Жаңалықтар

ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЖОЛДА ҚАЛҒАН 120 АДАМДЫ ҚҰТҚАРДЫ

598x401Қазақстан армиясының әскери қызметшілері Қарағанды облысының аумағындағы жолда қалып қойған 120 адамды құтқарды. 36352 әскери бөлімінің құтқару жасағы қарлы боранда кептелген автокөліктерді алып шығу үшін 4 сағат бойы жол тазалаумен айналысты, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. 

Ауа райының күрт бұзылуына байланысты Алматы-Екатеринбург трассасында Қарағанды қаласынан 47 шақырым қашықтықта Ақбастау кентінің маңында боранды күні 12 жүк көлігі, 10 жеңіл автокөлік, сондай ақ жүргіншілер мінген 2 автобус жолда қалған. Қар үйінділерінің биіктігі кей жерлерде 2 метрге дейін жеткен. Машиналарды эвакуациялау үшін Спассктегі оқу-жаттығу орталығының қолбасшылығы 2 автомобиль мен бір шынжыр табанды техника бөлді.

Операция табысты аяқталып, әскери қызметшілер жүргізушілердің Қарағанды қаласына дейін жетіп алуына көмектесті. Қар құшағынан құтқарылған адамдар құтқару жасағының басшысы майор Леонид Маклаковқа, сондай-ақ техникамен көмек қолын созған аға сержант Н.Тойбековке, сержант А.Землянушкин мен сержант Д.Кротовқа алғыстарын білдірді.

Қазіргі уақытта әскери қызметшілер әскери бөлімге қайта оралып, күнделікті жауынгерлік даярлыққа кірісіп кетті. Бірақ апаттық-құтқару тобы кез-келген уақытта жолда жаураған қазақстандықтарға көмекке келуге әзір.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button