Басты ақпарат

Әшірбек әлемі

Бүгін көрнекті театр сыншысы, аудармашы, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшірбек Сығайдың туғанына 75 жыл толды. Осыған орай қазақ мәдениетінің, әсіресе, ұлттық театр өнерінің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан асыл азаматтың жарқын бейнесін еске алуды жөн көрдік.

[smartslider3 slider=1745]

Қазіргі Түркістан облысында туып, Кентау қаласынан қанат қаққан Әшірбек Төребайұлы Алматы консерваториясында (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) сахна саңлағы Хадиша Бөкееваның сыныбынан дәріс алып, актер мамандығын меңгеріп шықты. Осы оқу орнында ұстаздыққа қалдырылды. Ал өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасынан мәдениет саласында түрлі қызметтерді атқарды. Тәуел­сіздікті алар алдында Алматы театр және кино институтының (бүгінгі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) ректоры болды. Егемендіктің алғашқы жылдары Мәдениет министрінің бірінші орынбасары ретінде мәдениетіміздің дамуына үлкен үлес қосты.

Бірақ қай қызметте жүрсе де, қаламын қолынан тастаған жоқ. Оның айқын дәлеліндей «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Театр тағылымы», «Толғам», «Талдықорған театры», т.б. кітаптары. Білімін тереңдету мақсатында Мәскеудегі Луначарский атындағы театр және өнер институтының театртану бөлімінің аспирантурасын бітірді.

Кітаптарының ішінде «Сахна саңлақтары» атты еңбегіне ерекше тоқталайық. Бұл кітабы үшін театр сыншысына Мемлекеттік сыйлық берілді. Онда автор Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Серәлі (Серке) Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, т.б. қазақ театрының негізін қалаған тұлғалардан бастап ұлттық театр өнерінің алпыс жылдық тарихын қамтыды. Көрнекті режиссерлер мен актерлердің портреттік бейнесін жасады. Қазір де сахнадан түспей жүрген Сәбит Оразбаев, Гүлжан Әспетова, Төлеубек Аралбаев секілді әртістердің өнеріне үңілді.

Өмірінің соңғы жылдары елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры директорының кеңесшісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану кафедрасының профессоры болды.

Әшірбек Сығай театртану бағытында ғана емес, әдеби аударма саласында да еңбектенді. Соңында өзі аударған бірнеше пьеса қалды. Ол тәржімалаған орыс драматургі ­Валентин ­Ежовтың «Бұлбұлдар түні» спектаклі бертінге дейін Қаллеки театрында жүрді. Бұл қойылымды Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов сахналады. Аталмыш туынды бірнеше театр фестивалінде топ жарды. Атап айтқанда, Мәскеуде өткен XIII халықаралық «Золотой витязь» атты театр форумда бас жүлдеге ие болды. Ал лирикалық драмада кейіпкерлердің бейнесін сомдаған жас актерлер Әбілмансұр Серіков және Ақмарал Танабаева және Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов форумның дипломанттары атанды.

2014 жылдың 28 қарашасында өмірден озған Әшірбек ­Төребайұлы О.Иоселианидің «Арбаң аударылғанша», ­Ж.Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гольдонидің «Күлкілі оқиға», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей», т.б. шығармаларды да қазақшалады.

Әшірбай Сығайды жұрт көзінің тірісінде-ақ сын сардары атап кетті. Белгілі кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалила Омаров ол туралы осындай атаумен деректі фильм де түсірді. Бес жыл бұрын «Сын сардары» атты кітап та жарық көрді. Жинақты теа­тр сыншысының жары Күләш ­Дулатбекқызы құрастырды. Оған замандас ақын-жазушылардың, сыншылардың, аға буын өнер өкілдерінің, өнердегі іні-қарындастарының театр сыншысы туралы толғаныстары, мақалалары мен естеліктері, өлеңдері енгізілген.

Былтыр Қарағанды қаласында «Сын шын болсын» атты Әшірбек Сығай атындағы І республикалық театр фестивалі өтті. Оған еліміздегі 15 театр қатысты. Ұйымдастырушылар бұл байқауды тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.

Ал елордада өткен жылдың аяғында Әшірбек Сығайдың атына көше берілді. Есіл ауданындағы жобалық атауы Е609 көше театр сыншысының атын иеленді. Әшірбек Төребайұлы – Түркістан және Кентау қалаларының да Құрметті азаматы. Тұлға өмірден өткенімен, асыл бейнесін жұрттың жадында қалдыру үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр. Биыл да жалғасатынына сенгіміз келеді. Соңында талай ұрпаққа азық болар еңбектерімен қатар шәкірттері қалды. Әшірбек әлемін әспеттеу тоқтамасын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button