Елорда тынысы

Ашықтық пен тиімділік – жемқорлықпен күрестің негізі

Елдің өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуінің басты шарттарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу. «Жемқорлық – қоғамның тамырына балта шабады» демекші, бұл кеселдің тамырын тереңге жаймауы үшін оны алдын ала жүйелі түрде тоқтату – маңызды қадам. Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін ең қауіпті факторлардың бірі. Сондықтан оған қарсы күрес әлемнің барлық елдерінде басты назарда, ал мемлекеттік органдар үшін бұл – күн тәртібіндегі міндеттердің бірі.

«Сарыарқа» ауданының әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанып, ашықтық пен қолжетімділікке ерекше мән береді. Әкімдік қызметінің басты бағыты – аудан тұрғындарына сапалы әрі уақытылы мемлекеттік қызмет көрсету.

Халықтың мәселелерін есту, оларды шешу жолында әкімдік тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға аса көңіл бөледі. Аптасына екі рет жеке қабылдау өткізіп, әр азаматтың мұқтаждығына мән беріп отырамын. Мысалы, жыл басынан бері 65 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 530 сұрақ қаралды, оның 423-і өз шешімін тауып, қалғаны жоспарға енгізілді. Халықтың сұраныстары тек қабылдаулар арқылы ғана емес, біріңғай қызмет көрсету желілері арқылы да келіп түседі. Биыл түскен 2296 өтінімнің 96%-ы орындалды.

Сонымен қатар, аудан көлеміндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар құрылымдар арасында арнайы семинар-дәрістер ұйымдастырылып, түсіндірме материалдар таратылды. Бұл шаралар ауданның мемлекеттік мекемелерінде қызмет көрсету сапасын арттыруға және жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге, аудан әкімдігі тұрғындарға кез келген уақытта кәсіби заңгерлік көмек алуға мүмкіндік беріп отыр. Осы бағытта «Халық заңгері» атты жалпыреспубликалық акция аясында, заңгерлер, адвокаттар мен мемлекеттік орган өкілдері тұрғындардың құқықтық мәселелерін тыңдап, оларға білікті кеңестер мен заңдық көмек көрсетті. Бұл бастамалар халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді.

Ауданымыздағы ең жиі көтерілетін мәселелердің бірі – аулаларды абаттандыру. Бұл бағытта «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Жоба тұрғындарға аудан бюджетінің игерілуін бақылауға мүмкіндік береді және дауыс беру процестері толықтай ашық түрде жүзеге асырылады. Ағымдағы жылы 37 аулада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, ал қосымша 6 аулада жұмыстар жалғасуда. Оған қоса, 14 аулада толық абаттандыру жұмыстары жоспарға сай іске асып, қолданысқа берілді. Соңғы бес жылда 143 аула мен 34 қоғамдық кеңістік толықтай жаңартылып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасалды.

Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігінің барлық қаржылық есебі әр тоқсан сайын ресми сайтта жарияланып отырады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер арасында әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Біздің міндетіміз – ауданымызды сыбайлас жемқорлықтан таза, әділ және ашық қоғамға айналдыру. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз әділетті, ашық қоғам құру жолында табысқа жете аламыз. «Адал еңбек – абыройдың бастауы» демекші, әрбір азаматтың үлесі арқылы ғана біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жеңіске жете аламыз.

Бауыржан Ералы, Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button