Денсаулық

Әсел ШАЙМЕРДИНОВА, №1 қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: НӘРЕСТЕНІ ТАБИҒИ ТАМАҚТАНДЫРУ ТИІМДІ

шаймердинова1Алтын Аманова:

– Баланы, әсіресе қызды көп уақыт емізген дұрыс емес дегенді естідім. Жаңа туған нәресте ана сүтінен басқа тағамды бірден қабылдай ала ма?

– Жоқ. Ана мен бала денсаулығының мықты болуы үшін жас нәрестені дү­ниеге келген бойда тек емшек сүтімен ғана тамақтандыру қажет. Жаңа туған нәресте ағзасы ана сүтінен басқа тағамды қабылдауға бірден дайын болмайды. Сондықтан денсаулығы қалыпты болып, дұрыс өсіп-жетілуі үшін алғаш ана сүтіне тең келер еш нәрсе жоқ.
Ғылыми деректер бойынша ана сүті­нің құрамында жас нәресте ағза­сына қажетті заттардың бәрі бар. Ондағы ағуыз, майлар, көмірсу, витаминдер тез әрі жеңіл қорытылады. Сон­дықтан жас аналардың баланы та­биғи тамақтандырғаны тиімді. Соңғы бес жылдың көлемінде дүниеге келген сә­бидің 95 пайызға жуығы ана сүтімен қорек­тендірілетіні анықталды. Бұл ана мен балаға қатысты әртүрлі аурулардың алдын алуға септігін тигізіп отыр.
Ана сүті – бала үшін жылы, таза, күндіз де түнде де дайын, табиғи тағам. Алайда, ол бала үшін пайдалы тамақ қана емес, кез келген сүттерде жоқ ерекше биологиялық қасиеттерге бай. Емшек сүті, сондай-ақ, сыртқы ортаның жағымсыз факторларына және жұқпалы аурулардың бейімделу процесін қалыпты жүргізетін, жақсы әсер ететін дәру болып табылады.
Онымен нәрестені 4-6 айға дейін та­мақтандыру керек, бұл баланың ас қо­рыту жүйелерінің созылмалы ауруын, тамақ аллергиясының дамуын болдырмайды. Қосымша тамақты 4-6 ай өткен соң ғана бере бастаған жөн. Ана сүтінің құрамында қорғаныш факторлары бар, олар нәрестені ішек инфекцияларының, түрлі тыныс жолдарының ауруларынан қорғайды, сонымен қатар ондай балалар басқа да аурулармен сирек ауырады.
Бала емізудің анасына да пайдасы бар: ол емшек бездерінің дамуын болдырмайды, денсаулығына жағымды жағдай туғызып әсер етеді, қан аздық пен қатерлі ісіктерден сақтайды.

Дүйсен:

– Қайырлы күн! Менің әйелім тұңғышымызбен стационарда жатыр, енді екінші балам ауырып қалды. Емдеуде бірге болғымыз келеді. Балаға жолдама қажет пе?

– Бұл мәселені емхана дәрігерімен бірге шешуіңіз қажет. Балаңызға қандай көмек керек екендігін дәрігер анықтайды. Сырқатты үйде емдеуге болмайтын жағдайда ғана ол баланың жасына немесе ауруына байланысты біздің ауруханаға жөнелтеді. Ал, егер госпитализация қажет болмаса, дәрігер балаңызға шұғыл медициналық көмек көрсетеді немесе мамандардың кеңесін алуыңыз қажет. Қайталап айтамын: балаңыздың сырқатына байланысты қажет болған жағдайда қаламыздың кез келген стационары сіздерге тегін медициналық көмек көрсетеді.

Күләш:

– Ұлымның туғаннан жүрек ақауы бар. Дәрі­герлер оны №2 қалалық ауруханаға ауыстыратындарын айтты. Бірден кардиоорталыққа немесе шетелге жіберуге болмай ма?

– Жүректегі ақаумен туылған әрбір сәбиге мұқият тексеріс және жүрек қызметінің функциясына бақылау қажет. Қалада әзірге осындай нәрестелерді емдеумен, нақты диагностикамен және де жаңа туған сәбилерге операция жасаумен тек біздің стационарымыз ғана айналысады. Дегенмен, қазіргі таңда Астана қаласында шетелдердегіден еш кем түспейтін екі кардиохирургиялық орталық жұмыс істейді. Әрине, сіз сол орталықтарға барып, кардиохирургтен кеңес ала аласыз. Бұрындары мұндай науқастар басқа жаққа барып емделетін, қазір ондай оталарды өзіміздің жергілікті ауруханалардың дәрігерлері де жасай береді. Ол үшін мекемелерімізде барлық жағдай жасалған.

Қайырлы:

– Әсел Хабдулқаманқызы, қала­мыздағы №2 балалар ауруханасында нәресте жүрегіне диагностика жасайды дегенді естідім. Ол қанша тұрады?

– Иә, жасалады. Ол ультрадыбыстық диаг­ностика немесе эхокардиохирургия деп аталады. Құрылым бұзылыстарының, клапандар мен жүрек жұмысының көрінуін қарау арқылы жүргізілетін ем түрі емделушілерге ақылы негізде, яғни өз есебіңізден жүргізіледі. Прейскурант аурухана сайтында көрсетілген: www.gdb1.kz.

Ләйлә Қанапия:

– Астанадағы №2 балалар ауруханасында неше жасқа дейінгі балаларға медициналық қызмет көрсетіледі?

– Шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы «№1 қалалық балалар ауруханасы» МКК – жаңа туған нәрестелерге, 7 айға дейінгі пневмониямен ауыратын балаларға және 15 жасқа дейінгі басқа да балаларға неврологиялық патология бойынша медициналық көмек көрсетіп келе жатқан қаламыздағы қазіргі заманға сай стационарлардың бірі. Ол 1950 жылдары әйелдер-балалар кеңесі, қаламыздың бірден-бір перзентханасы болған. 1993 жылы қа­лада көп профильді екінші балалар ауруханасының ашылуына байланысты, шала туған нәрестелерді неонтальдыреанимацияда, балалар невралогиясында медицинада жаңа бағытта емдеу профилімен бірінші аурухана құрамынан қайта құрылды. Бас қалада мамандандырылған орталықтардың ашылуына қара­мастан, ауруханамыздың беделі сақталған. Ашылған уақыттан бас­тап бүгінгі күнге дейін ауруханада қайырымды, өз ісіне шын берілген, жауапкершілікті сезінетін, білімді де білікті дәрігерлер жұмыс істейді.

Қарлығаш:

– Соңғы кездері жас босанған аналарды перзентханада көп ұстамайтын болды. Кейде тіпті босанғаннан кейін екінші күні-ақ шығарып жіберіп жатады. Ал, түрлі ауруларға қарсы екпелердің балаға алғашқы 4 күн ішінде перзентханада салынуы керек қой. Сонда олар осы екпелерді алып үлгере ме?

– Бүгінгі таңда енгізілген бағдарламалардан басқа, пери­наталдық технологиялар сапасын жақсарту бойынша жаңа туған аналарды перзентінің де, өзінің де денсаулығы қалыпты болған жағдайда екінші күні үйіне шығарады. Осы уақыт аралығында перзентханада сәбиге екі екпе жасалады. Осылайша, бала туғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда гепатит және сол күні БЦЖ салынады, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Яғни, балақайлар перзентханада вакцинацияның толық курсын қабылдап үлгереді.

Бақыт:

– Бүгінгі таңда балалар ауруханаға қандай аурулармен көбірек түседі?

– Біздің аурухана он бес жасқа дейінгі балаларды емдейді. Ал, жаңа туған нәрестелер мен 6 айға дейінгі балалардың ауруханаға жиі түсуінің себептері туралы айтар болсақ, қазір көптеген сәбилерде сары ауру, тері жұқпасы, өкпе қабынуы, неврологиялық бұзылулар, яғни сіңір тартылу, аз салмақ қосу байқалады. Кейбір балалар нашар емеді, тыныс алуы қиын нәрестелер де көп. Жалпы, балалардың басым бөлігі бізге тыныс алу мүшелері ауруларымен және неврологиялық бұзылулармен келіп түсіп жатады.

Айзада:

– Сәлеметсіздер ме? Осыдан алты жыл бұрын тұңғыш сәбиіммен №1 қалалық балалар ауруханасының неврологиялық бөлімшесінде емделгенбіз. Қазір мұнда емделу үшін алдымен порталға тіркеліп, кезек күту керек екен. Неге?

– Қазіргі таңда жағдай өзгерген. Бұрын ауруханаға келсеңіз, баланың сырқатына қарай сізді жатқыза беретін, ал бүгінде өзіңіз айтқандай, науқас тек портал бюросы арқылы ғана госпитализацияланады. Шұғыл меди­циналық көмекті қажет етпейтіндер, мамандандырылған емге зәру сырқаттар алдымен невропатолог дәрігердің тексеруінен өтуі керек. Дәрігер оның жағдайын емханада анықтайды, содан кейін барып оны жеке коды бар жолдамамен госпитализацияға жібереді.

Қаламқас Карбозова:

– Он жасар ұлыма дәрігерлер созылмалы аденоидит деген диагноз қойды. Өзім Қарағандыдан хабарласып тұрмын. Сіздерге келіп, заман талабына сай әдіспен емделуге бола ма?

– Біздің ауруханада лор бөлішесі жоқ. Сондықтан, ол үшін Қошқарбаев көшесіндегі 64-үйде орналасқан қалалық №2 балалар ауруханасына барып, лор дәрігеріне жолығуыңыз керек. Алдымен өз емханаңыздан квота алыңыз.

Дайындаған: Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button