өз тарапымнан бұған үлес қосуға дайынмын» деп жазған еді. Ал 1889 жылғы 15 маусымда К.С. Веселовскийге жазған хатында үш жүз сом көлемінде материалдық қолдау көрсететіні туралы тағы жазған болатын. Кейін ол Шоқан бейітіне ақ мәрмәр тастан жасалған құлпытас орнатуға белсене араласады.

Орыстың зиялы қауымының арасында Шоқан Уәлихановтың айрықша талантын бағалай отырып, оған шынайы бағыт-бағдар беріп отырғандар да аз болған жоқ. Өз сөзімен айтқанда, «тағдыр тамаша адам етіп жаратып, жүрек пен кеңпейілділік берген» Шоқанды бір көргеннен жете танып, «керемет жақсы көріп кеткен» орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достоевский болды. 1856 жылғы 14 желтоқсанда Семейден жазған хатында ол: «… Ресейде сахара дегеннің не екенін, оның маңызын және өз халқыңыз туралы жерлестеріңнің арасында алғашқылардың бірі болып айтып жеткізу, бұған қоса өз Отаныңызға ағартушы ретінде қызмет ету, орыс ортасындағы өз халқыңның жоғын жоқтаушысы болу қасиетті іс, ұлы мақсат емес пе? Сіз еуропаша толық білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді еске алыңыз» дей отырып, осының өзі қандай ғанибет әрі бұл оған көп міндеттерді еріксіз жүктейтінін ашық жазған болатын. Бұл кезде Шоқан 21 жасқа жаңа толған еді.

Шоқан Уәлихановты бірінші көргенде-ақ шығыс әдебиетін көп оқыған, Омбыда жүріп-ақ өз мамандығы бойынша бай кітапхананы қалай іріктеп алғанына таң қалған орыстың ұлы саяхатшысы П.П.Семенов Тян-Шанский болды. Кейін ол «Батыс Сібірдегі және Жетісу өлкесіндегі кездесулер» атты естелігінде өзінің ықпалымен Шоқанның Петербор университетінде дәрістер тыңдағанын, француз және неміс тілдерін жақсы меңгергенін жазған еді. Осы ұлы саяхатшының ұсынысымен жасы 22-ге де толмаған Шоқан Уәлиханов императорлық Географиялық қоғамның толық мүшелігіне сайланады.

Шоқан Уәлихановқа алғашқы көргеннен тәнті болған, өз көңілін ашық білдірген ақын А.Н.Майков болды. Ол өзінің 1863 жылғы 10 ақпанда жазған хатында көп мәселені көтереді. Шоқанның өз ортасы үшін тым сауатты, білімді екенін, сондықтан оның өз елі үшін не істей алатынын білмейтінін, ал өзі үшін, Еуропа үшін, Ресей үшін айтып тауыса алмайтындай көп нәрсе істей алатынын айтады. Сондықтан Петербургке келуін ұсына отырып: «Өз бойыңыздағы еуропалық білім мен ғылымның жемісін Шығыстың ғылымымен ұштастыра отырып, Сіз Азияны Еуропаға таныстыруға тиіссіз, ал әзірше, Азия үшін ештеңе де істей алмайсыз» дейді. Бұл жерде ақын Азияның артта қалып келе жатқанын мегзеген болу керек.

Ұлы ғалымды алдымен орыс­ қауымына, сол арқылы оны басқалардың жете тануына ерекше үлес қос­қан өзімен корпуста қатар оқы­ған Г.П.Потанин болды. Ол кадет­те­сі­нің ғылыми өмірбаянын жасады. Осы мақсатпен досы қайтыс болғаннан кейін оның аулына арнайы барып қайтады. Шоқан­ның азаматтық һәм ғалымдық болмысын жан-жақты ашуға арнаған алты баспа табақтан астам мақалалар жазды. Сөйтіп ол Шоқантану ғылымының негізін қалады. Өз мақалаларында досының өмірінің басты мұраты өз халқына, оның рухани жаңаруына қызмет ету, елінің мүддесін орыс билігінен қорғау болды деп атап көрсетті.

Шоқан тақырыбына мол қалам тартып,­ 5-6 мақала жазған Қазақстан мен Сібір халықтарының зерттеушісі, орыстың про­грес­шіл публицисі Н.М.Ядринцев болды. Ол «Еуорпалық білім мен танымды өз бойына сіңіріп», «өткір гейнелік әжуамен кез келген тұрпайылықты сынап отыратын», сонымен бірге терең шығармашылық қабілетті меңгерген Шоқанға бірнеше мақала арнап, оның «өз халқын жан-жүрегімен сүйе отырып, бұратана халықтың бейшара кейпін, шарасыздықты еуропалық ғылыми көзқарас тұрғысынан көре алғанын» жазған еді.

Жинақтай айтқанда, отыздан аса орыс­тың алдыңғы қатарлы ғалымдары, ақын-жазушылары мен публицистерінің Шоқан туралы ой-толғаныстары мол әрі қызық-ақ. Олар сол кезден бері арада бір жарым ғасыр өтсе де, ғылым әлеміндегі жарық жұл­дыз­дардың бірінің шынайы жаратылысы, шығар­ма­шылық қуаты, тағдыр сыйлаған тамаша дарыны жөнінде санаға әдемі елестер береді. Шоқан туралы қалам тартқандардың барлығының айрықша атап өтетіндері – қаншалықты орысша оқып, соншалықты Батысша тәрбие алса да, оның өз халқына қалт­қы­сыз адалдығы, соған қызмет ету асыл мұраты болғандығы. Оған жазушы Н.И.Наумовтың: «Уәлиханов кең жолға шыға отырып, өз отанына бөтен болған жоқ. Кері­сін­ше, ол мәдени өмірдің жағдайын жоғары бағалай келе, өз халқын шынайы сүйе білді» деген сөзін дәлел ете кетуге болады.

Шоқан Уәлиханов дүниеден өткенде де Ресейдің зиялы қауымының назарынан тыс қалмады. Н.М.Ядринцев: «Ерекше дарынды әрі білімді, Орта Азия географиясын зерттеумен шұғылданған, өз халқының сүйікті ұлы, қазақ Ш.Уәлиханов офицерлік ортада өмір кешіп, асқан ақыл және тамаша­ тап­қыр­лық қасиетке ие бола тұрып ол орыс өркениетіне күйінішпен қарады, бұратана халыққа жасаған қиянаттарын көріп, қапа­лан­ған ол түркістандық саяхаттан күш-қуаты сарқылып, оларға болашақта жақсы өмір сүру туралы үмітін де айтуға шамасы келмей, өкпе ауруынан қайтыс болды» деп жазған еді. Ал академик Н.И.Веселовский былай деп жазған еді: «Қазақ хандарының ұрпағы және орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өтті. Орыстың шығыстанушылары оны бір ауыздан ерекше бір құбылыс деп мойындап, болашақта түркі халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашады деп үміттенген еді, бірақ Шоқанның мезгілсіз дүние салуы­ бізді бұл үміттен айырып отыр». Бұл Уәли­ха­нов­қа берілген шынайы да лайықты бағалар болатын.

Шоқан Уәлиханов жасы 35-ке­ толмаған қысқа өмірінде артына мол мұра қалдырды. Алайда, оның көбісі кезінде жүйеге түспеген, өзінің көзі тірісінде баспа бетін көрген де­ жоқ еді. Бұл бағытта да тағы да орыстың зиялы қауымы ерекше қамқорлық жасады.­ Географиялық қоғамның этнография бөлімінде Шоқанға қатысты мәліметтерді жинау бойынша бағдар­лама жасалып, арнау­лы комиссия құрыл­ған. Шындап келгенде, туған халқы өзі­­нің ұлы перзентінің мұрасына осы­лар­дың арқасында ие болды.

Сөз соңында айтарымыз – арғы-бергі қазақ тарихында шығармалары ағылшын, неміс және француз тілдеріне алғаш ауда­рыл­ған, қазақ халқының ғана емес, бүкіл түрік тектес шығыс халықтарының тарихын, этногра­фия­сын, әдебиетін зерттеуге айрықша ат салысқан, саяхатшы ретінде Орта Азия мен­ Шығыс Түкістанның аймағын әлемге таныт­қан ұлы ғалымның мол мұрасының жоғалмай жетуіне өлшеусіз үлес қосқан орыс халқына, оның зиялы қауымына бүгінгі ұрпақтың алғыстан басқа айтары жоқ.

Әбдіжәлел Бәкір,

саяси ғылымдарыныңдокторы, профессор

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button