Жаңалықтар

АСАЛЫ – КӨКЕТАЙ

Біздің жақта Асалы-Көкетай – ел құлағындағы аяулы есімдер. Қозы мен Баян, Жібек пен Төлеген сияқты асыл ғашықтардың жалғасындай екі жас бір замандарда Жылой өңірін­де өмірден өткен екен…
Дала – дастанның сарғайған па­рақ­­та­­рын­да ноқаттай екі тамшы көз­­­ жасы тұр. Бұл – жылқышы жігіт Аса­­­лы мен бай қызы Көкетайдай қо­­­сы­­­­ла ал­маған қос ғашықтың ар­­­­ман­­­­­­ды мұңы, аңсарлы сыры. Жем­ жағасындағы әр көктем сайын көгеріп шығатын жасыл құ­­рақ­­­­­тар да, бір мұң құшқандай үн­­сіз тебіреніп жататын құмдар да, сағыныш пен жылылықтың белгі­сіндей исі мұрныңды жаратын жусан да, жылы жақтан жақсы хабар естуге асыққандай туған жерге оралатын құстар да, иә, осының бәрі сол бір қайғылы ғашықтық хикаяны ұмыт­­пағандай, кейде мұңданып, кей­­де толғанып, кейде жас баланың уі­лін­­дей әдемі сазды ұйып тыңдап жат­қан­­дай болады.
…Көкетай сұлу бойжетті. Көкетай – Бегімбет байдың жалғыз қызы. Айдай аппақ нұр жүзді. Арқасын қолаң шаш жапты. Сөйлеген сөзі балдан тәтті. Маңайдағы бар арудан өткен сымбатты Көкетайға қы­­зы­ғу­шылар көп еді. Бегімбеттің досы Таңжарық бай Есен деген баласына бұл қызды бесігінде атас-тырып қойған. Жақында құдалар хаба­ры да келмек. Бірақ, Көкетай көңілі әлденеге алаңдаулы еді. Жіп­ иіріп, кесте тоқыса да, сызылтып ән салса да, ұзын бұрымына шаш­­бау тағып өріп отырса да бір ой­дың құшағынан шыға алмайтын. Киіз үйдің керегесінен сығалап, дүбір­леген дауысқа құлағын түріп, алысқа көз тігетін…
Бір күні түн жарымында әжесінің сол жағында ұйықтап жатқан Көке­тай сұлу әсем әннің сазынан оянып кетті. Әне, сол жігіт даусы қараңғы да­ла­ны әнге бөлеп, әсемдік әлеміне жетектеп бара жатқандай. Ән алыс­тай түсті. Тып-тынық, тыныш айлы түн. Тұп-тұнық жігіт әні. Қараңғыда киіз үйдің керегесінен сығалап тұрған қыз күрсінді. Ән алыстап кетті. Төсегіне келіп жатты. Әлгі бір ән. Жүректі шым еткізер.
«Жылқысы біздің елдің ала мойын,
Су ішіп айдын көлден салады ойын.
Толықсып талқұраққа тұрғаным­да,
Болады қалқатайда әлде де ойым»
Жылқышы жігіттің әні бұл. Асалы жылқышы. Екі кісілік қайраты, домбыра тартып, ән салатын өнері, көкпар тартып, белдескенде бал­уан жығар күші, қара бұйра шашы мен оттай жанған көзі бар Асалы жылқы­шы. Жан дегенде жақыны жоқ, мал де­­ген­де еншісі жоқ, келімсек Асалы жылқышы. Әнеугүні қыздармен бір­ге Жемге су алуға барғанда бұларға қар­­сы ұшырасып, жолдарын бөгеді.
– Армысың, Көкетай сұлу!
Көкетай селк етті. Байдың ерке, ер­кін өскен тәкаппар қызы «бұл кім»­ дегендей, жанарынан от шашып ат жетектеген жұпыны киімді жас жігітке жалт етіп қарады. Жігіт­тің қарасұр өңі, қыр мұрыны, әсі­ре­се, мейірімге толы көздері бір сыр­ айт­қысы келгендей. Көкетай үнсіз жүре берді. Қыздар соңынан ілесті. Содан бері Көкетай сұлудың көңіліне бір мазасыздық кірді. Қалай бұрылса да, сол жігіт «Армысың, Көкетай сұлу!» деп үн қататындай.
Түн болды. Ай жарығы су бе­тін­де дірілдеп тұр. Дүркіреген жылқы­лардың даусы естілді. Көкетайдың жүзі алабұртып, жүрегі аттай тулады. Тағы да әдемі әнін салды жігіт ұйқыдағы кең даланы айғайлатып… Жа­нын­да жатқан әжесі бір аудары­лып түсті де: «Мына сорлы жеті түн­­де­ ауыл­­дың тұсына келіп неге қақ­­сай береді. Тіпті, ұйқы бермеді ғой, желіккір! Ертең жүгенін сыпырып, қуып жібермесем болмас» деп күбірледі де ұйықтап кетті. Ұйқысыз, шарасыз Көкетай неше түрлі ойға кет­ті. Ертесіне қыз жеңгесінің ота­уы­на келіп, жалынышпен іштегі жан­ сырын ақтарды: «Самал жел соқ­­қан қараңғы түнде, жалғыздықта, ты­ныш­­тық­та, ұйқысыздықта жүре­гім­­ді ту­ла­­тып, ой­ла­рым­ды шула­тып ән салатын сері жігіт кім екен?­ Біл­ер­­місің, жеңеше? Кербез Көке­та­й­ыңның жан сырына оранған осы бір лебізін ұғармысың, жеңеше?  Мұңлық Көкетайдың мұң-за­­ры мен аңсарлы тілегіне мойның­ды бұрармысың, жеңеше? Бір ора­­йын табармысың, елшілікке жарар­мысың, жеңеше? Әлде жалғыз, жал­­­­қы, келімсек жылқышы Асалы деймісің, әлде бай-мырзалар тұр­ған­­да бұл Асалы ер жігіттің оса­­лы деймісің?! Сол жігіттен маған бір­ хабар әкелесің» дейді. Жеңгесі ба­сын­­дағы шарқатын әрі қозғап, бері қозғап, боп-боз болып бір отыр­­ды, бір тұрды. Көкетайдың міне­­зін білетін. Айтпайтын. Айтса қайт­­пайтын. Не шара? Уақыт тар. Маңдайынан тер шүмектеп ақты. Аузына түскен сөзі: «Шырайлым-ай! Не дейін?! Қай қыз сүйгеніне қосылып жатыр. Айттырылып қойған жерің бар. Дәулет бағы шалқыған өрісің – елің бар. Неғылайын-ай, төбедегі төрт ағаң – нағыз төрт бөрі. Мұныңды кешірер ме екен? «Ел құлағы – елу» деген, естісе екеуміз де қылыштың жү­­зін­де кетерміз-ау. Байқашы, еркем» деген болды. Бірақ Көкетай де­­гені­­нен қайтпады. Шәрбан ойға кет­­ті. Бұл әулеттің қойын бағатын қой­­шы­лардың ішінде жүрегі шерлі, жү­зі мұңды бір жетім бала болатын. Тұ­йық­ мінезі өзіне туғаннан дарыған ба дейсің. Сол бала түс кезінде ау­­ыл­­дан сусын алып қайтуға келген екен. Хабаршыға осы бала оңтайлы сияқ­­ты. Қазан-ошақ жаққа барған Шәр­­бан бірдеңелерді қараған болып, әдейі қолындағы ыдысын жерге түсіріп алды. Қазан басындағылар, ішінде қойшы бала да бар тарс еткен дыбысқа мойын бұрып қарасты. Әй, қойшы бала! Әперіп жіберші. Ба­ла жанына жүгіріп келіп ыдысты көтер­ді.  «Байғұс, бала-ай! Үстіңдегі шапаның да тозып қалыпты ғой. Жетім­нің көрген күні осы да. Жүр­ші, қарағым жамап берейін» деп, ықылас таныта әрі мүсіркей сөй­леген­де  қазан басындағы әйелдер: «Осы Шәрбанның жүрегі кең ғой» деп бір-біріне күбірлесіп жатты. Шәрбан қойшы баланың алдына зе­­ре толы шұбат қойды. Қалтасы ірім­­шік пен құрт, бауырсаққа толып, шұбатқа тойып, шапаны жа­­ңарып қалғасын баланың жүзі қуан­­ғаннан жай­нап кетті. «Енді тама­ғың да тоқ болады. Бір тапсырма тапсыр­сам орын­дайсың ба?» деді Шәрбан ба­ла­­ның жанарынан көзін алмай. «Орындаймын, жеңеше» деп елпең қақты қойшы бала. Шәр­бан­ Көкетайдың берген шашбауын ақ жібек орамалға түйді де, бала­ға ұстатты. «Байқа, ешкім сезіп қойма­сын. Жылқышы Асалыға жеткіз. Кешке алтыбақанға Көкетай да барады де» дейді. Құйындатып ша­уып бала кетті.
Сол күннің айлы түнінде Жем жа­­ға­­сында екі ғашық жан сырын ақта­рып, айырылмасқа серт етті. Біраз күннен кейін Көкжардың жәр­меңкесіне ел бармақ боп қам жасап жатқанда, Көкетай сұлу отауында жоқ боп шықты.
– Ойбай, қыз жоқ!
– Қайда кетті? Әкетті!
– Жоқ, қашып кетті. Асалымен Жем­ді бетке алып барады екен, – деген дауыстар әр тұстан жаңғы­рып шықты. Қарулы ерлер атқа қонды. Жүздерінде – кектенген дөң ай­бат: «Қаратабан жылқышының ау­­­зы­ның салымының күштісін! Ей, қадірлі қарындас! Жерге қараттың. Оңдыр­­маспыз. Оңбассың екеуің де. Тек қолға түсе гөр!» Аттардың тұя­­ғы­­ның дүрсілінен жердегі мия, ады­рас­пан күтірлеп көкке ұшқандай. Арттарындағы қалың шаңды аңда­ған Көкетай сұлу: «Қашайық! Мына Жем­­нен әрі ассақ қой, Асалы» де­ді жалынышпен. Жоқ, қа­­шу — жігіттігіме сын. Не болса да маңдай­ға жазылғанын көрерміз. Сен ну қамыс­тың арасына жасырына тұр. Мен қуғыншылардың алдынан шы­ғайын. Мүмкін, кешер, мүмкін, кешпес. «Қарақұрттай қаптап келген қуғыншылардың бірі Асалыны сойыл­мен ұрып құлатты. «Көке! Көке! Көкетай!» деген Асалының жан даусы шырқырап құлаққа жетті. Бұл жігіттің «аһ» ұрған соңғы үні бола­тын. Көкетай жүгіріп жетті. Үлкен қара көздері шарасынан шы­­ғар­­дай үлкейіп кеткен. Беті сұп-сұр. Қызыл қанға боялып жатқан сүйі­­кті­­сіне, қуғыншы болып арты­нан қуып келген төрт ағасына, олар­­дың соңынан ерген аттыларға са­зарып үн-түнсіз қарап тұрды. «Заты ұрғашы ғой, бетін тырнап, ша­шын жайып жылап-сықтар, жыны басылар, өзі соңымыздан ерер» деп ой­лады қуғыншылар. “Асалысыз қу тірлікте не сән бар? Әнің қай­да, Асалы? Жастанған жерің осы­ бол­ды ма? Сарқырай аққан асау Жем екеумізді құтқара алмады ма? Іш­те­гі тұншыққан бозторғай үнімді Алла біледі. Адам білмес, адам сезбес мұны» деп ойлаған Кө­ке­­тай сұлу өліп жатқан Асалының бе­­лін­­дегі қанжарын көз ілеспес жыл­дам­дықпен жұлып алды да, қақ жүрегіне кірш еткізіп қадады. Екі бірдей жарқ еткен ғұмыр қас қағымда жалт етіп көзден ұшты. Бірақ елдің санасынан өше алмады. Бай әулеті Көкетай қыз­­дың қылығын сүйекке түскен таңба-намыс көрді ме, әйтеуір өкше­сі күс жылқышымен бір бейітте жат­­қа­­нын хош көрмегендей. Асалы мен Көкетай мазарлары арасында бірер шақырымдық жол бар. Ма­хаб­­бат деген киелі сезім бай мен жар­лы, тек пен түрге бағынбайды екен. Екі жастың ғашықтық хи­кая­сы сан ұрпаққа жетті. Асыл махаб­­бат­­тың символындай болған Асалы – Көкетай бейнесі де күн сайын биік­­тей түсетіндей. Жем де ар­­на­­сы­­мен ағуда. Жағасындағы құрақ­­тар да жайқалып тұр. Біресе төмен­деп, біресе аспандап ұшқан құстар өз тілінде осы бір хикаяны, Асалы-Көкетай хикаясын жырлап жүрген тәрізді. Жылдан жылға сү­йік­ті Жем өзенімнің суы азайып барады. Мен оны кейде Көкетай сұ­лу­дың жайылып кеткен ұзын қара бұрымына ұқсатамын.

 P.S. Асалы-Көкетай – ел аузын­дағы аңыз емес, өмірде болған адам­дар. Оған Асалы – Көкетай ма­з­арлары­ның құлпытасындағы айқын, бедерлі жазулар куә. Әй­гі­лі әнші Мұхиттың «Кіші Айдайы» ел арасында, біресе «Бала Ораз», біресе «Жылқышы» болып та­рал­ған. Мұның себебі: «Жылқышы» – жылқышы Асалының әні, Асалыдан Бала Ораз үйреніп, оны Мұ­­хит­­қа айтқан екен. Жақсы ән­­­­нің қадірін білетін дүлей әнші Мұ­­хит Асалының әнін де орындап, кейінгі ұрпаққа жеткізген. “Мұ­­хит айтыпты” деген сөзді ака­­демик Ахмет Жұбанов та ең­бек­­терінде айтады. Мұхит та, Бала­ Ораз да «Жылқышы» әніне құр­­мет­­пен қараған. Текті талант­тар: «Біреудің әнін өзімдікі дейтін әдетіміз жоқ еді, жылқышы жігіт Асалының әні еді ғой бұл» дейді екен. Эпиграфқа алынған «Кең Жылой» әні турасында да әр­түр­лі пікірлер айтылып жүр. Бір­ де­­рек­та­ну көз­де­рі бұл әнді «Се­гіз се­рінің Жылойға келгенде шығарғаны» десе, енді біреулер бұл ән­нің иесі Асалы болуы мүм­­­кін дейді. Иә, «Кең Жылой» Аса­лы­­ның әні болуы әбден мүмкін.

Маржан ЕРШУ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button