Мәдениет

Ашық аспан астында кітап оқиық

Қаламгерлер аллеясында өткен жалпықалалық сенбілік «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасының жаңа маусымының ашылуына ұласты. Екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқан жобаның ұйымдастырушылары – Байқоңыр ауданының әкімдігі, Нұр-Сұлтан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және Жазушылар одағының елордадағы филиалы.

[smartslider3 slider=2801]

Ағаш отырғызу рәсімі кітап мерекесімен жалғасты. Шараға Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев, Нұр-Сұлтан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның астаналық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы бастаған қаламгерлер, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қатысты.

Якутияның халық ақыны, осы елдің Жазушылар одағы басқармасының төрайымы Наталья Харлампьева, бұл елдің халық жазушысы Николай Лугинов, Саха елінің жас ақын-жазушылары маусымашар шараның құрметті қонақтары болды.

Николай Лугинов пен Наталья Харлампьеваның кітаптары Нұр-Сұлтан қаласы орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесінің қорына тапсырылды. Наталья Харлампьеваның 70 жылдық мерейтойына орай Якут елінің кітаптары бойынша «Әдебиет – ұлттар достығының алтын көпірі» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Шара барысында ақындар өлең оқып, елорданың Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының әртістері әннен шашу шашты.

Бір айта кетерлігі, елордада бес күн бойы дүрілдеген «Eurasian Book Fair-2022» V Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Николай Лугиновтың «Шыңғыс хан әмірімен» кітабының тұсаукесері өтті. Шығарманы қазақ тіліне аударған – жазушы, драматург, аудармашы Өтен Ахмет. Сондай-ақ ана тілімізге тәржамаланған «Саха поэзия­сының антологиясы» кітабы таныстырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button