Басты ақпаратЖаңалықтарҚоғам

ӘСКЕР – ӨМІР МЕКТЕБІ

7 мамыр дегенде ең әуелі қорғаушыларымыздың Отан алдындағы азаматтық борышы ойға келеді. Бі­реулер сарбаз қатарына сұранып қосылады. Темір­дей тәртіптен жалтарып қашатындар тағы бар. Жалпы, әскер заңына бағынып күн кешу оңай ма?! «Қиын емес» дейді қызметтегі өрендер.  Мереке  қарсаңында ҚР Ұлттық ұланға қарасты 6636 әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Сап түзе, Сарбаз!
Әскер сапындағы сарбаздың ұйқысы таңғы алтыда, кезек­шінің «Рота, оян!» деген ащы даусымен ашылатыны белгілі. Бұл сөзден кейін атып тұрмау мүмкін емес. Жауынгерлер аяғына шұлғауларын орап, керзі етіктерін киіп, бойды қыздырып, ширату үшін 40 минут дене­шы­нықтыру жаттығуларын жасауға сыртқа шығады. Келген соң, төсек жинап, беті-қолдарын жуады. Кезек-мезегімен казарманы тап-тұйнақтай етіп жинауға кіріседі. Сағат жетіде таңғы астарын ішіп ауқаттанады.
Біз жауынгерлердің бәрі бө­лімше алдында жиналғанда келдік. Күн кестесі 08:40-та сап түзеп, командирдің тексеруінен өтуден басталды. Командир Аян Есжанов қарамағындағы 6636 әскери бөлімімен амандасып, «Офицер мен сержанттар, белгіленген арақашықтықта алға қадам бас!» деп зор дауыс­пен пәрмен берді. Бұдан кейін оларға басқарма тобын, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилерді, 1-атқыштар ба­тальонын, штаб бас­тығы орын­басарының тех­никалық және материалдық қам­тамасыз ету жөніндегі ротасын, жеке құрамды, бүкіл әс­кери жасақтың оқу-жаттығуға дайындығын тексеруді бұйырды.
«Полкте келеңсіз оқиғалар мен қылмыстық жағдайлар орын алмады. Әскери тәртіпті қана­ғаттанарлық деп бағалай­мын. Жеке құрам алға қойыл­ған міндеттерді орындады. Жа­уын­герлік қызмет пен күн­де­лікті өмірде бұзақылыққа жол берілмеді» деп әскери бөлім командирі, полковник Аян Есжанов өткен аптаның жұмысын қорытындылады.

ERM_8197
1-атқыштар батальонының қарауыл бастығы, прапорщик Бақытжан Ахметовтың 1 мамырда туған күні болыпты. Туған күн иесін бас командир фронт алдында арнайы құттықтап, салтанатты түрде сыйлық табыстады. Сарбаз үшін ең қуанышты мереке – туған күн. Сондықтан әскери адамдар әр бөлімшедегі атаулы даталарды ұмытпай, ескеріп жүруге тиіс екенін қадап айтты. Әрі қарай патрульдік жасақта ерекше тәртібімен көзге түскен төрт сарбазды ортаға шығарып, көпшілікке үлгі етті. Олар бөлім аумағында бағалы металл, нақ­тырақ айтқанда, бәзбіреудің жоғалтып алған мерейтойлық 3 медалін тауып алып, бірден рота командиріне жеткізеді. «Міне, нағыз еліктеуге тұрарлық үлгі! Әке-шешеден алған мықты тәрбие осы! Отанды сүю, қалтқысыз қызметтің жарқын бастамасы!» деп әр сарбаздың ата-анасына, мектебіне, әскери комиссариаты мен аудандық ішкі істер бөліміне жазылған алғыс хат тапсырады. Үй-ішіне осындай сипаттағы алғыс хатпен баруға әр солдат ниеттіміз деп қолдарын жоғары көтерді. Бәрі бірауыздан «әскери қызметтің жақсы жағынан көрі­нуге талпынамыз» деп уәде берді.

Бір үйдің баласындай
Пернебек Бекасылдың әскерде жүргеніне 4 айдан асыпты.
3-ат­­­қыштар ротасының жауын­гері: «Үлкендердің аузынан әскердегі естеліктерді тыңдап өстім. Тезірек есейіп, сарбаз болсам деп құлшындым. Әскерге келіп мінезім өзгерді. Салмақ­тымын. Сен үшін кір жуып, киім үтіктеп беретін анаң алыста.
Ине-жіп ұстап, өз жыртығымды өзім тігетін болдым. Бас ке­зінде, әрине, қиналдым. Бірақ мұның бәрінен шыдамдылыққа тәрбиелендім» дейді.
Ал, Жамбыл облысының тумасы Қуат Өлке бір айдан кейін еліне оралады. «11 ай бұрын ойым, көзқарасым бала сияқты еді. Қазір алысқа қараймын. Ер жігітке керек барлық қабілетті бойыма сіңірдім. Астананың қысынан аман шықтық, аптап ыстығына да төздік» дейді мақ­танышпен. Солдаттарға сенбі-жексенбі күндері ұялы телефон­дары беріліп, ата-аналарына хабарласуға мүмкіндіктері болады. Сонда да олардың көбі үйлеріне, туған ауылына, сүйген қыздарына хат жазуды ұмытпайды екен. Жауапты сарыла күтіп, көз­дің қарашығындай сақтайтын көрінеді. «Ертең балаларымызға оқытамыз» дейді армандап.
Әскери бөлімше қызметімен таныстырып жүрген лейтенант Әсемгүл Мұхамедрахимова әрі қарай бізді акт залына ертіп апарды. «Солдаттарымыз бос уақытында шахмат ойнайды, сондай-ақ, өнерлерін ортаға салып өзімізге кішігірім концерттер қойып жатады. Қазақтың тілін қастерлеп, түрлі халық әндерін шырқайды, қазақ поэзиясын оқиды. Қазір міне, Отан қорғаушылар күніне мерекелік кеш дайындап жатыр» деді. Сахнада электр гитарасы, барабан, синтезатор, домбыра бар. Сарбаздардың кәсіби ансамбль дерсің! Ішіндегі елгезек ефрейтор Мейірхат Қалиев Ресейде хор дирижері мамандығын тәмамдаған соң, жарты жыл бұрын Қарағандыға келіп, әскер қатарына өзі сұраныпты. Енді осы жердегі өнерлі жігіттердің басын қосып, білгенін үйретіп жүр екен. «Бір үйдің балаларындай болып кеттік. Уақытымызды әрдайым қызықты өткіземіз. Әсіресе, 6636 әскери бөлімінің 55 жылдығына арнап үлкен концерт дайындағанымыз есімізден кетпейді. Сондай іс-шараларда түсірілген суреттерді шығарып береді, бұйыртса, үйге жан-жақты фотоға толған альбоммен қайтамыз» дейді ол қуанып.

ERM_8337
Тәртіп қатал, бірақ қатыгез емес
Әскер сапындағы сарбаздар атыс даярлығынан, қор­ғану жат­тығуларынан өтеді. Мем­лекеттік құқық сабағын оқиды. Сондай-ақ, «6636 әскери бө­лі­мінің ерекшелігі – солдаттар күнделікті түзеу мекемелерін күзету бойынша жауапты мін­деттерді атқаруға атсалысады. Сотталғандар мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты, қалалық сот және қылмыстық іс­тер жөніндегі мамандан­ды­рыл­ған ауданаралық сот, сондай-ақ, Ақмола гарнизонының әскери сотының процестеріне қатысу үшін қамауға алынған азаматтарды айдауылдау қызметін жүр­гізуге қатысады» дейді қарауыл бастығы Бақытжан Ахметов.
Жалпы, қай солдаттан сұра­масақ та, бәрінің жауабы: әс­керден қашу бекер. Жұрт шу­лаған «дедовщина» – ескі заманның қорқынышты әңгімесі ғана. Мың рет естігенше, бір көрген артық! Ал, ҚР Ұлттық ұланның 6636-әскери бөлім командирі Аян Есжанов «дедовщина» мәселесін жақсылап түсіндіріп берді:
– Балабақшада өзіңді итеріп жіберіп, ойыншығыңды тартып алған сотқар бала есіңде ме? Мектепте түгелдей «сыныпты ұстайтын атаманды» білуші ме едің? Жұмыста да қайсыбіреудің аға-көкесі, сенер тірегі деген бар емес пе? Журналистер ара­сындағы бәсеке ше? Өмірде сен біреуді ренжітесің, біреуге өзің өкпелейсің. Бірақ ешкім оны «дедовщина» деп атамайды. Себебі, «гражданкадағы» өмірге әр адам өзі жауап береді. Ал әскерде әкең де, шешең де қасыңда жүрмейді. Олар баласын біздің құзырымызға тапсырады. Өмір – сондай. Ал, әскерде тәртіп – қатал, бірақ қатыгез емес! Тәрбие мәселесіне келгенде солдаттарды аямаймыз, алайда, жәбірлемейміз де. Бозбалалар босбел­беу болмау керек. Оларды мықты тәрбиелеумен қатар, басты міндетіміз – әр сарбазға бас-көз болу!

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button