Тағзым

АШАРШЫЛЫҚ АРАНЫ

image0067

Марқұм Қимаш Сыздықов Астананың абыройлы ақсақалдарының бірі еді. Кезінде Орал, Ақмола облыстарында басшылық қызметтерде болған. Ел алдындағы еңбегі ескеріліп, Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Көзі ашық, көкірегі ояу көшелі жан артында «Өмір жолына саяхат» атты мемуар жазып қалдырды. Біз бүгін сол кітаптың осы өңірде болған ашаршылық ақиқаттарын баяндайтын бір бөлімін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Әлі есімде, 1931 жылғы мамыр айының 4 күні болатын. Училищеде оқитын балалар арасында гу-гу қауесет тарай бастады. Айтатындары: жұрт ашығып жатқан көрінеді, аштан өліп жатқандар да бар екен, қазір де базарда үш адам құлап жатыр дейді. Біздің оқитын жеріміз бұрынғы казак-орыстар салғызған орыс мектебінде-тін. Ал базар осы мектептің тап қасында іргелес. Ол жерде қазір тұрғын үйлер бар. Жаңағының бәрін естіген біздер лап қойып, базарға жүгірдік. Мұнда сатылмайтын нәрсе жоқ. Тіпті, ішіне мұз салынып, салқындатылған су да сатылады.

Ентелей жүгіріп келсек, расында да, базардың қақ ортасында түрі сұп-сұр болып кеткен бір шал жатыр. Жүзінде қан-сөл жоқ, көзі жұмулы, екі езуінен ептеп аққан ақ көбік білінеді, демін әрең алып жатқаны байқалады. Қасындағы бөркіне өткен-кеткендер тиын-тебен тастауда. Мынаны көріп, зәрем кетті. Мектеп жақтан қағылған қоңыраудың шылдырын естіп, қайтадан кері жүгірдік.
Ертеңінде Әбіжік осы қалаға көшіп келіпті дегенді естідім (бұлайша Құдайберген қажының ең кіші ұлы Ғабдолланы атайды). Сұрастыра-сұрастыра таптым-ау, Қайбемді (ол кісіні балалар осылай атайын, ол сірә, Ғабдолладан шығарып алғандары болса керек.)
Орналасқан жерлері станцияның сыртында, темір жолдың арғы жақ бетіндегі жазық далада екен. Және орналасқандары да қызық: жерді тереңдігін бір метрдей етіп қазып, оның үстіне сырғауылдарды күркешедей тірестіріп орнатыпты. Олары енді киіз үйдің уықтары тәрізді. Тек төбесіндегі шаңырақтың орнына тесік қалдырып, оған терезе орнатыпты. Қалған жерлерін, сырғауылдардың арасын ешқандай сылақсыз, кәдімгі топырақпен жауыпты.
Мына баспаналарының іші де шағын бір бөлмедей ғана екен. Үйлерінде тамақтары да жоқ болып шықты. Дорбаға салған орта шелектей ғана бидайы бар екен, оны ең қымбаттылары ретінде әрірек тығып қойыпты. Мәмилә жеңгеміз соны алып шығып, бір шыны табақтайын құрғақтай қуырды да, сонымен шай іштік.
Ол кезде мен он төрт жаста болатынмын. Мына дүниеде болып жатқан жағдайды түгел саралап, байыптай алмасам да, әйтеуір, ағамның осында көшіп келгеніне қуанышты едім.
Біраз отырған соң, мен енді өзімнің жатағыма қайтпақ болдым. Баратын жерім бұл арадан сегіз шақырымдай. Кетерімде ағам «Енді Бақай да осында көшіп келеді» деді.
Олардың бәрінің мұнда ауылдарды жайлаған аштықтан қашып, көшіп келе жатқанын мен де жақсы білемін. Бірақ, не істеу керегін, қаладағы жағдайдың қалай болатынын санама салып, қорыта алмаймын. «Ауылда болсам, далаға кетіп, құстың жұмыртқасын жинап, жуа теріп, қымыздық әкеліп берер едім де, ал мұнда ше…» деп ойлаймын өзімше.

* * *

Осыдан бір-екі күн өткеннен кейін түскі астың кезегінде тұрғанымда, менің ыдысыма сиырдың бір бөлек шабындысы түсті. Еті мол, кәдімгі мойын омыртқа. Оны мен тез қағазға орап, қойныма тыға қойдым. Тарелкамдағы сұйық сорпаны нанымның жартысын қосып іштім де, қалғанын жаңағы «олжама» қосып алдым. Сөйттім де, станцияның сыртындағы Қайбемнің лашығына қарай тартып кеттім.
Қанша жүргенімді білмеймін, станция сыртындағы лашықтарға күн еңкейе жеттім. Ағамдардың лашығына кірсем, Қайбем үйіне жаңа ғана келіп, шаршаған сыңайда отыр екен. Мен жаңағы «сарқытымды» қолына ұстаттым. Орауды ашып қараған ол:
– Қимаш, мынаны қайдан алдың? – деді таңдана.
– Түскі тамақтың кезегінде тұрғанымда аспазшы әйелдің ожауынан менің тарелкама түсіп кетті, ол кісі қайтып алған жоқ, – дедім тәптіштей түсіндіріп.
– О, құдая, ризық қой бұл, көп жаса, Қимаш. «Өлмегенге – өлі балық» деген осы да, – деп, әйелі екеуі жаңағыны тең бөліп лезде жеп алды, тіпті, сүйегін де балта сияқты бірдеңемен уақтап шауып, кеміріп жатыр.
Бірде мен тағы да станция басындағы жа­тақ­тарға келдім. Қайбем мен Бақай сыртта бірдеңелерді күбірлей сөйлесіп отыр екен, не айтқандарын алғашында түсінбедім. Сөйтсем, анада мен лашық жасап жатқандарын сыртынан көрген Жүсіп деген көршілері кеше таңертеңгісін әйелі екеуі үйлерінен шықпаған күйі қайтыс болыпты. Көрші-қолаңдары жиналып барып, олардың аштан өлгендерін анықтапты.
Қолдарына күрек алған Қайбем мен Бақай маған «Қимаш, сен де жүр», – деді. Ердім. Жүсіптің үйінің алдына келіп тоқтадық. Үйді олай-былай айналшықтап жүрді де, Қайбем: «Осы арадан бастайық» деді. Күректерін лашықтың іргесіне тіреп, маған да «кел» деді. Үшеулеп итеріп қалғанымызда лашықтың жаңағы тұсты ішіне опырылып түсті. Одан кейін екеуі күректерімен қалған жерлерін ішке қарай құлата берді. Іштегі мәйіттер топырақпен басылып жабылды, жоғарыда самсаған кілең уық ағаштар ғана қалды. Қайбем оларды да бұзып-бұзып, ішке құлатып жіберді. Одан кейін айнала шашылып жатқан оны-мұныларды әкеліп үйіп, топырақпен жаңағы жерді төмпешіктедік. Бұл жұмыс біткен соң екеуі қабірдің аяқ жағынан малдас құрып отырып, құран оқуға кірісті, сол кезде үйден шыққан Мәмилә да Қайбемнің арт жағынан келіп, тізе бүкті. Олармен қатарласып мен де отырдым. Бекнияз құранын ұзақ оқып, бата қылды. Оның аузынан сөз арасында «шаһит болған» деген сөзді құлағым шалды. Осылайша он төрт жасымда алғаш рет аштан өлген адамды жерлеуге қатысқаным күні бүгінге дейін көз алдымда…

* * *

Анар станциясында жұмыс істеп жүрген мені өндіріс озаттарының Ақмолада өтетін слетіне жіберді. Қасымдағы төрт серігіммен мінген көлігіміз дрезина өте ыңғайлы дүние екен, кәдімгі жеңіл арба тәрізді. Поезд жоқ, жол бос кезінде рельске қондырып алып, зырылдатып отырамыз. Өзінің кішкентай моторы бар. Поезд келе жатса, жабыла көтеріп, жерге түсіре қоямыз. Осылай қалаға жеттік. Дрезинадан түсісімен, Қайбеңдердің ауылына қарай тарттым. Бұл арадан олар жақын жерде, әрі темір жол рельстері де екі-ақ қатар, бір-ақ ырғып өте шығасың. Барсам, ауыл орнында жоқ, тып-типыл. Адасып кеттім бе, деп жан-жағыма қараймын, жоқ, дұрыс, осы арада болатын. Үйлердің орны ғана қалыпты.
Қайбеңдердің үйінің жерошағы қасында сынған балтаның ұңғысы жататын, көзім соған түсті. Бәрін қайтадан есіме түсіріп тұрмын. Дұрыс, мен Қайбеңнің үйінің алдында тұрмын. Ал, мұның төбесі неге ортасына түсіп қалған? Басыма келген суық ойдан денем мұздай болып кетті. «Қалайша солай болды?» Бекнияздың үйінің орнын көрдім. Бәрі де сонау көктемде Жүсіптің үйін құлатып, жерлегеніміз тәрізді.
Денем мұздап, аяғымды зорға басып, станцияға қайтып келдім. Бірге келген балалар қаланың ортасындағы өзіміздің асханаға кетіпті. Сонда барайын деп тұрғанымда өзімізге қазақ тілінен сабақ беретін Алдоңғаров деген мұғалімімізді көрдім де, қасына келіп, сәлем бердім.
– Аға, ана арада жазғытұрым ауыл бар еді, олардың қайда кеткендерін білмейсіз бе? – деп сұрадым. Ол жауап берудің орнына: – Сен қайдан келіп тұрсың? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды.
– Анардан келдім. Біз сонда үй салып жатырмыз ғой.
– Е, әлгі жақсы монша салған сендер ме?
– Иә, біз салдық.
– Оларың жақсы болған екен. Тезірек жатақ­ханаға бар, кешігіп қаласың. Ал бұл жердегі ауылдың қайда кеткенін білмеймін. Қазір жұрт бір орында отырмай, көше береді ғой, – деп күмілжіген ол маған басқа ештеңе айтпай, көшеде жүрсе ылғи үстінен түспейтін велосипедіне мініп кетіп қалды.

* * *

Жиналыс болды. Директорымыз Пішенбаев баяндама жасады. Соңынан еңбек екпінділеріне сыйлықтар таратты. Маған бір пар аппақ көйлек-дамбал берді. Жақсысы жақсы, бірақ үлкендеу екен. Сонысын оны ағам Айыпқа беріп жіберейін деп, ауылдан келген адамдарды іздестіріп едім, ешкімді кездестіре алмадым. Ал, біздің ертең жұмыс орнымызға қайтуымыз керек.
Біздің ауылдың қасында, Сілеті өзенінің тура жағасында утас (известь) шахтасы бар-тын. Оны басқаратын біздің ауылдың тамыр орысы Павел деген кісі. Сол көлік жалдап, Ақмолаға утас таситын. Бір апарғанын 2-3 сомға сатады. Ал, ол ақшасы бір жылдың керосинін алуына жететін. Енді сол утас әкелгендер жоқ па екен деп оны түсіретін темір жол бойына келдім.
Жүгіре басып сол жерге жетсем, біздің ауылдың адамдары толып жүр. Араларында біздің Айып, Бердіғұл, Кәкібай, Орынбек, Молдабек бар. Менімен шүйіркелесе амандасып жатыр. Ауылдастарымның бәрінің де өңдері жұқа, тері мен сүйектері ғана қалған жүдеу, қимылдары да баяу. Өздері шай ішуге ыңғайланып жатыр екен. Өгіздері қастарында жайылып жүр. Қатарластыра қойған арбалары да ескі екен, сынықтары көрініп тұр. Осы арбалардың ортасындағы үш аяқты мосыға қап-қара шәйнек іліп, астына от жағып қойыпты.
Айып ортаға шекпенін жайып, үстіне бір уыс сықпа тастады. Бердіғұл мен Кәкібай қуырған бидай, Орынбек мен Молдабек ірімшік қойды. Бір ғажабы, мынадай қиын жағдайда да көңілдері жасымапты, бәрі де тұстас құрдастықтарын ұмытпай, әңгіме арасында бірін-бірі сөзбен қағытып отыр. Ауыл осы арадан 50 шақырым, өгізбен күніне 30-35 шақырымдай ғана жол жүре алады. Демек, ауылға ара қонып жетеді.
Мені де шайға шақырды. Нансаңыз, сол сүтсіз қара шай маған сонда дүниедегі ең тәтті тамақтай болып көрінді. Дәмі әлі күнге аузымда тұрғандай.
Апарған базарлығымды Айыпқа кигізіп қойғанмын. Оған бәрі разы болысып жатыр. Оны көріп Бердіғұл:
– Айыпты енді Шекер де (жеңгемізді айтады) танымай қалатын шығар, – деді қуақыланып.
Біраз жайланып отырған соң, «Ауыл аман ба?» – деп сұрадым.
– Жоқ, Қимаш, ауыл аман емес, – деді Орынбек. Мен үндемей қалдым. Сонан соң ол әңгімесін жалғап:
– Ауылда Бектуған шал аштан өлді. Оның кіші баласы осы қалада жол үстінде қаза тапты. Бекмағамбет шал, Сұлтан, Бәшира, тағы басқа біраз адамдар қайтыс болды. Қазір ауылдың үштен бірі жоқ, – деді.
– Қайбем ауылда ма? – деп сұрадым.
– Иә, ауылда. Оның Мәмилесі осы қалада қайтыс болған. Өзі ауылға зорға жетті.
– Ал, Бақай ағатай қайда? – деймін.
– Ол кісі осы станциядан ауылға қайта алмады. Шиап, Ырысжан, Қожан, Күләш, бәрі де сол өздері отырған жер қазба үйлерінің астында қалыпты. Құдай алдарынан жарылқасын, – дегенде Айыптың көзінен жас тамшылары ыршып-ыршып кетті. – Олардан аман қалған жалғыз Зиайден ғана. Оны Ғабдолла (Әбіжім) ауылға ертіп әкелді әйтеуір.
Ауылда Бекіш деген жуан қарын бай кісі болатын. Малын бәрін тартып алған соң, ешқандай еңбек ете алмай, ол да аштан өліпті. Бекмырза баласы Балкен мен әйелі Сара да солай дүние салыпты. Жұрттың көбі тамақ іздеп, басқа жақтарға көшіп кетіпті. Орындарынан қозғалмай қалған тек Шақабай, Әбілғазы тұқымдары мен Ыдырыс балалары ғана екен. Елді жайлай бастаған аштық біздің ауылды да осылай тұралатыпты.
Мен ауылдастарымды жолға шығарып салдым да, намаздыгер кезінде жатақханама қайттым. Олар арбалары сықырлап, бірінің соңынан бірі тізіле Қоянды сайын бетке ала кетіп бара жатты. Мен біразға дейін соңдарынан қарап тұрдым.
Міне, ағайын, кешегі 1929-32 жылдары қазақ халқын үлкен қырғынға ұшыратқан алапат аштық біздің ауылда да осылай тұралап кеткен еді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button