Басты ақпарат

Әскерге шақыру науқанында нендей өзгеріс?

Үстіміздегі жылдың бірінші наурызынан көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл еліміз бойынша, соның ішінде елордадан қанша азамат әскер қатарына алынбақ, оларға қойылатын талаптар қандай, әскерге шақыру ісінде түбегейлі өзгерістер бар ма деген сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұрат БЕРІКБОЛОВ жауап береді.

[smartslider3 slider=2292]

– Жылдағыдай әскерге шақыру науқаны екі кезеңнен тұрады. Көктемде: наурыз-маусым, ал күзде: қыркүйек-желтоқсан айларында өтеді. Жалпы еліміз бойынша биыл шамамен 34 мың азаматты әскерге шақыру жоспарланған. Көктемгі маусымда 17 мың бозбала сарбаз атанса, соның ішінде астанадан 800-дей азамат әскери борышын атқаруға аттанады.

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 18 бен 27 жас аралығындағы ер-азаматтардың барлығы әскерге шақырылуға жататыны белгілі. Кейінге қалдыру, оның ішінде денсау­лығына байланысты немесе босату үшін негіздер болмаған жағдайда, жастар мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады.

Әрбір нақты шақырылушыны шақыру туралы шешімді төрағасы қала немесе аудан әкімінің орынбасары болып табылатын шақыру комиссия­сының құрамы кеңесіп қабылдайды.

Әскерге шақырылушының әскерге шақыруға кедергі болатын себептердің бар-жоғы туралы уәждерін есепке алу туралы шешімді комиссия шығарады. Бұл ретте шақыру комиссиялары қабылдаған шешімдердің заңдылығын прокуратура органдары бақылауға алады.

Әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдерге жөнелту кезең-кезеңімен жоспарлы түрде төмендегідей ретпен жүргізіледі:

  1. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі;
  2. ҚР Мемлекеттік күзет қызметі;
  3. ҚР Қарулы күштері;
  4. ҚР Ұлттық ұланы.

– Алғашқы болып жасақ­талатын шекара қызметіндегі қызметтің басқа әскерлерден айырмашылығы неде?

– Біз үшін барлық әскер түрі маңызды. Артиллерияшылар мен байланысшылар, десантшылар мен теңізшілер, танкшілер мен мотоатқыштардың да атқаратын қызметі оңай емес. Дегенмен ең әуелі ел іргесін күзететін шекарашыларымызға ерекше көңіл бөлеміз.

Шекара қызметі әскери бөлімдерінің басым көпшілігі елді мекендерден тым шалғайда, бірі шөл мен шөлейтте, енді бірі биік таулы аймақта орналасқан. Сол себепті онда қызмет атқаратын сарбаздар төзімді, әскери өмірдің ауыртпалықтарына аса шыдамды болуы тиіс. Мұндағы тағы бір ерекшелік – шекара қызметінің әскери бөлімінде қызмет өткеруге іріктелген әскерге шақырылушылар ғана полиграфтан өтеді.

ӘҚБтК-нің 648-бабында медициналық куәландырудан немесе комиссияның нұсқауы бойынша тексеруден жалтарған әскерге шақырылушыларға ескерту немесе үш айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, заңды негіздер болмаған жағдайда мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтару бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына төрт жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бос­тандығынан айыруға жазаланады

– Әскерге шақырылушылар әскери қызметтің орнына әскери оқу орындарын таңдай ала ма? Бұл үшін не істеу керек?

– Иә, әрине. Әскери оқу орындарында оқитын жастар міндетті әскери қызметтен босатылады. Түсе алмаған жағдайда, олар жалпы негізде мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Әскери оқу орындарына түсу үшін әскери есепте тұрған жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына тиісті өтінішін жазған азамат жеке істі дайындау үшін қажетті құжаттарды жинайды, медициналық комиссиядан өтеді және ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

Осыдан кейін жас үміткер­лер қабылдау емтихандарына қатысу үшін әскери оқу орындарына келеді. Оқуға қабылданбаса, келесі әскерге шақыру науқанында мерзімді әскери қызметке шақырылады.

– Шетелдік тәжірибенің үлгісі негізінде Қазақстанда баламалы әскери қызмет түрі бар ма?

– Қазақстанда алтернативті, яғни балама әскери қызмет түрі қарастырылмаған. Бірақ денсаулығы шектеулі азаматтар, еліміздің «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес, 24 пен 27 жас аралығындағы әскерге шақырылушылар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектептері» (ӘТМ) республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалдарында әскери дайын­дықтан ақылы негізде өте алады. Сонымен бірге бұрын әскери борышын өтемеген 27 жастан асқан әскери міндеттілерге де әскери дайындықтан өтуге мүмкіндік береді. Оқу мерзімі – 40 күн, құны – 263318 теңге, оған үш мезгіл ыстық тамақ, киім-кешек, оқу процесіне жұмсалатын шығындар (оқу атыстарын өткізу және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету) және казармада тұру шығындары кіреді. Қазір білім беру құнын 305 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі қарастырылуда. ӘТМ түлектері әскерге шақырылмайды.

– Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің, жалпы күштік құрылымдардың қызметін түбегейлі қайта құруды тап­сырды. Бұл талап жедел әскери қызметке шақыру ісіне қалай әсер етпек?

– Оның іс жүзінде ешқандай әсері болмайды, өйткені әскери қызметтегі ең күрделі және жауапты міндеттер қару-жарақ пен техниканы кәсіби деңгейде меңгерген кәнігі, яғни келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жүктеледі.

Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер – өз ісінің шебері. Әскери техниканы күтіп-баптап пайдаланған соң оның істен шығуы да әлдеқайда аз. Жалпы кәсіби әскери қызметкерлердің Қарулы күштердегі санының басымдығы экономикалық тұрғыдан негізделген.

Сонымен қатар қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескерілуде, зерттелуде. Жарты жыл ғана қызмет еткен 18-20 жастағы жасөспірімнің жауынгерлік кәсібилігін, мысалы, 30 жастағы тәжірибелі келісімшарт бо­йынша сарбазбен, кәсіби маманмен қалай салыстыруға болады? Жауынгерлік жағдайда ең сенімді және ұтымды әрекет ететін кәсіби әскери қызметшілер екеніне соңғы қарулы қақтығыстар тәжірибесінен көз жеткізуге болады.

Ал жедел мерзімге шақырылғандар әскери қызметтің қарапайым дағдыларын меңгеруге үлгереді – олар жауынгерлік жағдайда әрекет етуді, оқ атуды, жауынгерлік машиналарды басқаруды үйренеді, физикалық және психикалық тұрғыдан шыңдалудан өтеді. Ал қызметтен босатылғаннан кейін олар әскери дайындықтан өткен маман ретінде резервте тұрады. Бірақ сонымен бірге олар мезгіл-мезгіл әскери жиындарға шақырылады, сол арқылы өздерінің даярлық деңгейін сақтайды және арттырып отырады. Сондықтан жедел әскери қызметке іріктеу талаптарын өзгерту мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.

– Әскерге шақырылушы әскери қызметтен жалтарған жағдайда қандай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған?

– ҚР Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексінің ­(ӘҚБтК) 647-бабында әскери есепте тұрған немесе болуға міндетті азаматтың жергілікті әскери органның шақыруы бойынша дәлелді себепсіз белгіленген мерзімде келмегені бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

ӘҚБтК-нің 648-бабында медициналық куәландырудан немесе комиссияның нұсқауы бойынша тексеруден жалтарған әскерге шақырылушыларға ескерту немесе үш айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, заңды негіздер болмаған жағдайда мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтару бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына төрт жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Өз-өзіне зиян келтіру, жалған ауру деп көрсету, құжаттарды қолдан жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған әскери қызметтен жалтару мән-жайды ауырлататындықтан, қатаңырақ жазаланады.

– Мәжіліс депутаттары әскери басқару органдары (әскери комиссариаттар) орналасқан ғимараттардың жай-күйін сынға алды. Бұл мәселе сіздерде қалай шешілуде?

– Рас, еліміз бойынша жергілікті әскери басқару органдарының әкімшілік ғимараттарының көпшілігі, дәлірек айтсақ, 73 пайызы өткен ғасырдың 60-80-жылдары бой көтерген және күрделі жөндеуді қажет етеді.

Ал бізге келетін болсақ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Жаңадан ашылған аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармаларына ғимараттар бөлу, оларды жөндеу және түрлі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.

Реті келгенде айта кетейін, 2021 жылғы мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарының, ҚР Қорғаныс министрлігі шығарған қорытындысына сәйкес, еліміз бойынша біздің астаналық департамент бірінші орынды иеленді. Бұл, әрине, қала әкімдігінің, ұжымымыз­дың, ардагерлік ұйымдардың осы саладағы белсенді жұмыс­ының, жастарға әскери-­патриоттық тәрбие берудегі орасан зор еңбегінің жемісі деп білемін.

– Жоғарғы Бас қолбасшы – Президенттің тікелей нұс­қауымен құрылған ҚР Арнайы операциялар күштерінің құрамында 2022 жылғы шақырылған жастар қызмет атқарады ма?

– Мұндай сұрақ болашақ сарбаздар мен олардың ата-аналарының тарапынан да туындауы мүмкін. Соны ескере отырып, биыл әскерге шақырылушылар Арнайы әскери операциялар күштерінің құрамында қызмет атқармайды деп баса айтқым келеді.

Арнайы операциялар күш­теріне іріктеу арнайы бөлімше­лер үшін белгіленген талаптар­ға сәйкес жүзеге асырылады. Олардың құрамы жауынгерлік дайындықтың тиісті бағдарламасын ойдағыдай меңгерген келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден тұрады.

Сұхбаттасқан Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button