Жаңалықтар

Голощекин геноцидi

ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында қаралы әрiптермен жазылған оқиғалары көп, дүрбелеңге толы кезең болып табылады. 1921-22 жылдары күн-райының жайсыздығынан шөп шықпай, мал қырылып, оның артынан негiзгi күнкөрiс көзi төрт-түлiк болып табылатын сахара халқының бiраз бөлiгi ажал құшты. Оның алдында ғана ғасырлар бойы көшпелi өмiр салтын ұстанған қазақтарды отырықшылыққа үйретемiз, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастырамыз деп ұрандатып, қазақтың шүйгiндi, сулы-нулы жерлерiне қарашекпендiлердi қоныстандыру саясаты жүргiзiлгенi белгiлi. Жұрттың қолындағы малын тартып алып, алым-салықты көбейту, оның ақыры 1916 жылғы көтерiлiске әкеп соқты. Осындай қақтығыстар мен қиындықтарды, араңдатушылықты бастан кешiп, онсыз да есiн жия алмай жүрген халыққа бұл жағдай аяусыз тиген соққы болды.

Қазақтар «Қужақ» деп атап кеткен Ф.Голощекин Қазақстан Өлкелiк партия комитетiнiң хатшысы болған тұста «асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен, жұрттың мал-мүлкi тартылып алынды. Тұтас бiр халықты қырып салған жендеттiк саясатты ұстанған Голощекин «Кiшi Қазан» төңкерiсiн ұйымдастырмақшы болып, ел iшiнде қанды қырғын салды. Онсыз да адам шығынына ұшыраған халыққа жөн-жосықсыз қысым жасалып, жер-жерлердегi билiк тiзгiнiн ұстаған шала сауатты атқамiнерлер қолында бiр-ақ бас малы бар отбасыларын да ауқаттылар қатарына жатқызған. Кейбiр деректерге қарағанда сол жылдары қазақтардың арасында 700 жуық байдың малы тәркiленген. Негiзi Қазақстанда байырғы ұлтты жойып жiберуге бағытталған шаралар алғаш рет 1920 жылдың көктемi мен 1928 жылдың күзiнде қолға алынды. Ол кезде 11 мың 260 шаруашылықтан 4500 бас мал ұжымға қажет деген желеумен тәркiленген. Голощекин болса, өзiнiң бiр сөзiнде бастапқы жос-парының бұдан әлдеқайда ауқымды және 15 млн бас мал тәркiленуi тиiс болғанын айтқан.
Зерттеушiлер деректерiне сүйенсек, 1929 жылы Қазақстанда 40 млн бас мал болса, айналасы үш-төрт жылдың iшiнде төрт түлiктiң саны 10 есеге азайып кеткен. Ал мал басының азаюы халық санының күрт кемуiне тiкелей әсер еткенi анық. Өйткенi, малым жанымның садағасы дейтiн қазақ басқалар сияқты өзге кәсiптi меңгерiп, егiн не басқа да шаруашылықпен айналысып кете алмады.
1921-22 жылдары аштық кезiнде қазақтар саны 30 пайызға азайса, 1932 жылғы қолдан жасалған аштық құрбандары 2 млн-нан асты, ал кейбiр ғалымдар олардың қатары 3 млн-ға жеттi дегендi айтып жүр. Бұл тари-хымыздағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған қасiреттi кезеңдегi көрсеткiштен де асып түседi. Қаншама қандасымыз жанын сақтап қалу үшiн Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан жерлерiне шекара ауып, босып кеттi, сол жолда қаншама адам аштықтан әлсiреп, иен далада көмусiз қалып, ит-құсқа жем болды.
Голощекиннiң қазақ халқын ұлт ретiнде жойып жiберуге бағытталған сұрапыл саясатын әшкерелеп, оны тоқтату керектiгiн айтып, орталыққа хабарлама жолдаған Алаш ардақтылары «халық жауы», «бандылық құрылымдар» деп танылып, олар қуғын-сүргiнге ұшырады. Ақиқатты айтып, қастандықпен жасалып отырған саясаттың бетiн ашқан Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов және басқа да көптеген Алаш ардақтылары, қоғам қайраткерлерi қуғындалды. Қолына шексiз, шектеусiз билiк берiлген Голощекиннiң қылмысын айыптап, нақты дәлелдер мен деректерге сүйене отырып жазылған «Бесеудiң хаты» аталатын құнды мақалада ел iшiндегi аласапыран жағдай ашық көрсетiлдi.
Белгiлi демограф Мақаш Тәтiмов өз зерттеулерiнде егер ашаршылық болмағанда қазiр Қазақстанда қазақтардың саны 25 млн-ға, ал дүние жүзiнде 30 млн-ға жетер едi деген пiкiрдi айтады. Қолдан жасалған ашар-шылық болған кезеңдерде қазақтардың жартысына жуығы ажал құшты. Талай жанның өмiрiн қыршынынан қиған нәубат адамзат тағдырындағы аса қатiгездiкпен жасалған ойран болды.
1931-1933 жылдардағы ашаршылық туралы жазуға, деректер жариялауға Кеңес өкiметi тұсында қатаң тыйым салынып, көп жылдар бойы жабулы қазан жабық күйiнде қалып келдi. Кейiн ғана зұлмат жылдардың шындығы жарияланып, қызыл қырғын әшкерелендi. Зерттеушiлер мен ғалымдар тарих қойнауына қаралы әрiптермен жазылған жұттың ащы шындығын там тұмдап жариялай бастады. Бiрталай еңбектер жарыққа шықты. Дегенмен, мұрағаттарда әлi де қаншама құжаттар мен деректер кезегiн күтiп жатыр. Оның барлығын ыждағатты түрде зерттеп, зерделеп, бiрiз-дiлiкке түсiру алдыңғы күннiң еншiсiне қалған ұлы мiндет. Өйткенi, өткен тарихты ұмытпай, ел басына қасiрет алып келген кезең жайлы болашақ ұрпақтың бiлуi аса қажет. Кешегi күннiң шындығын жастар ешкiмнiң нұсқауынсыз өз пiкiрi пен пайым түсiнiгi арқылы қабылдайды. Өткен iске баға беру, бiреудi айыптау, бiреудi жақтау мiндет емес. Дей тұрғанмен, аштық құрбандары мен нәубат жылдар жайлы ақпарат толық ашылып, оған тиiстi деңгейде саяси баға берiлуi керек.
Биылғы жылы ашаршылықтың болғанына 80 жыл толады. Бұл қасiреттi оқиғаны келешек ұрпақ жадына сiңiруге арналған алғашқы шараны Астана қаласының Мемлекеттiк мұрағаты бастап та кеттi. Жақын күндерi аталған мекеменiң ұйымдастыруымен политехникалық колледжде «Ұлы Жұттың iзiмен» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өткiзiлдi. Оған аталған бiлiм ордасымен қатар, гуманитарлық колледж бен экономика, технология және тағам өндiрiсiн стандарттау колледжi студенттерi, Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетiнiң тарих пәнi оқытушысы қатысты. Оқушылар болса зұлмат жылдардың қасiретi жайлы баяндама жасап, пiкiрлерiмен бөлiстi. Жиналған жастар өт-кендi ұмытпай, аштықтың құрбандарының рухына арналып, iргелi дүниелер жазылса деген тiлектерiн бiлдiрдi. Бұл жай ғана тiлек емес, бүтiндей ұрпақтың бүгiнгi таңдағы қажеттiлiгi болар.
Астана қаласы Мемлекеттiк мұрағатында аштық жылдардың ащы шындығы көрсетiлген аса құнды құжаттар көздiң қарашығындай сақталып келедi. Бұл жай ғана мал-мүлкiнен айырылған адамдардың аты-жөнi емес, оның ар жағында талқыланған тағдыр, көз жасы мен қиылған қыршын өмiр бар. Халыққа тиесiлi мал басы туралы құжаттарға қарап, науқаншылдықпен, әкiмшiл-әмiршiл, күш көрсету тәсiлiмен жүзеге асырылған әрекет байқалады. Сонымен қатар, ауыл халқының өкiлеттi органдарға бала-шағаны асырап отырған жалғыз бас малын қалдыруды сұрап жазған өтiнiштерi де бар. Алым-салық, орталық қажеттiлiгi үшiн деген желеумен тартылып алынған мүлiктер мен ажал құшқан адамдардың уақыт табымен сарғайған фотографиялары да келушiлердiң қызығушылығын туғызады. Олардың барлығы қайғылы жылдар туралы зерттеп, зерделеймiн деген iзденушiлер мен ғалымдар үшiн аса құнды мұра. Мұрағат өткен тарихтың шындығы мен бет пердесiн айқындайтын құжатты сақтаушы болып табылады, оны халыққа таныстыру, зерттеу мiндетi.
Дөңгелек үстел отырысында Астана қаласы Мемлекеттiк мұрағаты директорының орынбасары С.Кәтенов өсiп келе жатқан ұрпақ тек теориямен ғана шектелмей, осындай тарихи құнды мәлiметтермен танысуына болатынына тоқталды. Сонымен қатар, ол саясат пен экономика тығыз байланысты, 1932 жылдары ашаршылыққа жол берiлiп, халықты қынадай қыруы жүргiзiлген саясаттың бiр көрiнiсi деп қабыл-дағанымыз жөн. Қоғамдық формация ауысқанда осындай жағдайлардың орын алуы тарихи заңдылық болар. Оның барлығын бiр адамның кiнәсi емес, тұтас жүйе жiберген қателiк деп ұғуымыз керек деген пiкiрiн жеткiздi.
Ал оқушылар мен студенттер болса, зұлмат жылдардың ата-бабаларының өмiрiне тигiзген кесiрi мен зардабы жайындағы ойларымен бөлiсiп, отбасылық фотографияларды көпшiлiктiң назарына ұсынды. Политехникалық колледждiң студентi Әли Серiкбаев ашаршылықтың кесiрiн тартқан өзiнiң ата-бабасына қатысты бiлген-түйгенiмен бөлiсiп:
«Аспаннан түскен жасынды,
Жасынға тiктiм басымды
Теңiзден маржан сүзгендей,
Терiп бiр алды-ау асылды.
Қаптай да көшкен қауымның,
Қорымы қалды-ау, о жалған!
Ардағы кетiп ауылдың
Тобыры қалды-ау о жалған!» деген өлең шумақтарын арнады.
Үстiмiздегi жылы аталып өтiлетiн ашаршылықтың 80 жылдығы қарсаңында бұл мәселеге мемлекеттiк деңгейде көңiл аударылатыны анық. Кешегi аштықты, ел басына күн туған шақты бастан өткерген көнекөз қарттар бар, олардың естелiгi мен көрген-бiлгендерi қазiр жазылып алынуы тиiс. Қазақстанда ғана емес, көршiлес елдердiң мұрағаттарында том-том болып сақтаулы жатқан құнды құжаттар тек ақпараттық емес, танымдық, ғылыми монография түрiнде жарыққа шығып, оқырманға жол тартса – құба-құп.
Көршiлес Украина елi Голощекиннiң қызыл қырғынын геноцид деп таныса, бiздiң елде бұл мәселе осы күнге дейiн көтерiлмей келедi. Қасақана қолдан аштық жасалып, қазақ ұлтын түп тамырымен жоюды мақсат тұтқан нәубатқа саяси баға берiлуi солтүстiктегi көршiмiзге айып тағу емес, тарих алдындағы адалдық болар едi.
Бiзде ашаршылықта қырылған қандастарымыз жайында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiмен бiрге, елеусiз ғана айтылып жүр. Бұл жерде айқындап алатын мәселе, саяси қуғын-сүргiн құрбандары олар – өз заманының алдыңғы қатарлы бiлiм ордаларында оқыған, зиялы, көкiрегi ояу азаматтар. Халық жауы, ұлтшыл деп айыпталып, жер аударылған, ату жазасына кесiлген ақтаңдақтар. Ал ашаршылық құрбандары тоталитарлық жүйенiң аяусыз, асқан қатiгездiкпен жасаған реформасының құрбандары. Осы себептi өзектес болғанымен бұл екi жағдайдың ара-жiгi ажыратылып, әрқайсысы бөлек айтылғаны дұрыс. Голощекиннiң Дала өлкесiн басқарып тұрған кезiнде нәсiлшiлдiкпен жасалған аштық туралы кеңiрек айтылып, құрбандарды еске алатын аза күнi белгiленсе деген ұсыныс бар.
1992 жылдары ашаршылық құрбандарын еске алып, тағзым ететiн ескерткiш тұрғызу туралы бастама көтерiлгенiмен, ол жұмыс түрлi себептерге байланысты көп жылдар бойы орындалмай келдi. Тек жақында ғана Астана қаласы әкiмi И.Тасмағамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ашаршылық құрбандарына ескерткiш» монументi мүсiнiн сомдауға байланысты өткiзiлген республикалық байқаудан iрiктелген жобаларды ұсынған болатын. Елордамыз Астанада аштық құрбандарының рухына тағзым ететiн қастерлi орынның болуы бүгiнгi күн талабынан туып отыр. Өткен iс өттi, ендi оны өзгерте алмаймыз, дегенмен жазықсыз жазалы болып, ажал қармағына iлiнген бабалардың ұрпағы үшiн ескерткiштiң қажеттiлiгi зор. Жиынға жиналған жастардың пiкiрi мен ниетi осындай.

Торғын ТҰМАБАЕВА, Астана қаласы
Мемлекеттiк мұрағатының қызметкерi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button