Елорда тынысы

«Ашық микрофон» форматында кездесті

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Алматы ауданының тұрғындарымен кездесті. «Ашық микрофон» форматында өткен кездесуде әкімге сауал қойғысы келген барлық тұрғынға мүмкіндік берілді. Үш сағаттан аса уақытқа созылған жиында аудан тұрғындары әлеуметтік нысандар, инженерлік желілер, жолдар мен тротуарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, абаттандыру, жылы аялдамалар, бейнебақылау камераларын орнату, жаңа маршруттарды іске қосу, интернет, инфрақұрылым нысандары және т. б. мәселелерді көтерді.

«Мұндай жүздесулер тұрақты түрде өткізіледі. Оның ішінде қаланың өзге де аудандарының, елді мекендердің тұрғындарымен кездесеміз. Осы орайда негізгі мәселелерге тоқталып өтейін. Қалада сумен, жылумен, электрмен қосымша жабдықтау қажеттілігі бар. Келесі жылыту маусымы басталғанға дейін №3 жылу-­электр орталығын, екі газ жылу стансасының құрылысын аяқтауды тапсырдым. Бұл нысандар жылумен жабдықтау көлемін едәуір арттыруға, сол сияқты құрылысы жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл ауыз су стансасын (3-ССС) толық қуатымен іске қосуды жоспарлап отырмыз, бұл су беру мәселесін де шешеді. Дегенмен бірнеше жылдан кейін бұл да жеткіліксіз болады. Сол себепті қаланың бас жоспарының жобасына елорданың тіршілігін дұрыс қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар нысанның құрылысын енгіземіз» деді қала басшысы.

Кездесуде тұрғындар №15 қалалық емхана мен №13 мектеп («Промышленный» елді мекені) бойынша өзекті мәселелерді көтерді.

«Емхана бойынша биыл жобалау жұмысын бастаймыз, содан кейін құрылысына кірісеміз. Мектеп бойынша биыл жаңа ғимараттың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты көктем мезгілінің келуімен аудандарды абаттандыру, жолдар мен тротуарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу және тағы басқа бағыттар бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз. Кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу жұмыстарын қолға алдық, олардың орындалу барысы туралы тұрғындарды хабардар етеміз» деді Жеңіс Қасымбек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button