Мәдениет

АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ «АИДА»

_DSC3225

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайы алаңында Джузеппе Вердидің «Аида» операсы ұсынылды. Елорда күніне орай ұйымдастырылған шара ашық аспан астында өтті.

Осы жөнінде бұрнағы күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев толығырақ мәлімет берді. «Бұл спектакльді біз Астана күніне арнап отырмыз. Ашық аспан астындағы қойылым – театрдағы ерекше жанр. Онда театралдық алаңның ауқымдылығы, сахнаның ерекше орналасуы, әртістердің кең құрамы, үлкен аудитория, сонымен қатар, арнаулы жарық пен бейнеаппаратура сияқты көптеген факторлар ескеріледі» деді ол.

Жобаға Қазақстанда жүріп бірнеше тамаша қойылымдар жазған, соның ішінде елордалық театрдың маңдайалды қойылымы – «Біржан-Сара» операсының авторы,  танымал ресейлік әртіс Юрий Александров жетекшілік етті. Оның айтуынша, қойылым барысында мысырлық ахуал ауаны толықтай беріліп, арнайы костюмдер мен декорациялар ұтымды қолданылды. Сондай-ақ, режиссер қарбаласы мол жұмыстың барлығы астаналық көрермендер үшін жасалғанын, ауқымы кең қойылымды ашық аспан астында ұйымдастыру оңайға түспегенін айтты.

Аталған спектакльде Радаместің партиясын орындау үшін арнайы Болгариядан тенор Камен Чанев шақырылды. Басты рөлде «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина ойнайды. Амнерис партиясын – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Амонасроны ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев сомдады. Ал, Арменияның халық әртісі Барсег Туманян аға абыз Рамфис болып шығады. Қойылымға солистер, хор, балет пен миманс әртістерін қосқанда үш жүздей адам қатысты. Ал дирижерлық тізгін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиновтың қолында болды.

Әсем саздың сарынында көрсетілген көркем көріністер, салтанатты шеру, би мен шиеленіскен қайшылықтарға толы драма ашық алаңда ойдағыдай өтіп, көрермен көңілінен шықты.

Күнайым СӘКЕН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button