Басты ақпарат

Әсет ИСЕКЕШЕВ, Астана қаласының әкімі: Елдігіміздің ұйытқысына айналған елорда

Астана – мыңжылдықтар тоғысында салынған әлемдегі бірегей қала, тек еліміздің ғана емес, тұтас Еуразия құрлығының жүрегінде, өркениеттердің тоғысында орналасқан футуристік шаһар. Астананың архитектуралық бейнесіне қарап Батыс пен Шығыс дүниетанымының және ұлттық стильдің өзара үйлесім тапқанын көруге болады.

Бедерлі жиырма жыл немесе баяндылық бастауы

Астана – тәуелсіздіктің сыйы. Елбасымыз «Астана – Отанымыз­дың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» деген болатын. Биыл – біз үшін мерейлі жыл. Осыдан жиыр­ма жыл бұрын Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың тарихи ше­шімімен Ақмола қаласы елі­міздің жаңа астанасы атанды. Сол кезде қала тұрғындарының саны небәрі 300 мыңдай ғана болатын. Инфрақұрылымы, экономикасы тұралаған, қаланың жағдайы тұрмақ, мемлекеттің өзі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қиын кезеңді бастан кешіруде еді. Сол кезде Есілдің сол жағалауында бүгінгідей зәулім ғимараттар, ғажайып қала салынады дегенге көпшілік сене қоймағанын жақсы білеміз. Бірақ уақыт өте келе бәрі де өзгерді.
Қазір Астана тұрғындарының саны 1 миллионнан асты, жалпы өңірлік өнім 190 есеге өсіп, 5 трлн теңгеге жетті. Құрылыс көлемі 46 есеге, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 есеге өсті. Жұмыссыздық 12 пайыздан 4 пайызға дейін азайды. Астанамыз ресми статусын алған бір жыл ішінде ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» атағын алса, бүгінде әлемнің ең үздік отыз қаласының қатарына қосылуға нақты қадамдар жасауда. Оған қол жеткізу үшін зор мүмкіндіктер, қалыптасқан тәжірибе мен салмақты жоспар бар.
Қазіргі таңда Астанаға қарап еліміздің өзге өңірлері бой түзейді. Елордамыз ел дамуының локомотивіне, оның әлемдік деңгейдегі символына айналды. Экономика, мәдениет, құрылыс, бизнес салалары аса қарқынды дамып келеді. Бұлардың қала өміріндегі айшықты жемісін ел-жұрт көріп отыр.
20 жыл ішінде қалаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 8 трлн теңгеге жетті. Табысты экономикалық даму үлгісінің арқасында жиырма жыл ішінде мемлекеттік қазынаға елордадан 6,3 трлн теңге қаражат түсті. Аталған кезеңде алынған трансферт көлемі 2,3 трлн теңгені құрады. Осы ретте мемлекеттің қаланы салуға бөлген инвестициясы 2,5 есе қайтарымға ие болды. Қала экономикасының шағын және орта кәсіпкерлікке негізделген толыққанды құрылымы жасалды. Осы бағытта өндірілген өнім көлемі 4 трлн 300 млрд теңгеге жетті.
Астана қаласында еңбек етіп келе жатқаныма бірнеше жыл­дардың жүзі болды. Осы уақыт ішінде қаламыз көз алдымда өсіп, өркендеп келеді. Бұл оң өзгеріске қарапайым жұртшы­лықтың қосқан үлесі зор. Құ­рылыс қарқынды дамып отыр. Халықтың әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайы, рухани салада айтарлықтай ілгерілеу бар. Қаламызда зиялы орта қалыптасып келеді. Уақыт өткен сайын астаналық мәдениет, тұрмыс салты орнығуда. Әлемдік лидерлер мен сарапшылардың басын қосқан алқалы басқосулар өткізіліп келеді елордамызда.
Қала түрлі идеялар мен шешімдерді, мәдени және тарихи құндылықтарды өз бойына сіңіре отырып, Мәңгілік елдің темірқазығына айналды. Елорданың дамуы әлемдік бәсекеге төтеп беретін өміршең қағидалардың іске асуында жатыр. Қаламыз елдегі инновациялық дамудың ордасына, төртінші өнеркәсіп революциясын қалыптастыратын жаңа идеялар орталығына айналды.

Мерейлі жылдың мерекесі

Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы тұтас республика көлемінде атап өтілуде. Мерей­той аясында халық, эстрада және классикалық әуендерінің кон­церттері, театрларда премьера­лар және олардың гастрольдік сапарлары, жастарға арналған шоу-бағдарламалар, сурет, декоративтік-қолөнер көрмелері, фо­токөрмелер, жәрмеңкелер, про­мо-акциялар және өзге де фор­­маттарда 600-ден астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр­мыз.
Мысалы, биыл «Серпер» халық аспаптары оркестрлерінің халықаралық фестивалі өткізіледі. Халық әуендерін сүйіп тыңдайтын талғампаз тыңдарман халық аспаптарынан төгілген ғажайып әуендерге құлақ құрыштарын қандыратын болады.
Биыл жыл басынан бері өткі­зіліп келе жатқан мәдени-көп­шілік іс-шаралардың ерекшелігі – олардың бұқаралық сипатта болуы. Іс-шараларды саябақ, гүлзар және қалалық алаңдарда өткізуге басымдық берілуде. Саламатты өмір салтын ұстанатын әуесқойларға арналған спорттық бағдарлама Астана күнін мерекелеудің дәстүрлі бөлігі саналады. Елордада осы жылы бірқатар ірі халықаралық спорттық іс-шаралар өтеді. Ағымдағы жылдың маусым айында 39 жылдан бері ТМД елдері аумағына тұңғыш рет «Ironman» триатлон бойынша жарыс өткізіледі. Оған әлемнің 35 елінен 3 мың спортшы қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ «Елорданың 20 жылдық мерейтойына сый» шарасы аясында өңірлерден сый ретінде 10 жаңа нысан пайда болады.
20 жылдықты мерекелеу жұ­­мыс­тарына Астананың бауыр­лас қалалары мен шетелдік елшіліктер де үлес қосуда. Биыл 2-3 шілдеде Бейбітшілік және келісім сара­йында өтетін Жібек жолы елдері қалалары әкімде­рінің форумын атауға болады. Форум қорытындысы бойынша Жібек жолы елдері қалалары әкімдерінің клубы, кәсіпкерлік, ғылым, білім, әдебиет, туризм, спорт және ҮЕҰ салалары бойынша қауымдастықтар құ­ры­лады деп күтілуде. Тулуза қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Кометалар», «Су – төбеден көрініс» сынды ғарыштық тақырыптарда көрмелер ұйымдастырылады.
Сонымен қатар Австрия өңірлерінің форумы, Вена балы, Татарстаннан сабантой, Анкара күндері, атақты француз дирижері Ф.Юидің қатысуымен өтетін «Гофман ертегілері» атты симфониялық оркестр концерті, Үндістан елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылатын йога апталығы және өзге де айтулы іс-шаралар Астананың бейбітшілік пен келісім ордасы екендігін тағы бір мәрте айғақтай түсетіні анық.
2018 жылы қаладағы мәдени және бұқаралық іс-шараларды тамашалайтын тұрғындар мен қонақтардың жалпы саны миллионнан асады деп күтілуде. Осыған орай, қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын да­йындауға, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігіне, оларға қолайлы жағдай қалыптас­тыруға айрықша көңіл бөлінуде.

Болашақтың қаласы немесе өзгерістерге жетелейтін оң бастамалар

Астананың 20 жылдығы – белесті кезең. Өткенді саралап, келешекті бағамдайтын тұс. Осы орайда, Астана қаласын әлемнің ең ақылды отыз қаласының қатарына қосу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Ең әуелі, қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру және сапалы қыз­мет көрсетуге басымдық берілуде. Осы ретте, қызмет түрлерін автоматтандыру, үйден шықпай қызмет алу мүмкіндіктері барынша кеңейтілуде. Қазір әлем жұрты осыған келе жатыр.
Бүгінде әлем жұртын еңселі ғимараттармен таңғалдыру қиын. Коммуникация, теxнология дамы­ған заманда мұндай ғажаптар әлем жұртына жат емес. Сондықтан қаланың дамуы ең әуелі тұрғындардың әл-­ауқатымен, адамдарға жасалған қо­лайлы жағдаймен өлшенеді. Бұл ретте, қалалық әкімдік тарапынан Астананы азаматтарға қолайлы қалаға айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, биыл бүлдіршіндерді балабақша кезегіне қою, оларды ата-аналары қалаған балабақшаға орналастыру қызметін электронды форматқа көшірдік. Бұрындары бұл әрбір ата-ана үшін кемінде 5-6 күн уақыт алатын. Бүгінде үйден шықпай-ақ электронды цифрлы қолтаңба арқылы e.astana.kz сайтынан 5 минутта осы қызметтерді алуға мүмкіндік жасадық. Қазіргі таңда мыңдаған қағаз құжат толтырудың орнына, компьютерде отырып өзіңіз таңдаған балабақшаға жолдама алуыңызға болады. Бұл, біріншіден, уақытты үнемдесе, екіншіден, қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тағы бір айта кетерлік мәселе, азаматтарға қажетті мәліметтер базасы Big Data, яғни үлкен деректер базасын құру арқылы азаматтарға көрсетілетін автоматтандырыл­ған қызмет түрлерінің аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Әлем елдері жасанды интеллектінің әлеуетін адамзаттың игілігіне пайдалану мәселесі жөнінде нақты қадамдар жасауда. Бүгінде қала тұрғындарының тиісті мемлекеттік құрылымдарға сауалдары мен бұйымтайларын жеткізуіне ыңғайлы жағдай жасалған. Бұл ретте, мессенджер­лердегі чат-боттар, «Смарт Ас­тана» мобильдік қосымшасы, «109» қыз­меті сынды құралдар арқылы халықтың ұсыныстары мен сын-пікірлеріне дер кезінде, уақытылы жауап берілуде. Астананы ақылды қалаға айналдыруға қатысты барлық негізгі жұмыстар жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін смарт білім, смарт медицина, е-КСК жобаларын толық аяқтаймыз. 2019 жылы бірыңғай геоақпарат жүйесі, ITS және ақылды құрылыс жобалары жүзеге асырылады. Осылайша келер жылдың соңына қарай «ақылды қаланың» негізі толық қаланып бітеді.
Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі басымдықтар мен бес әлеуметтік бастама аясында қыруар жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында халыққа пайдалы әлеуметтік нысандар, маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте, осы игілікті шараларға бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігін терең ұғынған кәсіпкерлердің қосқан үлесі зор.
Елорда нарығында барынша сұранысқа ие мамандықтар тізімі жасалып, халықты тегін оқы­ту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы осы мақсатта білім алғандар саны он алты мыңнан асты. Олардың он мыңы цифрлы са­уаттылық, бір мыңы кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алды.
Қорытындылай келгенде, осы­ған ұқсас оң өзгерістер аз емес. Жалпы, Астананың дамуын елдігіміздің ертеңі мен әлеуетіміздің бет-бейнесінен хабар беретін айшықты үрдіс деп бағалауға болады. Астана тек жаңа қала емес, сан ғасырлық бабалар аманатының, халық аңсарының орындалуы ретінде сипатталады. Азат еліміздің айбынды қаласы, әсем шаһары әрі футуристік ордасының әлемдік көшбасшы мегаполис атануына барлық мүмкіндік жасалуда. Осы орайда, барша оқырмандарды да осынау ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етуге шақырамын.
Астанамыздың жиырма жылдық мерейтойы құтты болсын! Еңселі елордамыз жаңа өзгеріс­тер мен жарқын оқиғалардың жаршысы болғай!

«Егемен Қазақстан» газеті,
26.06.2018 ж.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button