Ashyq: жаңа шектеулер қойылады

Елімізде 5 қаңтардан бастап қосымша іс-шаралар шеңберінде жекелеген объектілердің қызметіне енгізілетін жаңа шектеулер күшіне енеді. Қабылданған шаралар коронавирустың «Омикрон» түрінің таралу және жұғу жылдамдығын ескере отырып, оның алдын алуға негізделген. Бұл жаңа штамм қазірдің өзінде әлемнің 110 елінде табылды.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен жұмыс және демалыс күндері сауда және ойынсауық орталықтарына, сауда үйлеріне, сауда желілеріне (азық-түлік емес, сауда алаңы 6 мың шаршы метрден астам), сондай-ақ караокеге тек қауіпсіз «жасыл» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілердің кіруіне рұқсат етіледі. «Жасыл» мәртебелілер – вакциналау, сынама алынған сәттен бастап 7 күннен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР тесті, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы 3 ай ішінде ауырып сауыққан адамдар. Яғни, аталған нысандарға Ashyq қосымшасында мәртебесі «көк» түсті болып тұрған азаматтар кіре алмайды.