Басты ақпаратРуханият

Арзан атақта абырой жоқ

Кейінгі жылдары елімізде «Қазақстанның Құрметті азаматы», «Қазақ журналистикасының қайраткері», «Қазақ өнерінің қайраткері», «Ұлт қайраткері», тағы осы секілді атаулары дардай, іс жүзінде еш салмағы жоқ атақтар қаптап кетті. Бұл – ақша жасау мақсатында қоғамдық ұйымдар тағайындаған марапаттар. Бір қызығы, сондай атақтарды алуға құмар, алып жатқан адамдар саны жеткілікті.

Атақ қумай, тіпті, соған лайық болып тұрса да, мемлекеттік жоғары атақтардан бас тартқандар да кездеседі. Әрине, оның әртүрлі себептері бар. Ең басты себебі, алдында тиісті атақты алмаған таутұлға тұрғанда, соның алдына түсіп кетпеу, ар-ұяттан аттамау.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өткен жылы «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайтарылды. 1999 жылы бұл атақты беру тоқтатылып, ХХІ ғасырда ешкімге берілмеді. Ширек ғасырға жуық уақыт үзіліс­тен соң, былтыр сегіз адам Қазақстанның халық әртісі атанды. Олардың қатарында танымал театр және кино актерлері Дінмұхаммед (Димаш) Ахимов, Дулыға Ақмолда, Михаил Токарев, опера әншілері Шахимардан Әбілов пен Талғат Күзембаев, әншілер Рамазан Стамғазиев пен Димаш Құдайберген және күйші Айгүл Үлкенбаева болды. Өз басымыз бұл тізімнен көрнекті күйші-композитор Секен Тұрысбекті де көргіміз келген. Бақсақ, Секен Кәрімұлы бұл атақты 1998 жылы алуы тиіс болса да, алмай бас тартқан.

Оның себебін күйші жақында «Аbai» телеарнасындағы «Сарасөз» бағдарламасына берген сұхбатында айтып берді. Сұхбат алушы ақын Нәзира Бердалының тиісті сұрағына: «Біздің беткеұстар Құрманғазы оркестрінің концертмейстері Тұяқберді Шәмел керемет домбырашы еді. Сол баласынан айырылды… Ондай қасіреттен Құдай сақтасын! Сондықтан «халық әртісін Тұяқберді ағамызға берсеңіздер кішкене болса да көңіліне медеу бола ма, демеу бола ма деп ұсыныс айттым» деді Секен Тұрысбек. Сол 1998 жылы Тұяқберді Шәмел Қазақстанның халық әртісі атанды.

Секен Кәрімұлының пікірінше, қазір халық әртісі атағына лайық бірден-бір адам – күйші-композитор, дирижер Айтқали Жайымов.

«Айтқали ағамыз – бә­ріміздің ұстазымыз. Оның алдына түсу – менің ұғымымда ұят нәрсе. Ол кісі 76-ға келді, енді қашан алады?! Қандай дирижер! Домбырашылығы сұмдық, деңгейі Рысбай Ғабдиевтер тектес. Құрманғазы оркестрінде 16 жыл істеді, Астана филармониясындағы қазақ оркестрі мүшелерінің санын 100 адамға жеткізді» деді Секен Тұрысбек.

Шынымен, Айтқали Жайымовтың ұлттық музыка өнеріне бергені көп. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестріне келгеніне биыл 16 жыл болады. Шаршамай, талмай, әлі күнге дейін еңбек етіп келе жатыр. Алдағы ақпан айында филармония­ның концерт залында ұлы Арман Жайыммен бірігіп жазған «Бейбарыс» операсының (либретто авторлары – Ұлықбек Есдәулет пен ­Айтқали Жайымов) концерттік қойылымын ұсынбақ.                                                          Ал Секен Тұрысбекке келсек, күйші-композитор атақтан кенде емес. Отыз жастан енді асқан шағында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанды. Екі жыл бұрын Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын иеленді. Жақында биыл берілетін бұл атаққа өтінімдер қабылдау басталды. Күйші-композитордың Мемлекеттік сыйлыққа қатысты да өзіндік пікірі бар.

«Мемлекеттік сыйлықты нағыз туындыгер, жаңалық әкелген шығармашылық адамына беру керек. Мысалы, Кеңес Дүйсекеев не жазып еді?! Жеті рет ұсынылды… Оның әндерін бала кезімізден тыңдайтынбыз. Сол кісі Мемлекеттік сыйлықты алса екен деп күтіп жүрдім. Ақыры алмай, өмірден өтіп кетті» деді Секен Тұрысбек телеарнаға берген сол сұхбатында.

1996 жылы талантты кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сол жылы деректі фильмдердің режиссері Қалила Омаров та осы сыйлыққа ұсынылды. Алайда ол Сатыбалдының алдына түсуді жөн көрмеді. Сөйтіп бір азаматтық жасады. Бұл туралы «Аbai» телеарнасының «Зинһар» бағдарламасында режиссермен сұхбатында айтылды.

Осы мысалдардан әр адам атаққа ұсынылғанда өз ретін, жолын білуі керектігі білінеді деп ойлаймыз. Ал арзан, еш салмағы жоқ атақтар сол атақтарды тағайындағандардың қалтасын қампайтпаса, басқа ештеңе бермейді. Сондай атақтар саналы азаматтардың күлкісін, мысқылын ғана тудырады. Жалпы атақ беруде мемлекеттік реттеу әлі де керек сияқты. Әйтпесе, кейінгі жылдары Мемлекеттік сыйлықты болсын, басқа жоғары атақтарды болсын топтап беру үрдісі пайда болды. Атақ нағыз иесін тапса, азаматқа да, тиісті комиссия мүшелеріне де, елге де – мәртебе.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button