Әсет Құрманғалиев, Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: Агроөнеркәсіпті қолдау кеңейді
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Қабиұлы Құрманғалиев 29 сәуір күні сағат 15.00-ден 16.00-ге дейін тікелей байланыс желісінде болып, оқырмандар сұрағына жауап берген болатын. Байланыс аясында қойылған сұрақтарға төмендегіше жауаптар қайтарылды.
Алтынай:
– Қазіргі уақытта үй жануарларымен қоса, ит пен мысық сияқты үй хайуанаттарын да тіркеу қажет дейді. Сонда ол қалай жүзеге асады, оның белгіленген тәртібі қандай?
– Елорда мәслихатының арнайы шешімімен Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстаудың өз ережесі бекітілді. Осы ережеге сәйкес, барлық иттер үш айлық жасынан, мысықтар екі айлық жасынан бастап алғашқы тіркеуден және жыл сайын қайта тіркеуден өтуі тиіс. Бұл ретте ит пен мысықты тіркеуден өткізу және қайта тіркеу кезінде иелері келесі құжаттар мен мәліметтер ұсынуы қажет: иесінің жеке басының төлқұжаты, мекенжайы, байланыс телефондары, сондай-ақ ит пен мысықтың туылған күні, түрі, түсі, жынысы, лақап аты, ерекше белгілері немесе жануардың сипаты қоса беріледі. Орайы келгенде айта кетейін, үй хайуанаттарына «Құтырма» ауруына қарсы вакциналау жылда тегін жүргізіледі.
Қуаныш:
– Біз тұрғын үй алқабында тұрамыз, итіміз бар, бірақ оны тіркемегенбіз. Жақын арада ол босанып кетті, оны иттерді аулаумен айналысатын қызмет алып кеткенін айтты, біз итімізді қалай және қай жерден алуға болатынын айтып берсеңіз?
– Қараусыз қалған жануарлар ғана аулауға жатады. Біз олардың қараусыз екенін немесе біреуге тиесілі екенін білмейміз. Аулаумен бізге бағынысты ұйым айналысады (ШЖҚ «Астана ветсервис» КМК), олар арнайы қозғалу қабілетінен айыратын оқ дәрілерді қолданады. Жануарлар жансыздандырғаннан кейін өндірістік базаға жеткізіледі, аталған жерде олар иелері табылғанша үш күнге дейін арнайы темір торларда ұсталады. (байланыс тел.: 28-59-70 эл. мекенжай: «ve*********@ma**.ru»)
Серік:
– Осы жылы дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері қалай жұмыс жасайтын болады?
– Әдетте біз оларды аптаның демалыс күндері қаланың үш ауданында өткіземіз. Бірақ осы жылы тек екі орын ғана белгіленді – «Думан» қонақ үйі алдындағы алаң және Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион жанындағы алаң. Олар қазірден бастап аптаның демалыс күндері қараша айына дейін жұмысын бастады, ондағы баға базар бағасынан 10-15 % дейін төмендетілген. Қазіргі уақытта онда Ақмола және Қарағанды облыстарының өндірушілері, елорда кәсіпкерлері өз өнімдерін сатауда. Басқа өңірлерге келетін болсақ, қазіргі уақытта біз өтініштерді жинақтаудамыз, ол жерде өңірлер бізге қай мерзімде келуге мүмкіндігі бар екенін көрсетеді, оған сәйкес өңірлік жәрмеңкелерді өткізу кестесі әзірленеді.
Болат:
– Жануарларды тіркемегені үшін қандай шара қолданылады?
– Бізде Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау қағидасы бар, онда жануардың иелері үй жануарларын мамандандырылған ұйымда немесе ветеринарлық емханаларда тіркеуден өткізуі тиіс. Әкімшілік кодекстің 408-бабы талаптарын бұзғаны үшін 3 АЕК айыппұл қарастырылған, сондай-ақ адам денсаулығына немесе мүлікке зақым келтіргені үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Азамат:
– Бұрын қалада бірінші кезектегі қажетті тауарларды, көкіністерді төмен бағамен алуға болатын әлеуметтік сауда павильондары болатын. Қазір олардың жағдайы не болды?
– Біраз жылдар бойы біз мониторинг жүргіздік. Бұл павильондар бастапқыдағы эстетикалық көрінісін, сондай-ақ әлеуметтік бағыттарын жоғалтты. Сондықтан қала мәслихатының шешімімен олар қаланың шет маңына орналастырылды.
Алтынбек:
– Кәсіпкерлерге жәрмеңкеден орын алу ақылы ма?
– Әрине, жоқ. Жәрмеңкедегі орындар кәсіпкерлерге міндетті түрде тегін ұсынылады.
Нарымбек:
– Елордаға тез бұзылатын өнімдердің жеткізілімі аз емес, олардың сапасына қандай бақылау жүргізіледі?
– Мысалға алатын болсақ тез бұзылатын өнімдер, көкөністер ұзақ мерзімді сақтауға жатпайды, олар алыс өңірлерден жеткізілетін болғандықтан тасымалдауда механикалық бұзылуға немесе үсік шалуы мүмкін. Тауар елордаға сақтау мерзімінің шегінде жеткізіледі. Ол өнім сақталуға жатпайды және тез арада сатылуға кетеді. Бұл жерде олар Шарын, Шанхай көтерме базарларына келеді, сол жерден қосымша баға қойылып, жеткізушілермен саудаға түседі. Бұндай өнімдердің сапасына бақылауды Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жүргізеді.
Арман:
– Ауыл шаруашылық өнімін өндірушілерге енді субсидиялау жүргізілмейді деген әңгіменің шетін естіп қалғанбыз. Сонда тауар өндірушілерге мұндай қолдау көрсетілмей ме?
– Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бағдарламаның мақсаты өте ауқымды. Ең бірінші ол агроөнеркәсіп кешендерін қаржылық сауықтыруды көздейді. Соның аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көмек түрлері көбейді. Бұрын тек инвестициялық салымдар ғана жасалып келген. Енді субсидиямен бірге сақтандыру, кепілдік беру сияқты қаржылай қолдаулар да жүзеге асырылады. Биылғы жалпы субсидияның көлемі 1 млрд 200 млн теңгеден асып отыр. Бұл былтырғы инвестициялық салым көлемінен екі есеге көбейген. Сондықтан, кәсіпкерлерге мұндай қолдауларға алдағы уақытта да үміттенуіне болады.
Құралай:
– Біздің көрші үйінде 7 мысық ұстайды, оның оған құқығы бар ма?
– Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау қағидасына сәйкес үй жануарларын санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды және Қағиданың келесі шарттарын сақтаған жағдайда: 1) бір отбасынан артық тұратын тұрғын үй алаңдарында тек өзіне ғана тиесілі тұрғын үй алаңында (көршілес тұрғындардың жазбаша келісімі болған жағдайда ғана) рұқсат етіледі. 1) тіркелмеген (есепке алынбаған) және үш айдан асқан вакцина егілмеген иттер мен мысықтарды ұстауға тыйым салынады.
Тікелей тілдесуді жазып алған
Меңдолла ШАМҰРАТОВ